Жаңалықтар

Қоғамда саналы ата-ана мәдениетін қалай қалыптастырамыз

Қоғамда саналы ата-ана мәдениетін қалай қалыптастырамыз
Фото: © ОКҚ 15.01.2024 14:22 1059

«Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жансая Бердімұрат қоғамда саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру бойынша қоғам белсенділерінің қандай жұмыс жүргізіп жатқаны туралы айтып, ел өңірлерінде әлеуметтік шиеленісті төмендету бойынша іске қосылатын әлеуметтік маңызды жобаларды таныстырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жыл сайын қоғамдық кеңістікті мұқият талдау негізінде қазіргі заман отбасыларының, ата-аналардың және балалардың алдында тұрған негізгі түйткілдерді анықтап, оларға осы қиындықтарды жеңуге көмектесетін бүгінгі күн тақырыптарын түземіз. 2023 жылдың көктем және жаз мезгілдерінде біз Қазақстанның барлық өңірінде әлеуметтік зерттеу жүргізіп, оның нәтижесі қазақстандық ата-ананың келбетін жақсырақ ұғынуға мүмкіндік берді. Сауалнамаға 32 755 адам қатысты (37,3 пайыз – әкелер, 62,7 – аналар), оның ішінде 24 613-і бала (48,6 пайыз – ұл балалар, 51,4 – қыз балалар). Балалардың жасы 13 пен 17 жас аралығында, ал ата-аналар арасында 33 пен 55 жас аралығындағылар басым болды. Ата-аналар арасындағы сұрақтарға жауап берушілердің 90%-дан астамы әйелдер, яғни аналар. Сауалнамаға қатысу ерікті болғанын ескере келе, елімізде ата-аналардан белсенді әйелдер екенін айта аламыз, - деді Жансая Бердімұрат.

Өз зерттеулерінің және басқа да қазақстандық зерттеу институттарының жарияланымдарының негізінде, «Сенімен Болашақ» РҚБ, 2023-2024 жылдары жұмысын 10 тақырыптық бағытқа шоғырландырып отыр:

 - Репродуктивті денсаулық.

 - Буллинг пен кибербуллингке қарсы тұру.

 - Мектептер мен ата-аналар арасындағы тиімді ынтымақтастық.

 - Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу.

 - Отбасын сақтау және ажырасудың алдын алу.

 - Отбасылық құндылықтарды насихаттау және әлеуметтік жетімдіктің алдын алу.

 - Саналы ой-сезім пен қысылтаяң жағдайларға төзімділік дағдыларын дамыту.

 - Тұлғалық даму.

 - Құмар ойындармен және оларға тәуелділікпен күресу.

 - Суицидтің алдын алу.

Сонымен қатар, «Сенімен Болашақ» қоғамдық бірлестігі 2024 жылы өңірлік ауқымдағы бірқатар жобаны іске қосады.

Алматы қаласы мен Алматы облысында әлеуметтік желілердің (контент платформалар мен мессенджерлер) жасөспірімнің ата-анасымен және отбасымен, қатарластарымен және виртуалды достарымен қарым-қатынасына әсер ету қырларын зерттеуге бағытталған жобаны іске асырдық. Зерттеу бізге ересектер жұмысбасты, балалар оқудан бас көтере алмай жатқан бүгінгі таңда әлеуметтік желілер ата-аналар мен балалар арасындағы қарым-қатынастың қаншалықты көмекшісі болып табылатынын анықтауға мүмкіндік берді. Сонымен бірге, әлеуметтік желілердің жағымсыз әсерін азайту үшін жасөспірімдердің де, ата-аналардың да цифрлық сауаттылығы мен сыни ойлау қабілетін арттыру қажеттілігі анықталды. Зерттеу қалалық және ауылдық жерлердегі ата-аналар мен олардың балаларын, соның ішінде урбанизация жайтының цифрлық ата-анаға әсерін анықтау мәселесін қамтыды, - деп атап өтті сөз тізгінін ұстаушы.

Астана қаласында болса, отбасылық қатынастарда ашу-ызаға бой беріп, күш қолдануына байланысты түзеу мекемелерінде уақытша қамауда отырған адамдар үшін алдын алу іс-шараларын іске асыруға бағытталған «Tatulyq» жобасы іске асырылатын болады. Жоба 20-50 жас аралығындағы 120 ер адамды қамтиды және Ер адамдардың жауапкершілік сезімін арттыру; Зорлық-зомбылыққа ықпал ететін үйдегі жөнсіздіктер қаупін анықтау; Кез-келген дау-дамайда дұрыс қарым-қатынасқа бет бұру арқылы ой-cезімді басқару және мәселелерді шешу мүмкіндігі міндеттерін қарастырады.

Ақмола облысында «Рухани ана, рухани әке» институтын қалыптастыру және әлеуметтік жетімдерге моральдық, ақпараттық қолдау көрсету тәсілі арқылы әлеуметтік жетімдіктің алдын алуға бағытталған «Асыл отбасы» жобасы іске асырылады. Қызылорда облысында жастарды отбасылық өмірге дайындау жобасын жүзеге асыруды қолға алдық. Жоба мемлекеттік, квазимемлекеттік, жеке секторларда жұмыс істейтін 100 жас маманды және арнаулы орта білім беру ұйымдарының 100 білім алушысын қамтиды, - деп бөлісті Жансая Бердімұрат.

Тиісті жобалар өңірлерде қолайлы әлеуметтік экожүйені қалыптастыруға, саналы ата-ана болудың қазақстандық үлгісін дамытуда үздік тәжірибелер мен кейстерді түзуге бағытталған. Бұл жобалар бүкіл республика деңгейіне одан әрі тарату үшін өңірлік деңгейде сынақтан өткізілетін болады.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаевтың айтуынша, отбасының әлеуметтік дамуы мен баланың ер жету мәселелері заңнамалық деңгейде жан-жақты талқылануда.

«Өскелең ұрпақты тәрбиелеу саласында заң шығарушы тараптан ерекше назар мен көзқарасты талап ететін мәселелер қордаланып қалды және әрі қарай да жинақтала беретіні анық. Үкіметтік емес ұйымдардың мүдделі тарап ретінде балалардың амандығын қамтамасыз ету жүйесін жақсартуға қосқан үлесін атап өту маңызды. Бүгін біз Қазақстанда саналы ата-ана болу мәдениетін қалыптастыру ісіндегі негізгі жобалармен таныстық», - деді сенатор.

Ол қазақстандықтарға дәл осындай байыпты іс-қимылға негізделген белсенді жұмылу сипаты қажет екенін келтірді.

Әлбетте, қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызды қырларының бірі - отбасы, отбасылық құндылықтар, балалардың дамуына қолайлы жағдай жасау екені даусыз. Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» ұлттық құрылтайының екінші отырысында сөйлеген сөзінде жеке және қоғамдық құндылықтарды жаңғыртуда мемлекет пен қоғамның бірлескен жұмысының қажеттілігі туралы сөз қозғады. Дәл осы жерде «Сенімен Болашақ» үкіметтік емес ұйымының орны айқын сезіледі. Ол іс жүзінде ата-аналар қауымдастығын отбасылық құндылықтарды нығайту, бақытты отбасының іргетасын қалыптастыру бағытында оң трансформациялау көкжиегін аңғартуда. Бұл тұста ата-аналар мен балалар мұғалімдермен бірге толыққанды үйлесімді өмір сүру ортасын құруға ұмтылады, - деп нұсқады «Қазақстанның Азаматтық Альянсы» ЗТБ президенті Бану Нұрғазиева.

Мемлекет басшысының Жолдауына сүйене отырып, білімді, адал және лайықты ұрпақты тәрбиелеуді көздейтін, сондай-ақ елдің бірегейлігін нығайтуға, әділ қоғам құруға ықпал ететін «Бірыңғай тәрбие бағдарламасы» әзірленді. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова айтып берді.

Бірыңғай тәрбие бағдарламасы» ұлттық және адами құндылықтарға негізделген. Аталмыш құжатта білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын толыққанды іске асыру үшін білім алушылардың бойында қалыптасуға тиіс білім берудің мақсаттары, міндеттері мен құндылықтары айқындалды. Мақсаты жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтардың маңыздылығын түсінетін, озық әлемдік білімді меңгерген саналы азаматты тәрбиелеу болып табылатын бағдарлама ұлттық мүдде, ар-ождан, талапшылдық сияқты құндылықтарға басымдық береді, - деп толықтырды Меруерт Медетбекова.

Оның сөзінше, құжатта баяндалғандарды іске асыру көптеген проблемаларды шешуге және тәрбиедегі ықтимал теріс сын-қатерлердің алдын алуға және мүдделі мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, балаларды тәрбиелеу жөніндегі қоғамдық бірлестіктердің жүйелі жұмысын жолға қоюға мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға