Жаңалықтар

Қиырдағы қазақ қойшысы

Қиырдағы қазақ қойшысы
Фото: Жеке мұрағаттан 29.11.2023 12:38 824

Өзбекстан Республикасының қазақтар қоныс тепкен Науаи облысы Үшқұдық ауданы үшін мал шаруашылығы таңсық дүние емес. Өңір тұрғындары ықылым заманнан төңірегін төрт түлікпен толтырған. Жайлау мен өз отарларында, құдық басынында мал басын арттырып, елдегі шаруашылықтың дамуы үшін тер төкті. Шопандар күн райының құбылғыш қасиетіне бой алдырмай, қиындығы мен қызығы мол қызметті абыроймен атқарды.

Біздің бүгінгі тақырыбымызға арқау болатын түйебағар әрі қойшы да ғұмырын шаруашылықтың осы бағытына арнаған жан. Темур Әбдиевтің мыңғыртып мал өсіру жолындағы әрекеті 1991 жылы Қызылқұмның қойнауы Мыңбұлақ ауылына қарасты Ақсай отарында басталады. Әскерден қайтқан Темур әкесінің шопан таяғын қолға алып,  ерте тұрып, кеш жатып, өзінің барлық күш-жігерін, тәжірибесі мен білімін ұштастырып, аудандағы уақ мал көрсеткішінің артуына үлес қоса бастайды. Қатардағы  қарапайым еңбек адамы құлқұдықтық Кенжегүл Ешмұратовамын бас қосып, бір ұл бір қыз өсіреді. Жиырма жылдан астам уақытта Мыңбұлақ ауылы кеңшарында шопандық  қызмет жолында алдына айқын мақсат қойып, жыл сайын үздік нәтижеге қол жеткізеді. Тіпті жоспарлағаннан артық табыс тауып, аудан қазынасының молаюына септігін тигізеді.

Темур Аймырзаұлы «Мал шелді болмай, төлді болмайды» деген тәмсілді ту етіп жұмыс істеген. Ол мал күтіміне айрықша мән беріп, жылдың қай мезгілінде де барлығына бірдей қарап, алынған төлді аман өсіруді өзінің бұлжымас міндеті санаған. Қолы қалт етсе, қорадағы қойлардың жай-күйін біліп, әсіресе, жаз айларында аптап ыстықтағы шөл жағдайында, отарын түнделетіп жаюға, санитарлық, емдеу-профилактикалық жұмыстарын уақытылы атқаруға дағдыланған. Мұның барлығын бәзбіреулер сияқты шаршап-шалдығып емес, ыждағаттылықпен іске асырған. Өйткені, ол өзіне жүктелген міндеттің арғы жағында ар-ұяттың өлшемі бар екенін білген.

Шопан есімінің елге танылуына жұбайы Кенжегүл Ешмұратованың да үлесі ерекше. Ол «Көңіл-күйдің ажары – сәнді тұрмыс» деген сөзді өмірлік ұстанымы етіп, көшпелі малшы өмірі жағдайында да дастарханы жайнап, сәні мен салтанаты жарасып тұрмыс кешкен. Бір отар малдың тауқыметін жарымен бірдей көріп, көмекші шопан атанған Кенжегүл дастарханынан қойдың сүтінен жасалған құрт, май, ірімшік, брынза, түйе шұбаты үнемі табылады.  Отанасы үй шаруасын ұршықша иіріп қана қоймай, төлдету мен қырқым маусымында отағасына бас көмекші, шаруаны бірден бітіріп, білек сыбанып, жәрдемшілерге қосылады.   Отағасы мен жұбайы бүгінде ұл мен қызымен өрбіген 5 немеренің сүйікті ата-әжесі. 

Төрт  мезгілде де тыным таппай маңдайы күнге күйіп, табаны тасқа тиіп тер төгетін нағыз еңбеккер бүгінгі кейіпкеріміз 2017 жылы Қызылорда облысымен шекаралас Үшқұдық ауданында «Аймырза-Кәусар» фермер шаруашылығының негізін қалаған. Аталмыш фермер қожалығында бүгінде 300 қой мен 30 бас түйе бағылуда. Шаруаға қажетті техникасы да бар. Су, жүк мен мал азығын таситын жүк көліктері мен тұрмысқа қажет жеңіл көлік шопан үйі алдында жұмысқа сақадай-сай тұр. Ата кәсіпті тіршілігінің тамыры еткен шаруа қоғамда ғана емес, отбасында өміршең өмір жолымен үлгі болып жүрген тұғыры биік жан.

Осы тұрғыда Мыңбұлақтың үлгілі шопаны атанған Темурдың жүлдесі туралы айта кетсек артық етпес. Ол 2022 жылы 1-желтоқсанда ауылшаруашылығы қызметкерлерінің төл мерекесінде  «Өзбекстан Республикасы ауыл шаруашылығы жанкүйері» төсбелгісін омырауына таққан, ең бастысы  ерен еңбегі еленген бақытты қазақ шаруагер.

Гүлдана НАРЫНБЕТОВА, Райхан ҚАДЫРОВА

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға