Жаңалықтар

Қостанай облысында 10 мың тонна ірімшік өнімін өндіретін зауыт ашылады

Қостанай облысында 10 мың тонна ірімшік өнімін өндіретін зауыт ашылады
Фото: ҚР АШМ 10.12.2024 17:19 309

Қостанай облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту жөніндегі Кешенді жоспар аясында нақты шаралар қабылдануда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Биыл «Аруана-2010» ЖШС жылына 90 мың тонна ұн өндіретін жаңа диірмен кешенін іске қосты. Жыл соңына дейін жылына 10 мың тонна ірімшік өнімін өндіретін зауыт пайдалануға беріледі. Бұл жобаға «МИЛХ» ЖШС 7,2 млрд теңге инвестиция жұмсады.

АШМ мәліметінше, аймақта бұл бағыттағы жұмысты күшейту жоспарланып отыр: 2026 жылы «AC Agro» ЖШС жылына 100 мың тонна бұршақ дақылдарын қайта өңдейтін зауытты іске қосуды жоспарлауда. Жобаның құны – 24 млрд теңге.

Сонымен қатар «Баян Сұлу» АҚ «Кондитерлік астана» өндірістік кешенін салуды жоспарлап отыр. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 13 мың тоннадан асады.

2027 жылға қарай «Qostanai Grain Industry» ЖШС астықты терең өңдеу жобасын іске асырады. Жылына 415 мың тонна астықты қайта өңдеу арқылы глютен, крахмал, амин қышқылдары, биоэтанол және басқа да өнімдер өндіру қолға алынады. Жобаға 70 млрд теңге инвестиция салынады.

Жалпы, 2027 жылға дейін Қостанай облысында аграрлық сектордың барлық саласында 96 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Оның ішінде, мал шаруашылығында – 32, өсімдік шаруашылығында – 47, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуде – 17 жоба бар. Жалпы инвестиция көлемі 232 млрд теңгені құрайды. 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға