Жаңалықтар

Қостанайда пара алған өрт сөндіру саласының мамандары сотталды

Қостанайда пара алған өрт сөндіру саласының мамандары сотталды
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 27.08.2023 18:23 865
Қостанайда Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айыпталған 15 өрт сөндірушіге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
 
Төтенше жағдай саласының мамандары алаяқтық жасау, пара алу, пара беруге итермелеу, лауазымды адамға пара беру және парақорлыққа делдал жасау баптары бойынша жауапқа тартылып отыр. Олар тергеу материалдарына сәйкес, 2022 жылы Науырзым, Амангелді, Ұзынкөл мен Әулиекөл аудандары бойынша өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері өрт сөндіру бастығының орынбасарына жүгініп, мерзімді аттестаттаудан өтуге, сыныптық біліктілік беруге және азаматтық қорғау органдарына құқық қорғау қызметіне түсуге жәрдемдесуді сұраған көрінеді
 
Ол өз кезегінде облыстық департаменттің жеке құрамы бойынша инспекцияның бас маманына хабарласқанымен, бас маман қызметтік жағдайын пайдалана отырып, өз көмегі үшін 30 000-нан 150 000 теңгеге дейінгі мөлшерде ақшалай сыйақы талап еткен екен. Бөлім басышының орынбасары барлық ақшасы оның банктегі есепшотына аударып отырған.
 
Сот отырысында прокурор алты адамды 2 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыруды, ал қалғандарына 600 мыңнан 7 млн. теңгеге дейін айыппұл салуды ұсынды. Сот әрбір адамның жеке басы мен рөлін, жасалған іс-әрекеттің сипаты мен барлық мән-жайды ескеріп, пара жинаған бас маманды 5 жылға бас бостандығынан айыруға жаза кесті. 
 
Оған қоса, ол "Азаматтық қорғау подполковнигі" арнайы атағынан айырылады. Пара жинаған бөлім басшысының орынбасарының бас бостандығы 2 жылға шектелді. Қалған өрт сөндірушілер 600 мың теңгеден 3,6 млн. теңгеге дейін айыппұл төлеуге міндеттелді. Әзірге сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға