Жаңалықтар

ҚазТемірТранс лауазымды тұлғаларының қылмыстық схемасы әшкереленді

ҚазТемірТранс лауазымды тұлғаларының қылмыстық схемасы әшкереленді
Фото: pixabay.com 30.12.2022 09:21 1713

ҚазТемірТранс лауазымды тұлғаларын заңсыз байытудың қылмыстық схемасы әшкереленді. Бұл туралы El.kz ақпараттық агенттігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке сілтеме жасап хабарлайды.

«Жедел өңдеу нәтижелері бойынша Қазақстан Темір Жолы еншілес кәсіпорындарының бірінің, атап айтқанда Қазақстан Республикасы жүк вагон паркінің ірі операторы болып табылатын «Қазтеміртранс» акционерлік қоғамының лауазымды адамдарын заңсыз байытудың қылмыстық схемасы ашылып, жолы кесілді. Қоғамның және оның өңірлік филиалдарының лауазымды тұлғалары жүк вагондарының тапшылығын пайдалана отырып, кейбір жағдайларда осындай тапшылықты жасанды түрде жасай отырып, проблемаларды шешудің орнына, осы жағдайды өздерінің пайдакүнемдік мақсаттарында пайдаланған. Жүк вагондарын кедергісіз және жеделдетіп бергені үшін кәсіпкерлерден жүйелі негізде пара алғаны анықталды», - делінген Агенттік хабарламасында.

Сонымен қатар тұрақты пара алудың белгіленген схемасына филиалдардың қызметкерлері мен басшылары, сондай-ақ бас кеңсе бөлімшелерінің менеджерлері мен бастықтары қатысты болып шыққан.

«Ақша қаражаттары, әдетте, лауазымды тұлғалардың немесе олардың сенімді адамдарының, оның ішінде жақын туыстарының карт-шоттарына аударылып отырған. Қоғамның Ақмола филиалының бір ғана басшысы 2020 жылдан бастап 70 миллион теңгеден астам қаражатты заңсыз алып, оның басым бөлігін Щучье-Бурабай курорттық аймағының ойын мекемелеріне жүйелі түрде бару арқылы жұмсаған. Қоғамның Қарағанды филиалының бұрынғы және қазіргі басшылары да осындай қылмыстар жасады деп күдіктелуде. Барлық аталған адамдар ұсталды және тергеу сотының санкциясымен 2 айға қамауға алынды. Сондай-ақ, ақшалай қаражатты заңсыз алуда Қызылорда филиалының басшысы мен Қоғамның орталық аппаратының бірқатар қызметкерлері әшкереленді. Басқа лауазымды тұлғалардың қатысуы тексерілуде. Айта кетсек, жүк вагондарының уақтылы жеткізілмеуіне байланысты жүк жөнелтуші кәсіпорындар жеткізілімдердің бұзылуына жол береді, үлкен шығынға ұшырайды және пара беру арқылы өз мәселелерін шешуге жүгінуге мәжбүр. Сонымен бірге, бұл шығындардың барлығы тауарлар бағасының өсуіне әсер етеді», - деді Агенттік.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға