Жаңалықтар

ҚазҰУ ғалымдары цифрлық теміржол моделін ұсынады

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлім етті
ҚазҰУ ғалымдары цифрлық теміржол моделін ұсынады
Фото: gov.kz 27.12.2022 09:24 1648

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жерді қашықтан зондтау орталығының мамандары теміржолға арналған жаңа геоақпараттық жүйе жасап шығарды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Оның негізінде ғалымдар теміржолдың электронды-векторлық картасын, яғни сала мамандары мен жолаушыларға арналған заманауи навигатор әзірлеуді ұсынып отыр.

Жоба авторларының айтуынша, мұндай электронды-векторлық карта қазіргі отандық теміржол саласында жоқ. Ол теміржол жұмысын уақыт талабына сай жедел әрі қауіпсіз жүргізуге, перспективалық жоспарлау мен жобалауға мүмкіндік береді.

«Қазіргі таңда диспетчерлер пойыздың қайда кетіп бара жатқанын машинистердің айтуы арқылы белгілейді. Ал біз жасайтын электронды жүйе арқылы картадан объектінің орналасқан жерін, теміржолдың әрбір сантиметріне дейін көріп отыруға болады. Әрі электронды картаны бірнеше рет редакциялап өзгертуге, веб-порталға шығаруға болады. Әрбір пайдаланушыға рұқсат етілген ақпарат көлемі де әртүрлі. Мәселен, мамандарға арналған мәліметтер базасындағы кестелер жолаушыларға қолжетімсіз. Нәтижесінде, жұмысшы теміржолдың кез келген жеріндегі ақауды электронды картаға планшет арқылы белгілеп көрсете алады. Диспетчер сол арқылы өздерінің ситуациялық орталықтарына хабар береді», – дейді Жерді қашықтан зондтау орталығының ғылыми қызметкері Бахыт Сахариев.

Электронды картаның мәліметтер базасында теміржол қасындағы стансалар, инфрақұрылымдар мен жол өткелдері, семафордан бастап әрбір релске дейін қамтуға мүмкіндік бар. Ол үшін электронды карта жасау барысында ғарыштан түсірілген кескіндерден бөлек, дрон және лазер қолданылмақ. Бұл қазіргі ғарыштық технологияның мүмкіндіктері. Осыған дейін ҚазҰУ мамандары «Алматы-1» темір жол вокзалын ғарыштан түсіріп, 1 пиксельге 50 сантиметр сыятындай кескінге қол жеткізген болатын.

Бұдан бөлек, бұл инновациялық технологиялар қаражат көлемін оптимизациялауға көмектеседі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға