Қостанайдағы «форсаж»: полиция қауіпті жүргізушіні ұстады
Қостанай облысында полиция қауіпті мас жүргізушіні ұстады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Polisia.kz мәліметінше, Сарыкөл ауданында 36 жастағы тұрғын жүргізуші куәлігінен айырылып, патрульдік полицияның «тоқта» деген талабын елемей, ізін суытпақ болды.
Жүргізушінің алдыңғы дөңгелегі жарылғанына қарамастан, ол өзге жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндіріп, қашуын жалғастырды. Полицейлер мұндай өрескел жол қозғалысы ережелерін бұзуды тоқтатып, құрбандар мен ауыр зардаптарға жол бермеді. Соған қарамастан, ұсталған кезде құқық бұзушы соқтығысу арқылы өзінің көлігіне және полиция қызметкерлерінің қызметтік көлігіне зақым келтірді. Құжаттарды тексеру кезінде жүргізушіден алкогольдің иісі шықты. Мас күйде көлік жүргізу фактісі бойынша полиция оны көлік басқару құқығынан айырып, қылмыстық іс қозғады, - делінген мәліметте.
Бұл үшін оған 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру және өмір бойы жүргізуші куәлігінен айыру қаупі төніп тұр. Сонымен қатар полицияның көлікті тоқтату туралы заңды талаптарын елемегені үшін сот оған 15 тәулік қамауға алуды тағайындады. Ер адам арнайы қабылдау орнына орналастырылды. Көлік айыппұл тұрағына жіберілді.
Жыл басынан бері мас күйінде көлік жүргізгені үшін 1100-ден астам жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жүргізуші куәлігінен айырылған тағы 66 мас жүргізуші қылмыстық жазаға тартылды.