Қостанайдағы қираған үйінді астынан 3 адамның денесі табылды
Қостанай қаласында бір қабатты ғимарат толығымен опырылып, 3 адам қаза тапты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Өрт аумағы – 5 шаршы метр. Соның салдарынан алдын ала есеп бойынша аумағы 280 шаршы метр бір қабатты ғимарат толық опырылған. Өрт 13:25-те оқшауланып, 13:52-де сөндірілді, - делінген облыс әкімдігінің ақпаратында.
Өрт сөндіру және іздестіру-құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар қызметінің 263 қызметкері мен 61 техника және еріктілер жұмылдырылды.
Іздестіру-құтқару жұмыстары нәтижесінде 12 адам құтқарылды. Бір күн бұрын үш адам құтқарылғанымен, қалған үшеуін құтқару мүмкін болмады.
Төрт адам облыстық ауруханаға жатқызылды. Қалалық ауруханада алты адам жатыр. Бір адам медициналық көмекке өз бетінше жүгінсе, біреуі ауруханаға жатудан бас тартқан. Зардап шеккендердің барлығы қажетті медициналық қызметпен қамтамасыз етілді, - делінген ақпаратта.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғадан 7 жеңіл көлік пен 5 ауыр жүк көлігі, сондай-ақ жақын маңдағы 12 жеке ғимарат зардап шеккен.
Қостанай қалалық полиция басқармасы ҚР ҚК 292-бабы 3-бөлігі, «Абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеліп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.