QazTech арқылы IT нарық жаңа деңгейге шығады – Ирина Сулименко
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы барлық мемлекеттік және квазимемлекеттік ақпараттық жүйелерді бірыңғай ұлттық QazTech платформасына көшіру жөнінде тапсырма берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Сарапшылардың пікірінше, бұл қадам тек техникалық жаңғырту ғана емес, елдің цифрлық егемендігін нығайтып, киберқауіпсіздігін күшейтуге, мемлекеттік басқару тиімділігін арттыруға және бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған стратегиялық бетбұрыс болмақ.
КАИТИ қауымдастығының төрайымы Ирина Сулименко бұл бастаманы стратегиялық және дер кезінде қабылданған қадам деп бағалап, қазіргі кезде Қазақстанда цифрлық инфрақұрылымның әртараптанған, бірақ фрагменттелген күйде екенін атап өтті.
Бұл – стратегиялық тұрғыдан маңызды әрі дер кезінде қабылданған қадам. Бүгінде Қазақстанда ондаған мемлекеттік және квазимемлекеттік ақпараттық жүйелер бар, олардың көбісі өзара толық интеграцияланбаған. Бірыңғай суверенді платформа осы фрагментацияны жойып, архитектуралардың үйлесімділігін қамтамасыз етеді және ведомстволар арасындағы деректер алмасу процесін жеңілдетеді. Бұл тек техникалық жетілдіру ғана емес, бүкіл елдің цифрлық экожүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған қадам, - дейді Ирина Сулименко.
Сарапшы бұл қадамның мемлекет пен бизнес үшін үш басты артықшылығын атап өтті:
Біріншіден – қауіпсіздік. Барлық негізгі сервистер бірыңғай архитектурада және ортақ киберқауіпсіздік стандарттары аясында жұмыс істегенде, деректердің сыртқа шығу немесе хакерлік шабуылға ұшырау қаупі едәуір төмендейді. Екіншіден – шығындарды оңтайландыру. Әр түрлі жүйелерді бөлек әзірлеп, қызмет көрсетудің орнына, ресурстар бір ортақ ядроға шоғырландырылады, бұл бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Үшіншіден – жаңа сервистерді енгізу жылдамдығы. Бірыңғай платформада масштабтау мен интеграция әлдеқайда тез жүзеге асады, соның арқасында азаматтар да, бизнес те жаңа цифрлық қызметтерді кедергісіз пайдалана алады, - дейді ол.
Кейбір IT-мамандар біртұтас платформа қолданыстағы шешімдердің жұмысын шектеуі мүмкін деп қауіптенеді. Бірақ Сулименко бұл пікірмен келіспейді:
Керісінше, бұл олардың мүмкіндіктерін кеңейтеді. Мысалы, «1С» шешімдері бүгінде Қазақстандағы мыңдаған компанияда – шағын бизнестен бастап ірі кәсіпорындарға дейін қолданылады. Мұндай жүйелерді QazTech платформасымен бірыңғай стандарт арқылы біріктіру мемлекеттік сервистермен деректер алмасуды автоматтандыруға, есептілікті дайындау мен тапсыруды жеделдетуге және жеке бейімдеулерге жұмсалатын шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Бұл әзірлеушілер үшін – тұрақты әрі болжамды интеграциялық орта, ал пайдаланушылар үшін – жылдам, ыңғайлы және қауіпсіз жұмыс процесі, - дейді сарапшы.
Сарапшының пікірінше, QazTech платформасы Қазақстанда бірыңғай технологиялық стандарт қалыптастырады. Бұл дамытушылар мен интеграторлар үшін нақты ережелер мен мемлекеттік қызметтер нарығына толық қолжетімділікті білдіреді.
Бұл елде бірыңғай технологиялық стандарт қалыптастырады. Дамытушылар мен интеграторлар үшін бұл – түсінікті және айқын ережелер, мемлекеттік қызметтер нарығына толық қолжетімділік және олардың шешімдерінің мемлекеттік цифрлық инфрақұрылыммен толық үйлесімділігіне кепілдік. Болашақта бұл отандық IT-өнімдердің сапасын арттырып, Қазақстанның аймақтағы технологиялық ойыншы ретіндегі позициясын күшейтеді, - дейді Ирина Сулименко.

