Жаңалықтар

Қорғаныс министрлігінде әскери қауіпсіздік пен қорғаныстың өзекті мәселелері бойынша сабақтар өткізілді

Қорғаныс министрлігінде әскери қауіпсіздік пен қорғаныстың өзекті мәселелері бойынша сабақтар өткізілді
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі 04.11.2023 17:53 828

Қорғаныс министрлігінде әскери қауіпсіздік пен қорғаныстың өзекті мәселелері жөнінде сабақтар курсы басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Аталған сабақтар орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен ҚР Парламентінің депутаттары үшін ұйымдастырылды.

Әлемдегі әскери-саяси ахуалдың өсу тенденциялары мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жіті назарға алуды қажет етеді. "Батыл тойтарыс-2023" стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуының нәтижелеріне қарай Мемлекет басшысы еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту жайлы міндеттер қойып, Қазақстан кез келген сын-тегеуріндерге дайын болуы тиіс екенін атап өткен болатын, - деді курстың ашылуында Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов.

Аталған дәрістер курсы ұлттық қауіпсіздік, қорғанысты жоспарлау, экономикалық қамтамасыз ету, жұмылдыру, ел аумағын жедел жабдықтау, аумақтық және азаматтық қорғаныс, ақпараттық қауіпсіздік, сонымен қатар Қарулы Күштерді қолдану негіздері төңірегінде өткізілетін болады.

Бірінші сабақта қатысушыларға әлемдегі және аймақтағы әскери-саяси ахуал, оның артуының қазіргі тенденциялары мен болжамдары туралы дәріс оқылды.

Жалпы дәрістердегі таныстыру курсы мемлекеттік органдардың қауіп-қатерлердің өсуі жағдайында, соғыс жағдайында да, жұмыс істеу мәселелерін, сондай-ақ әскери жоспарлау жүйесінің негіздерін толық түсінуге бағытталған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға