QJ League: жасөспірімдер футбол лигасының төртінші маусымы басталады
Сәуір айының ортасында Қазақстан футболындағы ең ауқымды жасөспірімдер жобалардың бірі – Freedom QJ League-тің төртінші маусымы шымылдығын түрмек. Астана қаласында өткен баспасөз конференциясында ұйымдастырушылар жаңа маусымның басты жаңалықтары мен даму бағыттарын таныстырды.
Төрт жыл бұрын эксперимент ретінде басталған жоба бүгінде толыққанды, жоғары технологиялық платформаға айналып отыр. Лиганың қамқоршылық кеңесінің төрағасы Тимур Турлов бұл өзгерістердің мәнін ерекше атап өтті.
Сандардың өзі емес, олардың артында тұрған мән маңызды. Рохус Шохтың жетекшілігімен талантты команданың еңбегінің арқасында жоба қажетті деңгейге жетіп, батыл эксперимент аясынан шығып кетті. QJ League бүгінде жаңа спорт жұлдыздары ашылатын, тірі әрі жоғары технологиялық платформаға айналды, – деді ол.
Технология дәуіріндегі футбол
Freedom QJ League алғаш рет жасөспірімдер футболына кәсіби чемпионаттарға тән жүйені енгізді. Командалар апталық циклмен, үй және сырт алаң форматында ойнайды.
Бүгінде лига аясында 3 мыңнан астам жас футболшы мен сала мамандары қамтылған. Жобаның басты ерекшелігі – тек ойын ұйымдастыру емес, толыққанды экожүйе қалыптастыру.
Лига бүгінде цифрландыру бағытына ерекше басымдық беріп отыр. Жаттығу үдерісіне «ақылды камералар» енгізіліп, бапкерлерге арналған FF Manager платформасы кеңінен қолданысқа енген.
Медиа серпіліс: миллиондаған қаралым
QJ League тек спорттық емес, медиа жоба ретінде де қарқынды дамып келеді. Үш жыл ішінде өткен 997 матчтың барлығы тікелей эфирде көрсетілген. Оның 672-сіне кәсіби комментаторлар тартылған.
Матчтар кемінде төрт камерамен түсіріліп, бірқатары республикалық телеарналардан көрсетілді. Жалпы қаралым саны 3,5 миллионға жуықтаған.
Тимур Турлов жобаның әлеуметтік маңызына да тоқталды:
Жасөспірімдер футболын дамыту – бұл спорт емес. Кеңірек қарасақ, бұл – еліміз үшін дені сау ұрпақ, сондай-ақ жастар үшін жаңа мүмкіндіктер мен әлеуметтік өрлеу жолы. Футбол әрдайым қазақстандық мәдениеттің маңызды бөлігі болып келді және солай болып қала береді, – деді ол.
Оның айтуынша, бүгінде лига ойыншыларының бірқатары кәсіби клубтармен келісімшарт жасай бастаған.
Жаңа буын, жаңа мүмкіндіктер
Лига президенті Рохус Шох алдағы маусымның ерекшелігіне тоқталып, жобаның жастар үшін «әлеуметтік лифт» рөлін атқарып отырғанын атап өтті:
Біздің лига үш жылдан бері дамып келеді және қазақстандық ұлдар мен қыздар үшін әлеуметтік лифт рөлін атқарып отыр. Алдағы маусым 2012 жылы туған жүздеген жасөспірім үшін лигадағы алғашқы қадамы болмақ – бұл біздің экожүйеде төрт жыл толық өтетін алғашқы буын.
Қазақстан футболының ардагері Асқар Қожабергенов жобаның арқасында әлі талай Дастан Сәтпаев секілді жастар шығатынына сенімді:
Қазақстан футболының деңгейін өсіруге атсалысып жатқан бірден-бір жоба. Мысалы, U-17, U-19 командалар бұрын Еуропаның мықты ұжымдарынан ойсырата ұтылып жүретін, қазір элиталық раундқа, финалдық кезеңге шығуға үміткер болды. Сондықтан бұл жоба жасөспірімдер футболын үлкен деңгейге көтеріп жатыр. Болашақта осы лига арқылы жаңа Сәтпаевтар шығады деп үміттенеміз, – деді ол.
Маусымның басты интригасы
Freedom QJ League-тің 2026 жылғы маусымы 18 сәуірде басталады. Дәл осы күні Қызылордада лига тарихындағы мыңыншы матч өтпек. «Қайсар» мен «Тобыл» арасындағы кездесу ауқымды футбол мерекесі форматында ұйымдастырылады.
Жаңа маусымның тағы бір ерекшелігі – U-15 жас санатының қосылуы. Сонымен қатар U-16, U-17 және U-18 командалары жарысты жалғастырады.
Жалпы алғанда, алты турнирге еліміздің 18 өңірінен шамамен 2 мыңға жуық жас футболшы қатысады.

