Жаңалықтар

Қосшы қаласында үш ауысымды мектеп мәселесі шешілді

Қосшы қаласында үш ауысымды мектеп мәселесі шешілді
Фото: ©El.kz/Арман МҰХАТОВ 01.09.2023 13:14 1108

Бірінші қыркүйек – білім күні. Мектептерде алғашқы қоңырау соғылып, дәстүрлі шаралар өтуде. Бүгін Қосшы қаласының тұрғындары мен оқушылары үшін де ерекше күн. Себебі – қалада үш ауысымдық білім беру  толықтай жойылып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Астананың іргесіндегі Лесная поляна ықшамауданы, №61 мекенжайында орналасқан Қосшы қаласының мектеп-гимназиясының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Ата-аналарды, оқушылар мен ұстаздар қауымын білім күнімен құттықтады.

Биылдың өзінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 200-ден аса мектептің құрылысы басталып жатыр. Бұл келесі жылғы қалған апатты мектептер мен үш ауысымды мектептердің мәселесін шешуге бағытталады. Бүгінгі күні үш ауысымды және апатты мектептердің жалпы саны – 200. Оның ішінде апатты жағдайдағы мектептердің саны отыздың үстінде. Қазір 12 апаттық мектеп мәселесі шешіліп отыр. Біршама мектептердің мәселесі әлі шешлу үстінде. Бірақ бұл биыл түгелдей шешіледі деген дүние емес. Осылай жыл сайын сол бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар 25-26 жылға дейін осы мәселе түбегейлі шешіледі деп күтілуде, - деді Ғани Бейсембаев.  

Министрдің мәліметінше, бүгін Астанада 11 жаңа мектептің тұсауы кесілмек. 

2024 жылы Абай Құнанбаев көшесінде жобалық қуаты 1200 орындық мектепті іске қосу жоспарлануда, сонымен қатар 2024 жылы Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылында  «Жайлы мектеп»  бағдарламасы бойынша 3 бірдей білім ошағаның іргетасы қаланып басталады. Бұл мектептерді 2025 жылы  пайдалануға беру жоспарлануда.

Биыл жылдың аяғына дейін 154 мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде. Оның 34-і бүгін, бірінші қыркүйекте есігін айқара ашып, 55 мың бала жаңа мектепте білімін жалғастырмақшы. Біз барлық мектепті осындай заманауи үлгіде ұсынуды жоспарлап отырмыз. «Жайлы мектеп» жобасының өзі осыған бағытталып отыр. Бұл жердегі көңілді көншітетін дүние біздің іскер, мемлекетшіл азаматтардың мемлекеттік қолдаумен қатар мектепті өз қаржыларына соғып мемлекетке табыстауы – үш ауысымды мектептердің тезірек жойылуына үлкен үлес қосып отыр, - дейді ол.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға