Қостанай мен Жетісу облыстарында тағы екі жайлы мектеп ашылды
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Қостанай облысының Заречный кентінде және Жетісу облысының Жаркент қаласында тағы екі білім беру ұйымы пайдалануға берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мектептер 900 және 1200 оқушы орындарына арналған. Мұнда 100-ден астам оқу кабинеті, оның ішінде зертханалары бар физика, химия, биология кабинеттері, робототехника және STEM зертханалары бойынша сыныптар, сондай-ақ 3 спорт залы бар.
Білім беру нысандарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін де барлық жағдай жасалған: пандустар, тұтқалар, көру қабілеті төмен жандарға арналған ескерту жүйелері, таблолар мен бағдарлар орнатылған, - делінген мәліметте.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы оқу жылының басынан елімізде 82 мыңға жуық оқушы орынына арналған 30 жайлы мектеп ашылды. Оның ішінде 9 мектеп Астанада, 6 мектеп Ақмола, 3 мектеп Алматы облыстарында және екі мектептен – Атырау және Жамбыл облыстарында, бір мектептен – Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Қостанай және Жетісу облыстарында, сондай-ақ 1 мектеп Алматы, 2 мектеп Шымкент қалаларында ашылды.
2025 жылдың соңына дейін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қазіргі заманғы форматтағы 217 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр.