Ақмешіт жастары

Қолыңды қой да төле: Қаржы министрлігі алақан арқылы төлем жүйесін енгізе ме?

Қазақстанда адамның алақанын пайдалану арқылы төлем жасау жүйесінің қауіпсіздігі мен болашағы жайында Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов пікір білдірді,  деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бүгін өткен Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында тілшілер вице-министрден еліміздегі банктердің бірі енгізіп жатқан биометриялық төлем жүйесінің қауіпсіздігі мен мемлекеттік органдарда қолдану мүмкіндігі туралы сұрады.

Әсет Тұрысовтың айтуынша, Қазақстандағы қаржы ұйымдарының цифрландыру деңгейі бүгінде айтарлықтай жоғары. Ол бұл бағыттағы барлық жаңа технологиялық шешімдер Ұлттық банк тарапынан мұқият бақыланып, ақпараттық қауіпсіздік стандарттарына сай тексерілетінін атап өтті.

«Кез келген жаңа тетік тиісті заңнама талаптарына сай тексеріледі. Бұл жүйе де сынақ кезеңінен өтіп, барлық қауіпсіздік рәсімдері толық орындалуы тиіс. Егер заңға сәйкес болса, әрі тиімділігі дәлелденсе, оны қолдану мәселесі қарастырылуы мүмкін», — деді вице-министр.

Сонымен қатар, Әсет Тұрысов қазіргі таңда Қаржы министрлігінің өзінде алақанмен төлем жасау жүйесін енгізу жоспары жоқ екенін айтты.

«Қаржы министрлігі бұл мәселені әзірге талқылаған жоқ. Егер болашақта оның тиімділігі мен қауіпсіздігі дәлелденсе, жаңа технологияны енгізу мүмкіндігі қарастырылуы ықтимал», - деп түсіндірді.

Мұндай технологиялар болашақта мемлекеттік және қаржы саласында да қолданылуы мүмкін, бірақ ол үшін заңнамалық талаптар мен ақпараттық қауіпсіздік стандарттары толық сақталуы қажет.