Қала тіршілігінен ауылға бет бұрған Ернұр Сағатбек туған жерінде мал шаруашылығын дамытып, туризмді жолға қоюды көздейді. Ол үшін ауыл тек тұрмыс мекені емес, ұлттық құндылықтарды сақтап, жаңа мүмкіндіктерді ашатын кеңістік.
Өзі болса Алматыдағы ҚазҰУ-дағы оқытушылық қызметін артқа тастап, туған ауылына оралған. Ол мұғалімдердің көбі өз жұмысына налитынын, бірақ 90 пайызы тастап кете алмайтынын айтады. El.кz интернет порталының тілшісі кәсіп иесін сөзге тартып, әңгімелесті.
Ауылда да бақытты өмір сүруге болады
Университетте жұмыс істеп жүргенде көп ойға қалдым. IELTS-қа дайындалып, докторантураға түсу туралы мақсатпен жүрдім. Бірақ карантин кезінде бір сәтке тоқтап, өзіме сұрақ қойдым: «Бұл шынымен маған керек пе? Жалпы не үшін оқығым келеді?», деп. Сөйтсем, көп жағдайда қатарластарымнан қалмау үшін ұмтылып жүр екенмін. Оның үстіне жұмыстағы жүйесіздік, қағазбастылық, рейтинг үшін істейтін артық жұмыстар, мұғалімдерді көше сыпыруға салу сияқты бұрыннан келе жатқан кеңестік әдеттер қатты қажытты. Сол себепті бір күнде оқытушылықтан бас тартып, ауылға кеттім, – дейді ол.
Қазір Ернұр Сағатбек Алматы облысы, Райымбек ауданы Қарасаз ауылында туып-өскен жеріне оралып, Шалкөде жайлауында отбасымен бірге өмір сүріп жатыр. Ол ауылда мал бағумен айналысады әрі ауылды дамытуға, туризмді жолға қоюға ниетті.
Көпшіліктің ойынша, ауылда тек қиындық бар сияқты көрінеді. Бірақ мен ауылда да бақытты әрі әдемі өмір сүруге болатынын дәлелдегім келеді. Мал шаруашылығын дамыту арқылы ауылдың әлеуетін көтеріп, турист тартуды жоспарлап жүрмін. Бұл – менің басты мақсатым, – дейді агрореформатор.
Ауылға оралу мен үшін қиындық болмады
Ауыл мәселелерін көтеріп жүрген Ернұр Сағатбек үшін ауылға оралу өміріндегі аса бір қиындық немесе түбегейлі өзгеріс болмаған. Қала мен ауылдың басты айырмашылығы – құндылықтарда екенін айтады.
Қалада қарбалас тірліктің ішінде көп нәрсені ұмытып кетеміз. Ал ауылдың ерекшелігі – ұлттық және адами құндылықтарды сақтап қалғанында. Сол себепті ауыл адамға табиғилығын, қарапайымдылығын қайта сыйлайды, – дейді ол.
Айтуынша, ауылға қоныс аудару әйеліне сәл ауырлау болған көрінеді.
Ауылға көшу маған қиындық тудырған жоқ. Барлық жер бірдей сияқты көрінеді. Бірақ келіншегіме сәл ауырлау болды. «Ауылға кетіп қалыпсыңдар ғой, қалай өмір сүріп жатырсыңдар?» деп таңданғандар да болды. Қала мен ауылдың айырмашылығы бар, бірақ мен ауылға келген соң жаным тыныштық таптым, рахатқа бөлендім. Ал «комфорттан айырылып қалдым» деген ой мүлде болған жоқ, – дейді ол.
Ернұр ауылға оралуын белгілі бір кезеңдік қадам ретінде қабылдайды.
Мен үшін ауылдың орны бөлек. Бірақ туған жерге сүйеніп қаламын деп ойламаймын. Бұл – менің бір өсу кезеңім. Солай қабылдаймын, – дейді ол.
Балалық шағын еске алған ол өз әулетін «мал көп ұстаған, сырт көзге дәулетті көрінген отбасы» ретінде сипаттап, естеліктерімен бөлісті.
Бала күнімізде бізді малымыз көп болғандықтан бай деп ойлайтын. Бізде Кеңес Одағынан қалған киімдер көп болатын. Сандықтың түбінде құдалықтан келген костюм-шалбар жататын. Сол костюм маған дәл келетін күнді асыға күттім. Ақыры бірінші сыныпқа барғанымда сол киімді киіп шықтым. Ол жаңа сатып алынған нәрсе емес еді, бірақ мен үшін ең үлкен қуаныш сол болды. Себебі ол – бала көңілге қымбат, ең қадірлі сәт. Сол шақ – менің ең ыстық естеліктерімнің бірі болып қалды, – деп еске алды ол.
Ернұр Сағатбек ауылдағы бір күнінің қалай өтетінін айтып берді.
Менің күнім ауылда сәл ерекше өтеді. Ерте тұрып, алдымен өзімді дамытуға бір-екі сағат білімге көңіл бөлемін. Содан кейін жұмысыма, контент дайындауға және отбасыма уақыт арнаймын. Қалада үйренген жайлылықтар ауылда жетіспейді деп ойламаймын. Өйткені ауылды сол қалпында қабылдаймын. Көбінесе бұл жағын әйел адамдар көбірек ойлайды екен. Ал мен үшін ауылда бәрі өз орнымен, – деді.
Мұғалімдер өзгерістен қорқады
ҚазҰУ-дағы оқытушылық қызметті бір күнде тастап, ауылға бет бұрған ол мұғалімдердің басым бөлігі кәсібін тастап кеткісі келгенімен, өзгерістен қорқып, батыл қадам жасай алмайтынын айтады.
Иә, бұл – адамдардың өзгерістен қорқуы. Өзгерістен қорқып, өзіне ұнамайтын «қамытты» киіп, сонымен өмір сүре береді. Бірақ соны жамандап, ренжіп жүріп те шыдайды. Яғни, мәселе – батыл қадамдарға бара алмауда, – деді.
Ауылдағы білім беру саласына қатысты ойын ашық айтты.
Барлық ауылға бірдей баға беру қиын, бірақ көбінде жағдай күрделі. Маман тапшылығы қатты байқалады. Кейде сырттай оқыған адамдар бірнеше пәннен қатар сабақ береді. Мұндайды көргенде балаларға жаның ашиды. Бұл шынында да, оңай емес, – деді ол.
Жастарды ауылға қалай тартуға болады?
Оның айтуынша, ауылда білім сапасын көтеру үшін ең алдымен жүйелі өзгерістер қажет.
Баланы оқыту, мұғалімдер мен жастарды ауылда ұстап қалу үшін жоғары деңгейде нақты бағдарламалар керек. Біз жеке деңгейде әрекет ете аламыз, бірақ жүйе өзгермейінше нәтиже аз. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бар, бірақ, шынын айтсам, айтарлықтай жемісін беріп жатқан жоқ, – деді.
Сол себепті жастарды ауылға тартудың ең басты жолы – оларға жаңа мүмкіндіктер ашу керек екенін айтады.
Жастарды қызықтыратын нақты жобалар керек. Тек әкімшілік, мектеп, дәріхана немесе шағын медпунктпен шектеліп қалмауымыз қажет. Ауылда өндіріс ашылып, жаңа жұмыс орындары құрылса ғана жас мамандар тұрақтап, ауылға жаңа серпін әкелер еді, – дейді ол.
Ернұр Сағатбек өзін әзіл-шыны аралас «магистр малшымын» деп атайды. Бүгінде азын-аулақ мал бағып, оны кәсіпке айналдыруға күш салып жүр.
Мал шаруашылығына келгенде көп адам дәстүрлі әдіспен ғана шектеледі. Төлін сатып, күнкөрісін өтейді. Мен алған білімімді тәжірибемен ұштастырып, малды бордақылап, өнімін сатуды кәсіп ретінде қарауды үйрендім. Бұл – ауылда табыс табудың жаңа жолы, – дейді.
Ауыл шаруашылығы – стратегиялық басымдық
Ауыл шаруашылығын дамыту ел үшін стратегиялық басымдық болуы тиіс екенін де атап өтті.
Біз қазір көп салада қаражатымызды босқа шашып жатырмыз. Мысалы, машина жасау саласында Германия мен Жапония сияқты алпауыт елдер бар, олар бұл істің нағыз шебері. Біз қанша тырыссақ та, олардың деңгейімен бәсекелесу қиын. Ал ауыл шаруашылығы біз үшін табиғатымыздан берілген кәсіп. Сол салаға фокус қоюымыз қажет. Өйткені біз осы арқылы ұтамыз. Біздің қанымызда, табиғатымыздан келе жатқан кәсіп. Сондықтан жан-жақты ауыл шаруашылығын дамытсақ, біздің өнімді алатын елдер жететін сияқты, – дейді Ернұр.
Ол Қазақстан ауылдарының әлеуетін арттыру үшін әлемдік тәжірибені зерделеу маңызды деп санайды.
Басқа мемлекеттердің тәжірибесін зерттеп, соны қолдану керек. Ал жеке тұлға деңгейінде ең бастысы – білімге көңіл бөлу. Өйткені білімсіз ешқандай реформа жүзеге аспайды, – деді.
Ернұр Сағатбектің өмір жолы – ауылда да арман мен мүмкіндіктің бар екенін дәлелдейтін мысал. Қаладағы жайлылықтан бас тартып, туған жеріне оралуы – тек жеке таңдау емес, ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртуға жасалған қадам. Ол үшін ауыл тек тұрмыс емес, болашақтың кілті. Жастарға жаңа мүмкіндіктер берілсе, білім мен тәжірибе ауылда да іске асса, елдің әлеуеті артып, қазақтың дәстүрлі шаруашылығы жаңа деңгейге көтерілуі мүмкін.

