Жаңалықтар

«Қазсушар» филиалдары суару маусымына қалай дайындалып жатыр?

«Қазсушар» филиалдары суару маусымына қалай дайындалып жатыр?
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі 10.05.2024 10:06 515

«Қазсушар» мекемесінің Түркістан облыстық филиалы суару маусымына дайындық аясында өз қарамағындағы каналдардың 600 шақырымнан астам жерін механикалық әдіспен тазалады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұдан бөлек, мемлекетаралық «Ханым» каналының 18 шақырымға жуық бөлігіне механикалық тазалау жұмысы жүргізіліп, 20 мың текше метр лай тұнбасы шығарылды. Филиал қызметкерлері «Найман» каналының 7,5 шақырым бөлігін бетонмен қаптады. Ал, Түлкібас ауданында 77 шақырымнан астам канал бетондалады. Бүгінгі таңда 13 бірдей каналда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр.

«Қазсушар» мекемесінің Д.Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы филиалы Еңбекшіқазақ ауданындағы 5 гидротехникалық құрылысқа ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, аудандағы 6,1 шақырым каналда механикалық тазалау және 26 гидробекетте жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күні каналдар арқылы су беру бойынша қызмет көрсетуге 355 шарт жасалып, ылғалдандыру жұмыстарына 3,6 млн текше метр су берілді. Нақты суландырылған жер көлемі - 2000 гектар.

Қызылорда облысы бойынша «Қазсушар» филиалы егіс алқаптарына су жеткізіп беретін Жаңарық каналының 7 шақырымы механикалық әдіспен тазаланып, 132 мың текше метр топырақ шығарылды. Бұдан бөлек, Қазалы ауданының егіс алқаптарына су жеткізетін Еңбек (ұзындығы – 6,1 шақырым) және КазССР 50 жылдық (ұзындығы – 3,5 шақырым) каналдарына тазалау жұмыстары жүргізілді. Сырдария ауданында Сол жаға магистралды каналының бөлігі топырақпен нығайтылды.

«Қазсушар» мекемесінің Жетісу облыстық филиалына тиесілі су арналары да суару маусымына дайын. Филиал қызметкерлері 74 шақырымға жуық су арнасын механикалық әдіспен тазалап, 174 текше метрге бетондау жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, биыл 54 гидротехникалық құрылысты жөндеуден өткізу жоспарда бар.
 
«Қазсушардың» Ақмола облыстық филиалына тиесілі нысандарда да вегетация кезеңі басталды. Шағалалы су қоймасы және «Нұра-Есіл» арнасы аймақтағы тұрақты суару көздері болып табылады. Бүгінгі таңда су тұтынушылармен келісім-шарт жасау жұмысы жүріп жатыр. Айта кету керек, өңірде 1 971,03 гектар егіс алқабы суармалы сумен қамтамасыз етіледі.

Жамбыл облысы бойынша «Қазсушар» филиалы да суармалы кезеңге дайындық аясында су шаруашылығы нысандарында механикалық тазалау, әктеу-сырлау, қақпаларды майлау және ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Байзақ, Жамбыл, Қордай, Талас және Сарысу аудандарында вегетациялық кезең басталып, шаруалардың сұранысына сай су жіберіліп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға