El.kz/Ақмарал Ағзамқызы

Қоқысты тыңайтқышқа айналдыратын шыбындар туралы білесіз бе?

06.09.2025 12:35

Шэньчжэньнің шығысында қоқыс тыңайтқышқа, ал энергия күн мен желден алынатын ерекше орталық бар. Ол — Biosphere 3. Бұл жоба қала тіршілігіндегі қалдықты жаңа ресурсқа айналдырып қана қоймай, урбанистиканы табиғатпен үндестірудің нақты үлгісін ұсынып отыр.

Фото: El.kz

Жалпы аумағы 120 мың шаршы метрді құрайтын кешен сырттай қарағанда бизнес-орталыққа ұқсайды. Алайда ішіне кіргенде мұнда экологияны бірінші орынға қойған ерекше жүйені көресіз: күн панельдері, жасыл шатырлар, жаңартылған су айналымы, энергия үнемдеуге бағытталған ақылды басқару. Мұнда қоқыс — ресурсқа, ал ғимарат — табиғатпен үйлескен ортаға айналған.

Ван Шидің мақсаты

Biosphere 3 жобасының артында тұрған негізгі тұлға — Vanke компаниясының негізін қалаушы әрі DeepRock Zero Carbon Technology жетекшісі Ван Ши. Ол бұл бастаманы тек бір ғимарат тұрғызу ретінде емес, болашақ қалаларына арналған жаңа урбанистикалық үлгі ретінде қарастырады.

Ван Шидің басты мақсаты – қалаларға көміртексіз даму жолын нұсқайтын әмбебап әрі қайта қолдануға болатын модель қалыптастыру. Оның көзқарасы бойынша, Biosphere 3 тек Шэньчжэнь үшін ғана емес, бүкіл Қытайдың экологиялық саясатына үлгі болып, алдағы уақытта әлемдік деңгейде енгізілуі тиіс.

Бұл мақсатқа жету үшін жобаға нақты міндеттер жүктелген: биоалуандылықты сақтау, жасыл энергияны толық пайдалану, қалдықтарды тиімді қайта өңдеу және тұрғындар үшін қолжетімді әрі жайлы орта құру.

Фото: El.kz

Қаладағы биоалуандылық

Biosphere 3 жобасы табиғатты қаланың тыныс-тіршілігімен үйлестіре дамытудың тың үлгісін ұсынады. Мұнда ұсақ жәндіктер еркін қозғала алатын экологиялық дәліздер қарастырылған. Шатырларда ара ұялары орналастырылып, бал арасын қорғау мен экожүйенің тұрақтылығын сақтауға ықпал етеді. Ал гүлге толы алқаптар көбелектердің табиғи мекеніне айналып, қалаға ерекше көрік береді.

Мұндай шешімдер қалалық ортаның тек адамдарға ғана емес, жан-жануар мен жәндіктерге де қолайлы екенін көрсетеді. Бұл – урбанистика мен табиғаттың үйлесімді тоғысуының жарқын көрінісі.

Фото: El.kz

Black Soldier Fly

Biosphere 3 орталығында энергия сақтау жүйелері мен жасыл технологиялар ғана емес, экологияға үнсіз еңбек етіп жатқан табиғаттың өз «қызметкерлері» бар. Солардың бірі – қара сарбаз шыбыны (Black Soldier Fly). Сырттай кәдімгі шыбынға ұқсайтын бұл жәндіктің атқаратын міндеті мүлде өзгеше: ол ас қалдықтарын өңдеп, оларды құнды тыңайтқышқа айналдырады.

 

Фото: El.kz

Қалдықты азайтатын табиғи шешім

Қара сарбаз шыбынының дернәсілдері небәрі 8 күн ішінде шағын құрттан толық жетілгенге дейін өсіп, осы аралықта өз салмағынан 200 000 есе артық тағам қалдығын жейді. Шыбынның дернәсілдері органикалық қалдықтарды тез ыдыратып, биологиялық қайта өңдеу процесін жеделдетеді. Нәтижесінде тұрмыстық және тағам қалдықтары қоқысқа тасталмай, ауыл шаруашылығына пайдалы тыңайтқышқа, ал кей жағдайда жануарларға арналған экологиялық таза жемге айналады.

Фото: El.kz

Ауру таратпайтын шыбын

Көпшілікке таныс кәдімгі шыбындардан айырмашылығы, қара сарбаз шыбыны патогенді бактерияларды таратпайды. Олардың ағзасында табиғи антибактериалды пептидтер мен ферменттер бар. Сол себепті бұл жәндіктер экологияға зиян емес, керісінше қауіпсіз әрі пайдалы құрал саналады.

Толық жетілген дернәсілдердің құрамында:

  • ақуыз — 44%,

  • май — 35%,

  • кальций — 5%,

  • фосфор — 1,5% бар.

Сол үшін оларды кейде «майлы жәндік» деп атайды. Дернәсілдерден алынған өнім мал азығында да, органикалық тыңайтқыш жасауда да кең қолданылады.

Фото: El.kz

Әрбір қара сарбаз шыбынының жұбы бір мезетте 1 000-ға дейін жұмыртқа сала алады. Төрт күннен кейін дернәсілдер жарып шығып, органикалық қалдықтарды жей бастайды. Ерекшелігі сол — олар сүйек пен хитиннен басқа кез келген органикалық қалдықты қорыта алады.

Негізі тағамы: көкөніс қалдықтары, жемістер, күріш, нан, жұмыртқа. 

Biosphere 3 орталығында бұл тәжірибе тек қалдықты азайту үшін ғана емес, адамдардың экологиялық ой-санасын өзгерту үшін де енгізілген. Мұндағы басты үндеу қарапайым: тамақты ысырап етпеу. Әр адам тек қажетті мөлшерде тұтынуды әдетке айналдырса, табиғатқа түсетін жүктеме айтарлықтай азаяды.

Қара сарбаз шыбыны — табиғаттың адамзатқа сыйлаған ең қарапайым әрі ең тиімді шешімдерінің бірі. Ол органикалық қалдықтарды қысқартып қана қоймай, оларды тыңайтқыш пен мал азығына айналдырады. Ең бастысы — ауру таратпайды және экожүйеге орасан пайдасын тигізеді.

Осылайша, Biosphere 3-тің негізгі идеясы айқындалады: экологияны қорғау тек технология арқылы ғана емес, табиғаттың өз механизмдерін ұтымды пайдалану арқылы да жүзеге асады. Қара сарбаз шыбындары — соның нақты дәлелі.

«Төрт нөлді» McDonald’s

Biosphere 3 аумағында Қытайдағы алғашқы «Төрт нөлді» McDonald’s (нөлдік көміртек, нөлдік энергия, нөлдік қалдық, нөлдік су тұтыну) ашылған. Бұл бастама жобаның инфрақұрылымының мықты екенін дәлелдейді: ас қалдықтары қара шыбын дернәсілдері арқылы тыңайтқышқа айналады, суды қайта пайдалану жүйесі толық жабық циклмен жұмыс істейді.

Фото: El.kz

Кешенде Teplore Tensorpack T үлестірілген энергия сақтау жүйесі орнатылған. Қуаттылығы 400kWh/200kW батареялар күн мен жел энергиясының тұрақсыздығын реттеп, ғимараттың 85%-ын жасыл электрмен қамтамасыз етеді. Бұл – жоба өз шығынын бес жыл ішінде ақтап шығатынын көрсететін тиімді шешім.

Фото: El.kz

Biosphere 3 – Шэньчжэньнің ғана емес, бүкіл Қытайдың жасыл болашаққа деген ұмтылысының жарқын көрінісі. Бұл жоба арқылы Ван Ши қаланың дамуын табиғатпен үйлестіруге болатындығын іс жүзінде көрсетіп отыр. Оның көздегені – қалаларды қайта құрудың жаңа үлгісін ұсыну: энергияны тиімді пайдаланатын, қалдықсыз жұмыс істейтін, биоалуандылығы сақталған әрі адамдарға барынша қолайлы орта қалыптастыру.

Яғни, қоқысты азайту, энергияны үнемдеу немесе экологияға мән беру бөлек-бөлек атқарылатын шара емес, ол тұтас қоғамның өмір салтына, мәдениетіне айналуы қажет. Biosphere 3 – дәл осы экологиялық мәдениеттің жарқын үлгісі.

Фото: El.kz