©El.kz/Артем Чурсинов

«Қисық дүние» кітабының тұсаукесері өтті

20.11.2025 16:21

Бүгін белгілі қаламгер, журналист, аудармашы Жадыра Шамұратованың «Қисық дүние» кітабының таныстырылымы болды. Іс-шараның басты ерекшелігі: еркін форматта өтуі. «Qazcontent» АҚ ұйымдастырған кітаптың тұсаукесеріне бір топ жас толқын ақын-жазушылар, журналистер мен этнопедагогтар, блогерлер қатысты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қазір заман ағымына ілесіп қалам тербейтін жазушылар жоқ деген ұғым пайда болды. Мен келіспес едім, себебі іздеген адам табады. «Қисық дүниені» оқып отырып, бүгінгі қоғам көрінісі көз алдыма келді. Автордың көзқарасымен қарасақ, терең ой, ондағы кейіпкердің ішкі жан дүниесіне үңіле білген нәзіктік пен махаббатты аңғаруға болады. Автордың шығармасындағы кейіпкерлерді мен де өмірде кезіктірдім. Сондықтан бұл шығарманың алар орны ерекше. Әйел образдары жақсы суреттелген, - деп атап өтті шараны ашып берген «Qazcontent» АҚ төрағасы Айна Задабек.

Артем Чурсинов

Автордың бұл жинағында өмір мен махаббат, мейірім мен өкініш, арман мен күрес өзара сабақтасып өріледі. Байлыққа алданған жас әйелдің өкініші – адами құндылықтың шынайы бағасын еске салса, өмірін өзгелердің саулығына арнаған дәрігер, шын мәнінде, өзі жалғыз, өзі мейірімге шөлдеген жан.

Артем Чурсинов

Белгілі әдебиеттанушы Асылбек Байтанұлы, «Қисық дүние» жинағы қоғам шындығын тап баса суреттеген жинақ деген пікірін білдірді.

Әдебиет – өмірдің айнасы. «Қисық дүниенің» атауының ауқымы кең. «Әйел ер азаматтың қабырғасынан жаралған» деген мифологияның барын ескерсек, қисық жаралған сүйекті қолдан түзеу келмейді. Осы түсініктерді автор ишаралап шыққандай. Бұл мазмұнда мінез бар, әрі өмірдің жақсы айнасын көрсетуді мақсат еткен, - дейді Асылбек Байтанұлы. 

Артем Чурсинов

Кітапқа енген әңгімелерде сан алуан тағдыр бар. Қиыншылық көрген қорғансыз жандар, есірткіге тәуелділіктің қасіретін шеккендер, дін фанатизмінің салдарына ұрынғандар, т.б. сияқтыларды баяндап, суреттей отырып, жазушы қоғамның сыздаған жарасын көз алдыңызға әкеледі. Әрбір оқиға – жеке тағдыр болғанымен, өмірдің айнасы іспеттес. Автор адам жанының терең иіріміне үңіле отырып, замана тынысын шынайы беруге тырысқан.

Көптен бері проза жанрында қалам тербеп жүрген автор бұған дейін «Секундтар арасындағы шексіздік», «Айтылмаған сыр», «Сандық» жинақтарын оқырмандарына ұсынған.