Жаңалықтар

Қостанай жылқыларының бәйгесі мәресіне жетті

Қостанай жылқыларының бәйгесі мәресіне жетті
Фото: Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы 27.05.2024 17:15 790

Қостанай жылқылары арасында өткен биылғы алғашқы ауқымды республикалық бәйге мәресіне жетті. Қостанай облысының Заречное ауылындағы өткен бәйгенің жалпы жүлде қоры 19 000 000 теңгені құрады. Жарыс 5 қашықтық бойынша өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сонымен, алғашқы 1 000 метр қашықтықтағы Ұшқыр бәйге – «Қостанай облысы әкімдігі» жүлдесі бойынша 1-орынды Тактика атты тұлпар жеңіп алды. Шабандозы – Мария Кариева, бапкері – Берік Әміров, ат иесі – «Қазақ тұлпары» Қостанай жылқы зауыты.

1 800 метрлік Ұшқыр бәйге – Sport Qory жүлдесі бойынша 1-орынды Самғау деген сәйгүлік жеңіп алды. Шабандозы – Сабыржан Байқұрман, бапкері – Алмас Құлтасов, ат иесі Қабдылқалым Құлтасов (Ақмола облысы).

2000 метр қашықтықтағы Ұшқыр бәйге – «Ұлттық спорт қауымдастығының» жүлдесі бойынша 1-орын Барбара атты сәйгүлікке бұйырды. Шабандозы – Сабыржан Байқұрман, бапкері  – Алмас Құлтасов, ат иесі – Нұриден Садбеков.

Ал 5000 метрлік Құнан бәйгеде Сарма атты сәйгүлік бірінші келді. Бәйгенің бұл түріне «Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің» жүлдесі берілді. Сарманың шабандозы – Темірлан Застежко, бапкері – Виталий Пугачев, ат иесі – Данияр Елемесов (Қостанай облысы).

18 000 метрлік Аламан бәйге – «Самұрық Қазына» жүлдесі бойынша Тайфун деген тұлпар алдына қара салмады. Шабандозы Жанболат Мінәсіп, бапкері – Бекболат Серікбеков, ат иесі – Жандос Рзықбаев (Қарағанды облысы).

Еске сала кетейік, Қостанай жылқыларының бәйгесі 2022 жылдан бастап үшінші жыл қатарынан өткізіліп келеді. 2022 жылы бұл бәйгеге 40-қа жуық сәйгүлік қатысса, биыл 50-ге жуық жылқы шапты. Жыл соңына дейін Қостанай жылқылары арасында жарыстың тағы 4 кезеңі өтеді.

Былтыр ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының қолдауымен Сенат депутаттары Қостанай жылқы тұқымын сақтау және өсімін көбейту туралы заң қабылдау бастамасын көтерген еді. Заңды ҚР Парламенті Мәжілісі мақұлдады. Қостанай жылқысы – ұлттық ат спорты түрлерін дамыту үшін кеңінен қолданылатын жалғыз спорттық бағыттағы қазақтың асыл тұқымды жылқысы, - деді ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы вице-президенті Тастанбек Есентаев.

Ат жарысы ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының, ҚР Туризм және спорт министрлігінің, Қостанай облысы әкімдігінің, Бәйге республикалық федерациясының және Qazaq Jockey Club қолдауымен өтті. Іс-шараның бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктесі  – Sport Qory спортты қолдау қоры.

Еске сала кетейік, Республикалық бәйге федерациясы Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт қауымдастығының құрамына кіреді.  Қауымдастық құрамында бұдан өзге көкпар, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату, садақ ату, құсбегілік, асық ату, «JORYQ» ат спорты және т.б. федерациялар бар. ҚР Ұлттық спорт қауымдастығын белгілі кәсіпкер, меценат, «Altyn Qyran Foundation» Қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Исламбек Салжанов басқарады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға