Коллаж El.kz

Қор ашу оңай, бақылау қиын: Заңгер жалған қайырымдылық қорларын сынға алды

Соңғы жылдары Қазақстанда қайырымдылық атымен ақша жинап, артынан қомақты қаржыны жымқырып кеткен жағдайлар жиілеп барады. «Ауыр науқас балаға көмектесеміз», «жалғызбасты анаға үй алып береміз», «мұқтажға жәрдем береміз» деп халықтан ақша жинағанымен, шын мәнінде қаржыны жеке бас пайдасына жаратқан адамдардың ісі қоғамда үлкен резонанс туғызды.

Күні кеше ғана көпшілікке танылған өзін «Қазақтың Робин Гуды» деп атайтын, «Елге көмек» қайырымдылық қорының жетекшісі Ілияс Сариев пен MM Travel турфирмасының басшысы Ақтоты Дүйсеева алаяқтық жасағаны үшін сотталды. Оған дейін дәл осындай жолмен танылып, одан кейін алаяқтық дерегімен жазаға тартылған Перизат Қайрат сияқты тағы басқа мысалдар бар.

Бұл оқиғалардың артында қандай олқылықтар жатыр? Қор ашу неге оңай, ал бақылау неге әлсіз? Осы сұрақтарға жауап алу үшін біз заңгер Нұрсұлтан Орынбектің пікірін білдік.

2025 жылы бұл салада ірі қылмыстар әшкереленіп, мұқтаждарға көмек ретінде жиналған 4,8 млрд теңгеден астам қаражат жымқырылғаны анықталды. Бұл – тек статистика емес, жүздеген отбасының үмітін үзіп, сенімін жоғалтқан оқиғалар.

Әділет министрлігінің ақпаратына сүйенсек, Ұлттық реестрдің 2024 жылдың желтоқсанындағы деректеріне сәйкес, Қазақстанда барлығы 7219 қор тіркелген. Оның ішінде 5542-сі – қоғамдық, 1154-і – жекеменшік, 510-ы – корпоративтік, ал 13-і – мемлекеттік қор ретінде көрсетілген.

Сонымен қатар елімізде атауында «қайырымдылық» сөзі бар 1353 заңды тұлға жұмыс істейді.

Қордың заңдылығы тексеріле ме?

Заңгер Нұрсұлтан Орынбектің айтуынша, Қазақстанда қайырымдылық қорын ашу өте оңай процесс. Ол «Қайырымдылық туралы» және «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заң нормаларымен реттеледі. Қор қоғамдық немесе жеке қор ретінде тіркеліп, өз қызметін ресми түрде бастай алады.

Бұрын екінің бірі талапқа сай келсе, қор ашып кете беретін. Қазір тіркеу сәл күшейсе де, түбегейлі өзгеріс жоқ. Ең үлкен проблема – қорлардың жұмысын нақты қадағалап, жүйелі бақылап отыратын орталық органның жоқтығы, – дейді заңгер.

Заңгердің пікірінше, қорлардың тізімін жүргізетін біртұтас реестр жоқ. Яғни «осы қор расымен бар ма, тіркелген бе, заңға сай жұмыс істей ме?» деген сұраққа азаматтар тез жауап таба алмайды.

©El.kz/Артем Чурсинов

Қазір қорлар тек Мәдениет және ақпарат министрлігіне ерікті түрде есеп беруі мүмкін. Міндеттейтін норма жоқ.

Қазақстанда қайырымдылық қорларын толық бақылап, олардың кіріс-шығысын, атқарған жұмысын үнемі тексеріп отыратын жүйе жоқтың қасы. Сол себепті қаражат қалай жұмсалғанын анықтау қиын, – дейді Нұрсұлтан Орынбек.

Оның айтуынша, қолданыстағы заң бойынша қорлар түскен қаражаттың 30 пайызына дейін әкімшілік шығындарға – кеңсе жалдамасы, қызметкерлердің жалақысы, құрал-жабдық, контент түсіру сияқты қажеттіліктерге жұмсай алады.

Заңгер бұл норманың өзі жемқорлыққа немесе ақшаны орынсыз пайдалану қаупін арттыра алады, өйткені оны нақты қадағалап отырған орган жоқ деп атап өтті.

Түскен қаражат 100 млн теңге болса, оның 30 млн-ы ресми түрде қордың өз қажеттілігіне жұмсалады. Бірақ оны кім бақылап отыр? Мемлекеттік аудит жүргізілмегендіктен, талап сақталып жатқанын анықтау мүмкін емес, – дейді сарапшы.

Жеке шотқа ақша жинау – заңсыз

Жалған қайырымдылықпен айналысатындардың ең көп қолданатын тәсілі – халықтан ақша жинау жеке банк шотына бағыттау.

Нұрсұлтан Орынбектің сөзінше, бұл – заңсыз.

Қайырымдылыққа арнайы төлем коды бар. Азаматтар қайырымдылықты жеке шотқа емес, ресми қордың шотына аударуы тиіс. Жеке картаға ақша жинау – тікелей заң бұзушылық, – дейді ол.

Көлеңкелі қорлар, мысалы, "Робин Гуд" сияқтылар алаяқтық үшін сотталды. Олар тек қор емес, жалпы алаяқтық әрекеттерімен айыпталғанын жеткізді.

Заңгер жылтырағанның бәріне сенбеу керектігін айтады. Ол жалған қорлардың ең жиі қолданатын схемаларын түсіндірді:

  • эмоциялық видео түсіріп, адамдардың жүрегіне әсер ету;
  • мұқтаж адамның жағдайын асыра көрсету;
  • контентті «жарқыратып» жасау арқылы сенімге кіру;
  • көмектің нақты көрсетілген-көрсетілмегенін дәлелсіз қалдыру.

Адамды жылатып, экран алдында жылаңқы контент жасаушылар көп. Көбіне олар шын көмектесті ме, жоқ па – осы жағы күмәнді болып қалады, – дейді заңгер.

Соңғы жылдары бірнеше атышулы қайырымдылық ісі сотқа жетті.

«Қазақтың Робин Гуды» атымен танымал Ілияс Сариевке Алмалы аудандық соты бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оны орта қауіпсіздік колониясында 3 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруға үкім етті.

Сол сияқты Перизат Қайрат ісі – әлеуметтік желіде белсенді болып, қайырымдылықты желеу етіп ақша жинап, кейін алаяқтық дерегі дәлелденген.

Заңгер Бағдат Амандосұлының айтуынша, қайырымдылық қорларының жұмысы Қазақстанда «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» №142 Заңмен нақты реттеледі және олардың қызметін үш деңгейлі бақылау жүйесі қадағалайды.

Бірінші деңгей – қордың ішкі бақылау органы. Мұнда қамқоршылық кеңес пен басқарма мүшелері бар. Олар қордың қаражатының қалай жұмсалып жатқанын, жобалардың орындалуын қарап, жыл сайын аудит жүргізуді және қаржылық есептіліктің толық әрі уақтылы болуын қамтамасыз етуге міндетті.

Екінші деңгей – мемлекеттік бақылау. Қорлар статистика органдарына, салық қызметіне және қаржы мониторингі органына есеп тапсырып отыруы тиіс. Бұл мемлекеттік құрылымдар қордың кірісі мен шығысы, қаржы айналымы мен заңдылықты сақтауын тексеріп, күмәнді операцияларды бақылауда ұстайды.

Үшінші деңгей – қоғамдық бақылау. Заң қорларды жыл сайын өз қаржылық есебін интернетте немесе бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға міндеттейді. Осы талаптың арқасында қоғам, журналистер және қызығушылық танытқан кез келген азамат қордың қалай жұмыс істеп жатқанын бақылап, сұрақ қоюға құқылы.

Бағдат Амандосұлының сөзінше, дәл осы үш деңгейлі жүйе ашықтықты қамтамасыз етуі тиіс. Алайда іс жүзінде барлық қор бұл талаптарды толық орындамайды, ал шынайы қоғамдық бақылау әлі де әлсіз.

Қайырымдылықты жеке мүддесіне пайдаланып, халықтың сенімін теріс бағытта қолданғандар көбейген кезде бұл мейірімділік институты зор қауіпке тап болады. Ал заңгерлердің айтуынша, нақты бақылау мен ашықтық орнамайынша, мұндай алаяқтық тоқтамайды.

Бұған дейін қайырымдылық қорын желеу етіп, артынша сотталған Перизат Қайрат ісі туралы жазылған еді.