Жаңалықтар

ҚХА-30 жылдығы қалай тойланып жатыр

ҚХА-30 жылдығы қалай тойланып жатыр
Фото: коллаж El.kz 08.04.2025 17:39 605

Қазақстан халқы Ассамблеясы – ел бірлігі мен татулығының символына айналған бірегей құрылым. 1995 жылы 1 наурызда құрылған бұл институт биыл 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. Ассамблея осы жылдар ішінде этносаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты сақтауға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарып, еліміздің бірегейлігін нығайтуға зор үлес қосты. Мерейтой аясында биыл республика көлемінде 150-ден астам түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылды. Ендеше, бұл уақытқа дейін өткен маңызды шараларға тоқталып өтейік.

ҚХА-ның мерейтойлық жылының ресми ашылуы

2025 жылы 1 наурызда Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық жылының ашылуы және «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» атты республикалық форум өтті.

Салтанатты іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов, Парламент депутаттары, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов, мемлекеттік органдардың, этномәдени бірлестіктер мен ҚХА қоғамдық құрылымдарының басшылары мен өкілдері, Ассамблея ардагерлері, белгілі қоғам қайраткерлері мен сарапшылар қатысты.

Форум аясында еліміздің барлық Достық үйлерінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған құттықтауы оқылды. Алғыс айту күніне орай «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» ескерткіш тақтасы салтанатты түрде ашылды.

Спикерлер мен Ассамблея қайраткерлері ҚХА-ның құрылу тарихына, оның 30 жыл ішіндегі жетістіктеріне, елдегі бірлік пен келісімді нығайтудағы тарихи рөліне тоқталды. Сонымен қатар Алғыс айту күнінің маңыздылығы мен мазмұны да кеңінен талқыланды.

Іс-шара соңында ҚХА-ның жыл сайынғы «Қайырымдылық керуені» республикалық акциясының басталғаны жарияланып, Ассамблея ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, естелік сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ «Қазақ еліне мың алғыс» монументіне гүл шоқтары қойылды.

Осы күні еліміздің барлық өңірлерінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Алғыс айту күніне арналған челлендждер, фестиваль-көрмелер, концерттер және басқа да мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.

Ассамблея туы Килиманджаро шыңында желбіреді

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай, 26 ақпанда Қазақстанның альпинизмнен еңбек сіңірген спорт шебері Мақсат Жұмаев бастаған спортшылар командасы Африкадағы ең биік тау – Килиманджаро шыңына көтерілді.

Шыңға көтерілу барысында қиындықтар орын алып, ауа райы да оңай болған жоқ, бірақ команда барлық қиындықтарды жеңіп, өз мақсатына жетті.

Қатты жел мен оттегінің жетіспеушілігіне қарамастан, альпинистер Ухуру шыңына – теңіз деңгейінен 5895 метр биіктікке көтеріліп, Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының туын желбіретті.

Мақсат Жұмаев – биіктігі 8000 метр болатын барлық 14 шыңды оттегінсіз бағындырған әлемдегі 12-ші альпинист.

Алматыда ҚХА-ның 30 жылдығына орай дөңгелек үстел өтті

Алматы қаласындағы республикалық Достық үйі мен Бостандық ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай бірлескен дөңгелек үстел өткізді.

Іс-шараға Бостандық ауданы әкімінің өкілі, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының басшысы С.О. Сәдуақасова, аудан мен «Шахристан» тұрғын үй кешенінің зейнеткерлері, орталық қызметкерлері және басқа да қатысушылар қатысты.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің «Қоғамдық келісім» РММ өкілі, философия ғылымдарының докторы Г.Қ. Билялова Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу тарихы, жетістіктері мен қызметінің негізгі бағыттары жайлы кеңінен баяндады.

Дөңгелек үстел соңында «Мен Қазақстанда туғаным үшін тағдырыма алғыс айтамын!» атты мерекелік концерт өтті. Іс-шара еліміздегі этностар арасындағы достық, мейірімділік пен келісімнің жарқын көрінісіне айналды.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы: бірлік пен дамудың үш онжылдығы» халықаралық дөңгелек үстелі

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында өткен «Қазақстан халқы Ассамблеясы: бірлік пен дамудың үш онжылдығы» атты халықаралық дөңгелек үстелге қатысты. Іс-шара ҚХА-ның 30 жылдығына арналды.

Дөңгелек үстел барысында спикерлер Ассамблеяның соңғы 30 жылдағы ел бірлігі мен келісімін, мәдениетаралық диалогты нығайтудағы рөлін атап өтті. Сонымен қатар, бұл қоғамдық институттың әлеуметтік-саяси тұрақтылықты дамытуға, қоғамдағы бейбітшілік пен өзара түсіністікті қалыптастыруға қосқан үлесі жайлы да айтылды.

Шара соңында қатысушылар ҚХА-ның 30 жылдығына орай жоспарланған іс-шаралар мен қоғамдық жобалардың жүзеге асырылу барысын талқылады.

ҚазҰУ-де Алғыс айту күні мен ҚХА-ның 30 жылдығы атап өтілді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Farabi HUB» орталығында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған салтанатты іс-шара болды.

Мәдени шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, этномәдени бірлестіктер мүшелері, профессор-оқытушылар құрамы мен студент жастар қатысты.

Кездесу барысында ҚазҰУ Басқарма төрағасы – ректор Жансейіт Түймебаев жиналған қауымды мерекемен құттықтап, Қазақстан халқы Ассамблеясының 1995 жылы елдегі этносаралық келісім мен мәдени сан алуандықты нығайту мақсатында құрылғанын айтты.

Павлодар мектептерінде «Бейбітшілік пен келісім» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты болды

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында Павлодар қаласының 30 жалпы білім беру мектебінде «Бейбітшілік пен келісім» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты ұйымдастырылды.

Іс-шараға Павлодар облыстық ҚХА мүшелері, қоғамдық құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Абай облысындағы «Folk&Art» фестивалі мен мотивациялық тренинг

Абай облысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Folk&Art» халықтық және заманауи өнер фестивалі мен жастарға арналған мотивациялық тренинг ұйымдастырылды.

Бұл маңызды шара өзін-өзі дамытуға, жетістікке ұмтылуға және қоғам өміріне белсене атсалысуға ниетті белсенді, мақсатшыл әрі талантты жастарды біріктірді.

Қостанайда «30 жылдыққа – 30 нәрестеге бата беру» атты игі шара өтті

Қостанайда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «30 жылдыққа – 30 нәрестеге бата беру» атты қайырымды шара аясында жаңа босанған 7 анаға ақ баталар беріліп, арнайы сыйлықтар табысталды.

Іс-шараға Қостанай облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар мен Аналар кеңесінің мүшелері, медицина қызметкерлері қатысты. Жаңа өмірге қадам басқан сәбилер мен олардың аналарына жүрекжарды тілектер айтылып, ақ ниетпен баталар жолданды.

Атырауда «Қайырымдылық керуені» акциясы өткізілді

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында Атырау қалалық перзентханасында «Қайырымдылық керуені» атты игі акция ұйымдастырылды.

Іс-шараны «Алтын шаңырақ» Атырау облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесі қолға алды.

Әлібек Қайырбек Ассамблея шыңына көтерілді

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Алғыс айту күніне орай елордалық домбырашы әрі альпинист Әлібек Қайырбек 4068 метр биіктіктегі Қазақстан халқы Ассамблеясы шыңына көтерілді.

Шың басында ол қазақтың дәстүрлі күйін орындап, тау самалын туған елінің әуезімен тербетті. Сонымен қатар, бірлік пен келісімнің символы саналатын Ассамблея туын желбіретіп, барша қазақстандықтарды осы айтулы мерекемен шын жүректен құттықтады.

СҚО-да «Туған жерім – Қазақстаным» атты мерекелік концерт өтті

Солтүстік Қазақстан облысында Алғыс айту күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Туған жерім – Қазақстаным» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Іс-шараға облыстық ҚХА-ның этномәдени бірлестіктері мен құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері қатысты.

Марат Әзілханов Беларусь мәдени орталығының өкілімен кездесті

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Әзілханов ҚР «Родны кут» Беларусь мәдени орталықтары қауымдастығының ЗТБ төрағасы, ҚХА мүшесі Д.Останьковичпен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай этномәдени бірлестіктің жоспарлары мен негізгі іс-шаралары, ҚХА-ның алдағы XXXIV сессиясына дайындық барысы және қоғамдағы этносаралық келісімді нығайту мәселелері талқыланды.

Н.В. Плушкис атындағы «Мэрцишор-2025» румын фольклорының XI фестивалі

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және «Дакия» румын мәдени қоғамының 20 жылдығына орай Н.В. Плушкис атындағы «Мэрцишор-2025» румын фольклорының XI фестивалі өтті.

Шараның басты мақсаты – этнос өкілдері арасындағы мәдениетаралық байланысты нығайту және румын фольклоры мен дәстүрін насихаттау.

Фестивальдің құрметті қонағы – Молдова Республикасының Еңбек сіңірген әртісі Ленуца Георгицэ болды. Гала-концертте «Доруле» этнофольклорлық тобы, «Волшебная страна» және «Қуаныш» хореографиялық ансамбльдері, «Казачья вольница», «Русалица» халықтық ансамбльдері, «YAHOLOM» би тобы және фестиваль лауреаттары өнер көрсетті.

Шымкентте Халықаралық әйелдер күні мен ҚХА-ның 30 жылдығына арналған мерекелік концерт өтті

Шымкент қаласының «Достық үйінде» Халықаралық әйелдер күні мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай мерекелік концерт ұйымдастырылды.

Іс-шара ҚХА әйел мүшелерін, көп балалы аналар мен әжелерді құрметтеуге бағытталды. Қонақтарды әртістердің жарқын қойылымдары, ұлттық билер мен жылы құттықтаулар қуантты.

Мерекелік кештің ерекше сәті – көрнекті әйелдерді марапаттау рәсімі және «Хаси-фейшн» ұлттық әйелдер киімдері топтамасының көрсетілімі болды.

Жұмысшы мамандықтағы әйелдер форумы

Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Халықаралық әйелдер күнін мерекелеуге арналған жұмысшы мамандық өкілдерінің әйелдер форумы өтті.

Бұл ерекше іс-шара қоғамның дамуына күн сайын үлес қосып жүрген мықты және жігерлі әйелдердің басын қосты.

Форумға облыстың әр өңірінен келген жұмысшы әйелдер қатысты. Шарада әйелдердің қуатты, кәсіби және сарқылмас күш иелері екендігін дәлелдейтін жетістіктері мен табыстары, сондай-ақ олар кездескен қиындықтармен бөлісті.

БҚО-да «Ақ орамал» республикалық акциясы аясында мерекелік іс-шара өтті

БҚО Достық үйінде «Ақ орамал» республикалық акциясы аясында «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлеріне ақ орамал табыстау рәсімі және Аналар кеңесінің өкілдеріне 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай республикалық «Ақ орамал» акциясы еліміздің барлық аймақтарында өткізілуде.

«Ассамблея жастары» өкілдері Шекара қызметі академиясында курсанттармен кездесті

«Ассамблея жастары» өкілдері Анна Торосян мен Рустам Қайрыев Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметі академиясында курсанттармен кездесу өткізді. Басқосу барысында олар курсанттарға Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі, оның негізгі жобалары мен құрылымдары туралы айтып берді.

Анна Торосян қатысушыларға ҚХА-ның 30 жылдағы жетістіктері мен «Бірлігіміз – әралуандықта» тұжырымдамасы негізінде QUIZ ойынын өткізді. Курсанттар 5 адамнан бөлініп, командалық ойынға белсене қатысты.

Шара соңында ойын қатысушыларына бағалы сыйлықтар табысталды.

Алматыда «Қазақстан халқы Ассамблеясы – татулық темірқазығы» фестивалі өтті

Алматы қаласында орналасқан Қазақстан Жазушылар кітапханасында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Қазақстан халқы Ассамблеясы – татулық темірқазығы» атты фестиваль ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты – Қазақстан халқының татулығы мен бірлігін нығайту. Фестивальде Әуезов ауданы әкімдігі, Тілдер және мәдениет дамыту бөлімінің бас маманы А. М. Исалиева және Алматы қаласы Республикалық Достық үйінің жетекші сарапшысы А. С. Жакупова Ассамблеяның ел бірлігінің тірегіне айналғанын атап өтіп, құттықтау сөз сөйледі.

Этномәдени бірлестік төрағалары мен өкілдері, соның ішінде грек қоғамының қауымдастығынан Г. К. Иорданиди, шешен және ингуш қауымдастығының мүшесі Зура Ахмадова, ұйғыр жазушысы әрі драматург Авут Масимов Қазақстан халқын біріктіретін ортақ тарих пен құндылықтардың маңыздылығын атап өтті.

Фестиваль барысында түрлі этностардың өнерпаздары халық әндерін орындап, би билеп және халық аспаптарында өнер көрсетіп, шығармашылық ұжымдар өз өнерлерін паш етті. Сонымен қатар, ҚХА кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Фестиваль нәтижесінде үздік қатысушылар «Алғыс хатпен» марапатталды.

«30 қайырымды іс» акциясы аясында балаларға көмек көрсетілді

Шымкент қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің белсенділері Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «30 қайырымды іс» акциясы аясында сыйлықтар табыстады. Олар сыйлықтарды қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «№6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында» ерекше қажеттіліктері бар балаларға ұсынды.

Шымкентте «Мәдени мұра» экологиялық акциясы өтті

Шымкент қаласының Мәртөбе тұрғын алабында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Жаңару күніне орай «Мәдени мұра» экологиялық акциясы ұйымдастырылды.

Бұл экологиялық акция «30 қайырымды іс» акциясы аясында, елдің тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен қоршаған ортаны қорғау мақсатында өтті. Шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, зиялы қауым, студенттер мен қала тұрғындары Мәртөбе тарихи кешенінің аумағында тазалық жұмыстарын жүргізіп, абаттандыруға қатысты.

Қарағанды медициналық университетінде Студенттік Ассамблеяның ресми ашылуы

2025 жылғы 18 наурызда Қарағанды медициналық университетінде қаладағы алғашқы Студенттік Ассамблеяның ресми ашылу рәсімі өткізілді.

Шара «Біз – әртүрліміз, біз – теңбіз, біз – біргеміз!» XII студенттік фестивалі аясында өтіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Қарағанды медициналық университетінің 75 жылдығына арналды.

Салтанатты ашылу рәсіміне «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасы Тимур Джумурбаев, Қарағанды медициналық университеті басқарма төрағасының м.а. Виктор Риклефс, «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасының орынбасары – Республикалық студенттер Ассамблеясының басшысы Александр Урмашов, университет басшылығы, студенттер мен облыстық ҚХА мүшелері қатысты.

Ашылу рәсімі барысында қатысушылар мен қонақтар «Бауырсақ-fiesta» студенттер фестиваліне қатысып, симуляциялық және білім беру технологиялары, сондай-ақ ғылыми-зерттеу орталығының жұмысымен танысты.

Таразда «Алтын шаңырақ» Студенттік Ассамблеясы ашылды

ҚХА 30 жылдығына орай 27 наурыз күні Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінде «Алтын шаңырақ» Студенттік Ассамблеясының ресми ашылуы өтті. Ашылу рәсімін Жамбыл облыстық ҚХА «Ассамблея жастары» РҚБ белсендісі, аталған университеттің 1-курс студенті Аяна Ким басқарды.

Жиында «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мубарак Жинақбаева, ҚХА «Ассамблея жастары» РҚБ төрағасының орынбасары әрі өңірлік жастар бірлестігінің төрайымы Хамида Турдыева, университет ректоры, аймақтық ҚХА ҒСТ төрағасы Махметғали Сарыбеков сөз сөйледі.

Мубарак Жинақбаева өз сөзінде Студенттік Ассамблеяның этносаралық татулық пен келісімді нығайту, Қазақстандағы этнос өкілдерінің салт-дәстүрін, мәдениеті мен тарихын құрметтеу мақсатында құрылғанын атап өтіп, студенттік демократияны дамытуға да үлес қосатынын айтты.

Іс-шара пікір алмасу және жалпы фотосессиямен аяқталды.

 Ақтөбедегі «Этносаралық бірлік пен ынтымақ тұрақтылық кепілі» ғылыми конференциясы

Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің «Профессор А.Ә. Айталы» атындағы ғылыми кітапхана залында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында «Этносаралық бірлік пен ынтымақ тұрақтылық кепілі» тақырыбында ғылыми конференция ұйымдастырылды.

Конференцияға елімізге белгілі философ ғалымдар, профессор-оқытушылар, өңірлік ҚХА мүшелері, ғылыми сарапшылық кеңес, жас ғалымдар клубының мүшелері, студент жастар және БАҚ өкілдері қатысты.

Спикерлер конференция барысында Қазақстандағы этносаралық келісім мен тұрақтылықтың даму жолдарын талқылап, ұлттық бірегейлік пен патриотизмді нығайтудағы Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызы туралы баяндамалар оқып, өз ойларын ортаға салды.

Қарағандыда этномәдени бірлестіктер арасында футболдан турнир өтті

2025 жылғы 1 сәуірде Қарағанды қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған спорттық шара ұйымдастырылды.

Жарысқа жоғары дайындық деңгейін, ұйымшылдық пен жеңіске деген ұмтылысты көрсете білген 8 этномәдени бірлестік өкілдері қатысты.

Турнирдің жеңімпазы шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің командасы атанды, екінші орынды татар-башқұрт этномәдени бірлестігі иеленді, ал үшінші орын дағыстан этномәдени бірлестігінің командасына бұйырды. Жеңімпаздарға кубок, медаль және естелік сыйлықтар табыс етілді.

Бородулиха ауданында «Бір шаңырақ астында: Ассамблеяның 30 жылдық белесі» тақырыбында көшпелі лекторий өтті

Бородулиха ауданы колледжінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Бір шаңырақ астында: Ассамблеяның 30 жылдық белесі» тақырыбында көшпелі лекторий ұйымдастырылды.

Кездесу барысында студенттерге Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихы мен маңыздылығы, сондай-ақ оның елдегі этносаралық келісім мен бірлікті нығайтудағы рөлі туралы түсіндірілді. Ерекше назар «Ассамблея жастары» және Студенттік Ассамблея сияқты жастар қозғалыстарына бөлінді. Бұл ұйымдар жас қазақстандықтар арасында достық, өзара түсіністік және волонтерлік идеяларын белсенді түрде дамытып келеді.

Лекторий тек білім беру алаңы ғана емес, сонымен қатар студенттерді бірлік, татулық және қоғамдық қызмет құндылықтары туралы ойлануға шабыттандырған маңызды шара болды.

«Жан DoStar: бір аспан астында» VIII Республикалық өнер фестивалі

Астанада «Жан DoStar: бір аспан астында» VIII Республикалық өнер фестивалі өтті. Шараға қатысушылар елімізде тұратын түрлі этнос өкілдерінің тілінде вокалдық, аспаптық және әдеби шығармаларды орындап, өздерінің мәдениетін көрсететін хореографиялық қойылымдарды ұсынды.

Фестиваль барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жыл ішіндегі бірлікті, үйлесімділікті және мәдениетаралық диалогты нығайтудағы бірегей рөлі атап өтілді.

Конкурс қатысушылары, лауреаттары және олардың тәлімгерлері Ассамблея мен ұйымдастырушылардың бағалы сыйлықтарымен марапатталып, шығармашылыққа деген шабыт алды.

Жетісу облысында кітап шығарылымы мен көркем фильм түсірілімі бойынша отырыс өтті

Жетісу облысының «Тіл сарайы» ғимаратында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай кітап шығарылымы мен көркем фильм түсірілімі бойынша жұмыс тобының отырысы өтті.

Шараның спикері ретінде Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов сөз сөйледі.

Кездесу барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай әзірленетін кітап пен көркем фильмнің түсіріліміне қатысты ұсыныстар мен талқылаулар жүргізілді.

Төлебидегі ұлттық рухты ұлықтаған көкпар сайысы

Түркістан облысы Төлеби ауданына қарасты Екпінді ауылында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай ұлттық спорт түрі – көкпардан ауқымды жарыс ұйымдастырылды.

Ел бірлігін дәріптеп, салауатты өмір салтын насихаттаған бұл дүбірлі додаға Шардара ауданының тумасы, ұлттық спорттың жанашыры әрі жеке кәсіпкер Виктор Деревянко демеушілік жасады. Жарыстың жалпы жүлде қоры 4,5 миллион теңгені құрады.

Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен өткен шараға еліміздің түрлі өңірлерінен, сондай-ақ Германия, Ресей, Қытай елдерінен арнайы келген қонақтар қатысты. Сонымен қатар облыстың барлық аудан-қалаларынан атбегілер мен шабандоздар, ардагер спортшылар, ауыл ақсақалдары, БАҚ өкілдері мен жергілікті тұрғындар бас қосты.

Мерекелік көңіл-күй сыйлаған көкпар барысында ас беріліп, киіз үйлер тігіліп, патриоттық әндер шырқалды.

Іс-шараның бас ұйымдастырушысы Виктор Борисович өз сөзінде елдің ынтымағы мен тұтастығын сақтау – әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы екенін атап өтті.

Жарыс қорытындысында үздік шабандоздар анықталып, қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Атап айтқанда, келестік Ғалымжан Мырзабаев пен қазығұрттық Бәйдібек Сабыров үздік ойын өрнегін көрсетіп, 500 мың теңгелік жүлдеге ие болды. Сонымен қатар басқа да шабандоздарға қомақты сыйлықтар табысталды.

Тартысты жарыс соңында ауыл ақсақалдары жастарға ақ батасын беріп, ел болашағы үшін еңбек етуге, бірлік пен татулықты бағалауға үндеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға