Қолданыстағы көліктерді сатып алу: алаяқтардан қалай сақтануға болады

 ©Pixabay.com
Фото: ©Pixabay.com

Қолданыстағы автокөлік сатып алу саласында да алаяқтар түрлі айла-тәсілдерді жиі қолданады. Мамандар ең кең таралған схемаларды атап, одан қорғанудың жолдарын түсіндірді.

Алаяқтар қалай әрекет етеді?

Finratings.kz мәліметінше, көбіне қаскөйлер адамдардың сенімі мен асығыс шешім қабылдауын пайдаланады. Сатып алуға ниет білдірген адамға «тиімді ұсынысты жіберіп алмаңыз» деген қысым жасалып, көлікті тексеруге де уақыт берілмейді. Сарапшылар мәліметінше, негізгі құралдар – алдын ала төлем талап ету, жалған хабарландырулар және психологиялық қысым.

Алдын ала төлем мен жалған хабарландырулар

Ең кең таралған тәсілдердің бірі – бағаны әдейі төмендету. Сатушы мұны «шұғыл сату», «шетелге көшу» немесе «ақша қажет» деп түсіндіреді. Осылайша, сатып алушы мұны «ұтымды мүмкіндік» деп қарайды.

Кейін «басқа да алушылар көп» деген сылтаумен көлікті «броньға алу» үшін алдын ала ақша сұралады. Қаражат аударылған соң, сатушы байланысқа шықпай қояды.

Тағы бір тәсіл – хабарландыру көшірмелері. Алаяқтар шынайы ұсыныстарды көшіріп, байланыс деректерін өзгертіп, арзандатылған бағамен қайта жариялайды. Соңы – сол баяғы: алдын ала төлемнен кейін ақша қайтарылмайды.

Кейбір жағдайларда сатушы өзін басқа қалада немесе шетелде жүрмін деп таныстырып, көлікті автовозбен жеткізіп беруді ұсынады. Бірақ жеткізу үшін алдын ала төлем талап етіледі. Ақша аударылған соң, «сатушы» жоғалып кетеді.

Жаңа тәсілдер: криптовалюта мен сенімге кіру

Соңғы уақытта алаяқтар өзін шетелдік азамат немесе халықаралық компания қызметкері ретінде таныстыратын болған. Әңгіме көлік сатып алудан басталып, кейін «тиімді инвестицияларға» ойысады.

Жәбірленушіге криптовалюта немесе қаржылық жобалар ұсынылады. Бұл автокөлікке мүлде қатысы жоқ, тек ақша алуға бағытталған схема.

Кей жағдайда алаяқтар ұзақ уақыт байланыста болып, сенімге кіріп алады. Кейін «жеңіл табыс» ұсыну арқылы қаржы сұрайды.

Сатушылар да қауіптен тыс емес

Тәуекел тек сатып алушыларға ғана емес, сатушыларға да қатысты. Мысалы, жалған сатып алушылар видеоқоңырау арқылы VIN-кодты көрсетуді сұрайды. Сол сәтте телефонға келген кодты байқатпай алып, аккаунттарды бұзуы мүмкін.

Тағы бір кең таралған әдіс – жалған техникалық қолдау қызметі. Сатушыға «ресми сайт» сілтемесі жіберіліп, жеке деректер мен SMS-код енгізу сұралады.

Өзіңізді қалай қорғауға болады?

Сарапшылар ең алдымен көлікті жеке барып тексермей тұрып ақша аудармауға кеңес береді. Алдын ала төлем талап етілсе, бұл – күмән тудыратын белгі.

Сондай-ақ күмәнді сілтемелерге өтпеу, SMS арқылы келген кодтарды ешкімге бермеу маңызды. Кез келген «ресми» сұранысты да қайта тексерген жөн.

Оқи отырыңыз