Жаңалықтар

Қорғаныс министрлігінің жоғары оқу орны курсанттары әскери ант қабылдады

Қорғаныс министрлігінің жоғары оқу орны курсанттары әскери ант қабылдады
Фото: ҚМ баспасөз қызметі 30.08.2023 15:53 1069

Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында бірінші курс курсанттары Отанына адал болуға ант берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап. 

Курсанттарды Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бастығы полковник Қайрат Даутов құттықтады. Ол Қазақстан халқына, оның заңды сайланған Президенті мен Конституцияға адал болуға салтанатты ант беру арқылы Отан қорғаушы атағын мақтанышпен алып жүретініне сенім білдірді.

Биыл әскери институтқа 187 курсант оқуға түсіп отыр. Оның ішінде жауынгерлік даярлық пәндерінен үздік нәтиже көрсеткен 5 әскери қызметші "Срочники 2.0" бағдарламасы бойынша қабылданғанын айта кету керек.

Саналы түрде өз тағдырын әскери мамандықпен байланыстырған жастар алғашқы күннен әскери өнерді мұқият игеруге ұмтылуда.

Радиотехникалық әскерлер факультетінде оқып, сұранысқа ие мамандық аламын деп білемін. Әскери ант беру Отанға қызмет етудің қасиетті міндеті бекітілген Конституция күнін мерекелеумен тұспа-тұс келді, - деді Қарағанды қаласынан келген курсант Елдар Сағымбек.

Әскери институт әскерлерде және педагогикалық қызметте үлкен тәжірибесі бар профессорлық-оқытушылар құрамымен жасақталған. Оқу аудиториялары мен зертханалары радиотехникалық стендтермен, компьютерлік техникамен, тренажерлармен және тренажер кешендерімен жабдықталған. ЖОО-да мәдени-демалыс және спорттық-бұқаралық жұмыстарды жүргізу үшін тамаша жағдайлар жасалған.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға