Жаңалықтар

ҚазҰУ-да «Жас жалын» атты салтанатты кеш өтті

Мерекелік кеш сахналық қойылымға жалғасты. 90-шы жылдардың атмосферасына сәйкес безендірілген үшінші аудиторияда ән де, би де болды
ҚазҰУ-да «Жас жалын» атты салтанатты кеш өтті
Фото: Жандос Мәдениет 19.10.2022 17:03 3218

Еліміздегі ең беделді жоғары оқу орны әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Жас жалын» атты салтанатты кеш өтті.

25 қазан - Республика күні қарсаңында арнайы өткізілген бұл шараға Журналистика факультетінің Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасы мұрындық болды. Дүркіреп өткен студенттердің әдеби-сазды танымдық кешіне оқу ордасының ұстаздары да қатысты.

Рухыңа рух қосатын, жүрегіңе нұр ұялатар сәт – мемлекеттік әнұранның шырқалуы. Бұл күнде де бұл рәсім ұмыт қалмады. Әнұранды бірге шырқап рухтанып қалған жұрт, бір серпіліп сахнаға көз тікті.

Жүргізушілер қазақи әдет-ғұрыпқа салып, меймандарға сөз берді. Алғашқы болып сөз алған Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының меңгерушісі, профессор Айгүл Рамазан жиналған жұртшылыққа алғыс білдіріп, сәттілік тіледі.

«Құрметті студенттер, кештеріңіз құтты болсын! Бұл онлайннан кейін баршамыз бірге бас қосқан кездесу. Төрт көзіміз түгел отырмыз. Лық толы аудиторияны көріп, толқып, қуанып тұрмын. Биыл біздің кафедраға 80 студент, магистрант келіп түсті. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш! Қасымхан Бегманов деген ақын ағаларың «КазГУ-дің қарашығы, көзімнің қарашығы» деп жырлады. Сол тіркесті ҚазҰУ-да жүрген әрбір студент жатқа айтатын. ҚазҰУ – жастықтың алаулаған ордасы, аңыздың ортасы. Себебі, бұл жерде Қожакеев, Амандосов, Ыдырысов, Кенжебаев секілді ғалымдар өткен. Сол Қожакеевтің қаталдығы және әділдігі туралы, Амандосовтың сырттандарды сырттан танитын аңғарымпаздығы туралы, Ыдырысовтың бауырмалдығы туралы, кіл талантты шәкірттердің ардақты ұстазы Кенжебаев туралы өз студенттерінің жазған естеліктері, айтқан «аңыз» әңгімелері – бұл күнде естелік болып қалды, аңызға айналды. Бұл ортада Бауыржан Үсенов, Табылды Досымов деген талантты ақындар болды. Сіздердің араларыңыздан да талантты шығармашылық иелері шығарына сенімдімін. Ең бастысы, өмірден орындарыңызды таба біліңіздер», – деді Айгүл Әмірғалиқызы.

«Жас жалын» атты жалындаған жастардың кеші ҚазҰУ қалашағының әр ағашын жырмен тербегендей әсер қалдырды.

Жас жалынды жандандырған, ел-жұрттың қиқуын арттырған 4 курс студенті Патта Рабиғаның монологы болды. Деканнан бастап барлық оқытушы-профессорлық құрамның сипатын келістіріп, мінездеме берген ол шынымен көптің көңілінен шықты. Ойы ұшқыр студенттің сөйлеу мәнері мен сөз саптау шеберлігі кештің көркін қыздыра түсті.

Арқалана өлең айтып, монолог оқып жарысқан студент жастарды көріп, елдің ертеңі болар рухты, патриот шәкірттеріміздің көп екендігіне қуанып, көңіл жайланды.

Жиылған жұрт бірінен соң бірі суырылып шығып, өлеңдете жөнелген талантты студенттерге қайран қалысты. Таңданды. Тамсанды. Іштей риза болысты.

Сахнаға шығып өз өнерін ортаға салғандардың арасында негізгі мамандығы әнші болмаса да әуезді үнімен, бірнеше аспапта ойнай алатын бесаспаптығымен өзіне дүйім жұртты баурап алған, болашақ дизайнер шәкіртіміз Аяулым Амангелдіге көрермен ерекше қол соқты.

Мерекелік кеш сахналық қойылымға жалғасты. 90-шы жылдардың атмосферасына сәйкес безендірілген үшінші аудиторияда ән де, би де болды. Қанша айтқанмен де «өнер десе ішкен асын жерге қоюға даяр» ұлттың өкілі емес пе, «сен тұр, мен атайын» деген сайыпқырандар бар өнерлерін ортаға салып қалуға тырысты.

Оқу тауысқан ғұламаның атындағы жоғары оқу орны. Сөз зергерлері мен текті азаматтардың табаны тиген қарашаңырақ – өнерлі мен өнерсіздің, парықты мен парықсыздың ара-жігін ажырата білетін киелі орта. Кейде қым-қуыт базардың қызығы тарқаған секілді көрінетін. Бүгінгі күн бұл пәтуаны жоққа шығарды. Демек, қарашаңырақтан әлі де талай дүлділдердің қара үзіп шығарына сенім мол.

Олай болса бұл кеш әрбір жастың көпке дейін айтып жүретін жылы естелігінің бірі болды десек артық айтқандық емес.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға