Жаңалықтар

Қорғаныс министрі армиядағы жағымсыз жайттардың алдын алу жөнінде есеп берді

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті
Қорғаныс министрі армиядағы жағымсыз жайттардың алдын алу жөнінде есеп берді
Фото: Ақорда 11.01.2023 17:47 1152

Мемлекет басшысы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Президентке – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысына Қорғаныс министрлігінің былтыр атқарған қызметінің нәтижелері туралы есеп беріліп, осы жылға арналған жоспары таныстырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа әскери дайындықтың жай-күйі, Қазақстан армиясының құрамы мен құрылымын жетілдіру, жүргізілген жедел және жауынгерлік әзірлік шаралары жөнінде ақпарат берілді.

Генерал-полковник Руслан Жақсылықов былтыр Арнайы операциялар күштері құрылғанын, десанттық-шабуылдау әскерінің әлеуеті артып келе жатқанын жеткізді. Сондай-ақ қазіргі сын-қатерлер мен қауіптерге байланысты әскердің жауынгерлік әзірлік бағдарламасы қайта қаралды.

Мемлекет басшысына армиядағы жағымсыз жайттардың алдын алу, жастардың әскери борышын орындауға деген құлшынысын арттыру, сондай-ақ әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін жетілдіру жөнінде қорғаныс ведомствосының қабылдап жатқан шаралары туралы мәлімет берілді.

Қорғаныс министрі армиядағы жағымсыз жайттардың алдын алу жөнінде есеп берді



Қорғаныс министрі Қарулы Күштерді заманауи техникамен және қару-жарақпен жабдықтау, аумақтық қорғаныс әскерін дамыту, әскери инфрақұрылымды жетілдіру және бітімгерлік мүмкіндіктерін кеңейту жөнінде баяндады. Сондай-ақ пайдаланылмайтын әскери мүлік пен қару-жарақты жою шаралары туралы есеп берді.

Бұдан бөлек, Жоғарғы Бас қолбасшыға жауынгерлік әзірлікті шыңдау, кең ауқымды, соның ішінде халықаралық деңгейдегі әскери оқу-жаттығу жиындарын өткізуге қатысты биылға жоспарланған іс-шаралар туралы баяндалды.

Кездесу соңында Президент әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау, әскери ортадағы моральдық-психологиялық ахуалды жақсарту маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ министрлікке еліміздің қорғаныс қабілетін одан әрі арттыру, мерзімді әскери қызметке шақырудың көктемгі науқанын сапалы ұйымдастыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға