Жаңалықтар

Қоғамдық резонанс тудырған Қазалыдағы төбелес. Директордың екі орынбасары қызметінен босатылды

Қоғамдық резонанс тудырған Қазалыдағы төбелес. Директордың екі орынбасары қызметінен босатылды
Фото: t.me/egovpress 10.04.2023 17:31 5664

Қызылорда облысы Қазалы ауданында 6 сәуір күні екі адам мектеп оқушысын аямай соққыға жыққан еді. Салдарынан 15 жасар жасөспірім бас сүйек-ми жарақатын алған болатын. Осыдан кейін директордың екі орынбасары қызметінен босатылды,деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Аудандағы Батыржан Шалғынбаев атындағы 217 ІТ мектепте жоғары сыныптың екі оқушысы төбелесіп қалған. Сол кезде біреуі қарсыласын пышақпен жарақаттаған. Жасөспірімді ауруханаға жеткізген. Жарақаты ауыр болмағасын үйіне жіберілген. Осы оқиғадан кейін мектепте директордың екі орынбасары қызметінен босатылды.  Олар мектепте мұғалім болып қызмет ете береді. Яғни балаларға сабақ беруін жалғастырады.

Қоғамда үлкен резонанс тудырған оқиға қатысты Қазалы аудандық полициясы оқиғаға қатысты жалған ақпарат берген.

Аудандық ауруханадан кәмелетке толмаған баланың емделіп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті, бұл дерек Қазалы ауданының полиция бөлімінде тіркелді. Жасөспірімнің айтуынша, сол күні Әйтеке би кентіндегі Жалаңтөс баһадүр атындағы саябақта жаңбырдан кейін тайғақ жолда абайсызда құлап қалған. Қазір жігіттің жағдайы қанағаттанарлық, жәбірленуші мен ата-анасынан шағым түскен жоқ, – деп жазылған полиция таратқан ақпаратта. 

Заңгер Айгүл Орынбек мұндай жалған ақпаратты таратудың артында сыбайлас жемқорлық тұрады деп пікір білдірді.

«Ішкі істер министрлігіндегі реформа жайлы мәселелерді көтеріп жүргелі 10 жыл болды. Халықпен тікелей жұмыс істейтін тәртіп сақшыларының парасаттылығы өзгермей, қылмыстық істер тоқтамайды. Себебі сыбайлас жемқорлық, істі жылы жауып, өздерінің пайдасына шешіп жіберу қазір бірінші орында тұр. Қазалыдағы оқиға мұның тек жалғыз көрсеткіші емес», - деді ол.

Сонымен қатар Айгүл Орынбек қоғамда тек видео арқылы тараған істі ғана көтеріп, назарға алады деп ашынды.

Бізде қоғам әлеуметтік желіде тарап кеткен видеоға ғана көңіл бөледі. Шын мәнінде, күнделікті ел арасында түрлі оқиғалар орын алып жатады. Қаншама қылмыстық істер жалған ақпаратпен жабылып, адамдардың тағдыры бұзылуда. Бұған полиция қызметкерлері де әбден үйреніп алған, - деді заңгер.

Ал Қызылорда облысының полиция департаментінің өкілдері аталған дерек бойынша қосымша тексеру мен әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг нәтижесінде, кәмелетке толмаған тұлғаны екі жасөспірім ұрып-соққанын анықтады.

Қазалы аудандық Полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 2-бөлігімен (бұзақылық) тіркеліп, тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Тергеу барысында жәбірленушіні ұрып-соққан барлық тұлғалардың жеке бастары анықталып, полиция бөліміне жеткізілді.  Тиісті сараптамалар тағайындалды. Ол жөнінде  әлеуметтік желіге алғашқы ақпаратқа қосымша жариялым шығарылды, - деді баспасөз қызметінің өкілі.

Қылмыстық істің маңыздылығына қарай және толыққанды қамтамасыз ету мақсатында іс Қызылорда облысы Полиция департаментінің Тергеу басқармасының өндірісіне алынды.

Қазіргі уақытта Қазалы ауданында криминогендік ахуал тұрақты. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыстылықтың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлерімен рейдтік жұмыстар  жалғасуда. Бұл бағыттағы  жұмыстар Қызылорда облысы Полиция департаменті басшылығының бақылауында, - дейді департамент өкілдері.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға