Жаңалықтар

Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үйлеріне оралуда

Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үйлеріне оралуда
Фото: Қостанай облысының әкімдігі 09.04.2024 03:28 698

Қостанай облысының оңтүстігінде су тасқынынан зардап шеккен ауыл тұрғындары үйлеріне оралып жатыр, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Жангелді ауданындағы үш ауылдың (Тауш, Көлқамыс, Аралбай) тұрғындары эвакуациялау пункттерінен тікұшақпен үйлеріне жеткізілді. Тентексай ауылының тағы төрт отбасы қазір Жаркөл ауылында. Жергілікті билік оларға баспана беріп, барлық қажетті заттармен қамтамасыз еткен.

Торғай ауылындағы эвакуациялық пункттердегі барлығы 600-ден астам адам ауылдарына оралып, эвакуациялық орталықтар жабылды. Жергілікті билік аталған ауыл тұрғындарына тікұшақпен азық-түлік, киім-кешек сияқты қажетті заттарды жеткізіп берді. Бұл көмек көлік қатынасы қалпына келгенше ауылдарға тұрақты түрде жеткізілетін болады.

Сондай-ақ, облыста залалды бағалау комиссиясы жұмыс істейді. Жангелді ауданы бойынша бүгінгі күні келтірілген зиянды өтеу туралы 58 өтініш келіп түскен. Бұған қоса, 50 АЕК көлемінде әлеуметтік өтемақы төленді. 8 сәуірдегі жағдай бойынша 32 зардап шегушіге 5,9 млн теңге әлеуметтік көмек берілді. Комиссияның жұмысы жалғасуда.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға