Жаңалықтар

Қорғаныс министрі Сәт Тоқпақбаевтың Қарулы күштер мен ел алдындағы еңбегін атап өтті

Қорғаныс министрі Сәт Тоқпақбаевтың Қарулы күштер мен ел алдындағы еңбегін атап өтті
Фото: Қорғаныс министрлігі 17.09.2024 00:15 469

Қорғаныс министрлігінде генерал-полковник Сәт Тоқпақбаевқа құрмет көрсетілді. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ол 85 жасқа толады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Біз сізді мерейтойыңызбен ғана емес, еліміздің жоғары мемлекеттік наградасы – Халық қаһарманы атағымен, сондай-ақ айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз және «Отан» ордендерімен марапатталуыңызбен құттықтаймыз. Сіз қорғаныс министрі қызметінде болған тұста Қарулы күштердің дамуына баға жетпес үлес қостыңыз, – деп атап өтті қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов.

Сол жылдары жаңа Әскери доктрина қабылданды. Әскери округтер реформаланып, бүгінгі Десанттық-шабуылдау әскерлерінің негізі саналатын Ұтқыр күштер құрылды.

2000 жылғы қыркүйек айында Қапшағайдағы әскери базада тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет «Ортазбат-2000» ауқымды халықаралық әскери оқу-жаттығуы өтті. Оған Әзербайжан, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, АҚШ, Түркия және Өзбекстанның десанттық роталары қатысты.

Бүгінде Сәт Тоқпақбаевтың тәлімін алған ізбасарлары аз емес. Олардың арасында әртүрлі дәрежедегі басшылар да жетіп артылады. Сәт Бесімбайұлының бай тәжірибесі Парламент Мәжілісінің депутаты болған кезеңде де үлкен сұранысқа ие болды. Бұл салада ол Қарулы күштерді нығайту мен мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңдардың қабылдануына зор ықпал етті.

Еліміздің Қарулы күштеріне сіңірген еңбегіне құрмет ретінде Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов ақсақалдың иығына шапан жапты.

Сіздерге алғысым шексіз, – деді өз сөзінде генерал-полковник С. Тоқпақбаев. – Баршаңызға ашық аспан, ел игілігі жолындағы қызметтеріңізге табыс тілеймін. Ең бастысы – әрдайым антқа адал болыңыздар. Армия – тәуелсіздіктің тірегі. Сіздердің әрқайсыңыз халқымыз бен мемлекетімізге лайықты қызмет ете білсеңіздер, ешкім де біздің егемендігімізге ешқашан қол сұға алмайды.

Айта кетейік, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаевты ұлықтау шаралары Қарулы күштердің барлық құрамаларында, әскери бөлімдерінде, әскери-оқу орындарында өтті. Оның өмір жолы туралы дәрістер, тақырыптық кештер, шахмат, волейбол, үстел теннисі және басқа да спорт түрлерінен чемпионаттар өткізілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға