El.kz/Ақмарал Ағзамқызы

Қоқыстан энергия алу: Қытайда қоқыс қалай қуат көзіне айналды?

03.09.2025 17:08

Біз күн сайын тастаған қоқыс қайда кетеді деп ойланып көрдіңіз бе? Дүниежүзілік банк дерегінше, әлем халқы жылына 2 млрд тоннадан астам қалдық шығарады. Бұл сан 2050 жылға қарай 3,4 млрд тоннаға жетуі мүмкін. Өркениет ілгерілеген сайын қоқыс үйінділері таудай болып биіктеп барады.

Әлем елдері осы мәселені шешудің жаңа жолдарын іздеп жатыр. Бір елде полиэтилен пакеттерге шектеу қойылса, енді бірінде тұрмыстық қалдық міндетті түрде сұрыпталады. Ал кей елдер қоқысты энергияға айналдырып, жарық шамдары мен өндірістік пештерін қуаттандырып отыр. Бүгін біз дәл осылай қоқысты энергия көзіне айналдырған Қытайдағы ең ірі кәсіпорынның жұмысымен танысамыз.

Guangzhou Environmental Protection Investment Group Фото: El.kz

Қоқыстан қуат алатын қала

Гуанчжоу қаласының шетінде алыстан көзге ерекше түсетін заманауи зауыт жұмыс істеп тұр. Мұнда кәдімгі тұрмыстық қалдық – жай ғана қоқыс емес, жаңа өмірге ие болатын ресурс. Оның бір бөлігі қайта өңделіп өндірісте кәдеге жараса, екінші бөлігі электр энергиясына айналады. Бұл – Guangzhou Environmental Protection Investment Group-қа қарасты экологиялық тұрғыдан қауіпсіз әрі заманауи кешен. Күн сайын мыңдаған тонна қалдықты игеретін зауыт қаланың экологиялық тепе-теңдігін сақтап қана қоймай, өндірген энергиясы арқылы қоғамға қосымша пайда әкеледі.

Гуанчжоу халық үкіметіне тікелей бағынышты бұл мемлекеттік компанияның қарамағында 30 миллиард юаньнан астам актив және елуге жуық еншілес кәсіпорын бар. Бүгінде ол экологияны дамытудың жаңа тұжырымдамасын жүзеге асырып, негізгі назарды жасыл даму мен халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға аударған.

Қызмет ауқымы бес ірі бағытты қамтиды: таза энергия өндіру, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, «ақылды» санитарлық жүйе, экологиялық техника өндірісі және қоршаған ортаны басқару. Осы бағыттардың барлығын біріктіре отырып, компания тұтас экологиялық индустриялық тізбек құрып отыр.

Фото: El.kz

Қоқыстан энергия өндіру

Компания іске қосқан 14 қоқыс жағу зауыты тәулігіне 30 мың тонна қалдықты игере алады. Бұл жылына 5 миллиард кВт·сағ электр энергиясын өндіруге жеткілікті, яғни тұтас бір қаланы жарықпен қамтамасыз ететін қуат.

Сонымен бірге ауыл шаруашылығы мен органикалық қалдықтарды қайта өңдеуге арналған 4 биомасса зауыты бар. Олар тәулігіне 2 590 тоннаға дейін шикізат өңдейді. Ал 5 полигоннан тазартылған газ арқылы жылына 10 мың тонна LNG алынады. Қауіпті қалдықтарға арналған қуаты 178 мың тонна арнайы кешендер мен тұрмыстық қалдықтарға арналған жылдық қуаты 1,3 миллион тонна жобалар да жұмыс істеп тұр.

Фото: El.kz

Барлық зауыттарда өздері жасаған пештер қолданылады. Бұл технология халықаралық стандарттан да жоғары көрсеткіш беріп, түтін шығарындыларын айтарлықтай азайтады. Гуанчжоудағы №1 зауыт – Қытайдағы алғашқы AAA санатындағы қоқыс жағу станциясы. №6 зауыт алғаш рет түтінді тазартудың «қос денитрификация және қос деацификация» жүйесін енгізіп, ЕО-ның 2010 жылғы талабынан да жоғары нәтиже көрсетті.

Guangzhou Environmental Protection Investment Group

«Ақылды» санитарлық жүйе

Гуанчжоу қаласының тазалық жүйесі де толықтай заманауи технологияның бақылауында. Қалада тәулігіне 11 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық жиналады. Оның ішінде 2 мың тонна тұрмыстық қалдық, 65 тонна тағамдық май, 30 тонна медициналық қалдық бар. Барлық үдеріс тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейтін «ақылды» орталық арқылы онлайн бақыланады. Жүйе нақты уақыт режимінде қай контейнер толғанын, қай көшеге көлік қажет екенін анық көрсетіп, ресурсты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Фото: El.kz

Экологиялық техника өндірісі

Компания Қытайда алғашқылардың бірі болып қоқыс жағуға арналған қондырғыларды толық циклде шығара бастады. «Guanghuan» брендімен 100-ден астам жаңа техника нарыққа шығарылды: қоқыс қысып жинайтын станциялар, қысымды тасымалдағыштар, асүй қалдықтарына арналған көліктер, жол тазалау мен су себетін машиналар. Тіпті сутегімен жүретін үлгілері бар – олар қоршаған ортаға зиянсыз әрі ауаны өздігінен тазартады.

Фото: El.kz

Қоршаған ортаны қалпына келтіру

Экологиялық инженерия саласында да ауқымды жұмыстар атқарылады. Компания кәріз суын тәулігіне 15 мың тоннаға дейін тазартып, топырақты қалпына келтіру жобаларын жүзеге асырады. Гуанчжоудағы алғашқы кешенді топырақ тазарту орталығында жылына 300 мың тоннаға дейін қатайту және тұрақтандыру технологиясы, 70 мың тоннаға дейін шайындыны тазарту, 150 мың тоннаға дейін жылулық десорбция әдісі қолданылады.

2021 жылы Pearl River Machine Tool Works зауыты аумағындағы жоба «Экологиялық технологиядағы прогресс сыйлығын» иеленсе, 2022 жылы Хайчжу ауданындағы Nanbian Road №6 учаскесінде Қытайда алғаш рет формальдегидті бөлме температурасында десорбция әдісі қолданылып, ұлттық деңгейде жоғары марапатқа ие болды.

Фото: El.kz

Полигондар және жаңартылған энергия

Қоқыс полигоны тек үйінді емес – күрделі технологиялық нысан. Мұнда сүзінді су тазартылады, газ бақыланады, иіс азайтылады. Органикалық қалдықтан бөлінген метан газ қауіпсіз өңделіп, қосымша энергияға айналады. Ал жабылып, көгалдандырылған аумақтарға күн панельдері орнатылып, күн энергиясы өндіріледі.

Ғылыми-зерттеу және жауапкершілік

Компания тек өндіріс пен қызмет көрсетумен шектелмей, ғылыми-зерттеу алаңдарын да дамытқан. Мұнда академиктерге арналған станциялар, постдокторанттарға арналған инновациялық орталықтар, халықаралық стандарттағы зертханалар жұмыс істейді. Су, топырақ, ауа сынамалары талданып, ауыр металдардың құрамы анықталады.

Фото: El.kz

Сонымен қатар, экология тақырыбында онлайн және офлайн форматта алты миллионнан астам адамға тегін ағартушылық дәрістер өткізілген. Бұл жерде «жасыл мәдениет» қағаз жүзінде емес, нақты іс жүзінде жүзеге асып отыр.

Гуандун–Гонконг–Макао Үлкен шығанағынан бастау алған тәжірибе бүгінде бүкіл Қытайға тарап, әлемдік деңгейге жол ашып келеді. Бұл компания – қоқысты энергияға айналдырып қана қоймай, жасыл болашақтың жаңа сәулетін қалыптастырып жатқан ірі экологиялық жүйе.

Зауыт ішіне енгенде ерекше деталь көзге түседі – мұнда қайта өңделген қоқыстан жасалған орындықтар қойылған. Әдетте қоқыс деп еленбейтін материалдар жаңа тұрпат алып, қолданысқа жарамды жиһазға айналған. Бұл шешім экологиялық сананы ғана емес, қоқысты жаңа ресурс ретінде көруге болатындығын да айқын дәлелдейді.

Фото: El.kz

Иә, бір қарағанда бұл жерді кәдімгі қоқыс өңдейтін зауыт деп ойламайсыз. Керісінше, ол саябаққа ұқсайды – жасыл желек, әдемі абаттандырылған аумақ, тыныш әрі жайлы орта. Тіпті зауыттың ең жоғарғы қабатына шыққанда, алдыңыздан мүлде күтпеген көрініс ашылады: бір жағында – алып өндіріс кешені, екінші жағында – жасыл желекке оранған қаланың әсем көрінісі. Зауыт қоқыс өңдейтін орталық қана емес, экологиялық өркениетке ұмтылған қаланың келбетін айшықтайтын ерекше нышан болып отыр.