Жаңалықтар

Қазіргі пилоттық жобалардың көбі тиімсіз - депутат

Қазіргі пилоттық жобалардың көбі тиімсіз - депутат
Фото: parlam.kz 20.11.2024 13:56 361

Мәжіліс депутаты Анас Баққожаев премьер-министр Олжас Бектеновке пилоттық жобаларға қатыстьы депуттатық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутат «Жаңа Қазақстан»-ның жаңа экономикалық моделін құрып, нақты бетбұрыс жасаймыз десек әртүрлі жаңа идеяларды пилоттық жобалар арқылы қолданып көру керектігін айтты.

Алайда дәл қазір пилоттық жобалар қандай жағдайда? Әкімдіктер мен министрліктердің берген ақпаратына сәйкес соңғы 4 жылда 104 пилоттық жоба іске асқан. Оларды қаржыландыруға 805 млрд. теңге жұмсалған. Келіп түскен ақпаратты зерделей келе пилоттық жобалардың көп бөлігі тиімсіз жасалғанын аңғардық. Сонда біз миллиардтаған ақша төлеп пилоттық жобалардан не алдық? - деді депутат.

Ол бірнеше жүйесіз сәттерді айтып кетті.

Біріншіден, пилоттық жобаларды іске асыратын мемлекеттік органдар пилоттық жобаның не екенін өздері де дұрыс түсінбейтін сияқты.Мысалы, Қарағанды облысы ауылдық елді мекендерде медициналық көмек объектілерін салып, оны «пилоттық жоба» деп атаған. Оның аясында ешқандай тың көзқарас, я жаңа тәсілдер қолданбаған. Мұндай жоспарлы түрде атқарылатын жұмысты «пилоттық жоба» деп атаудың не қажеті бар? Алматы облысында ауыл шаруашылығы техникасы мен асыл тұқымды малды жергілікті бюджеттің есебінен беріп, оны да «пилоттық жоба» деп таңбалаған. Оның шеңберінде баяғыдан бері барша жұртқа арман болған тауарлық кредит механизмін тексеріп көруге болар еді. Бірақ, бұл «пилоттық жоба» да баяғыдан қалыптасқан әдіспен орындалған, - деді ол.

Оның сөзөінше,  қаншама шенеунік пилоттық жобаның нақты не екенін білмей «адасып» жүр.

Екіншіден, пилоттық жобалардың аты аталған нақты жауапты жетекшілері жоқ. Әдетте, пилоттық жоба уәкілетті органдардың басшыларына тапсырылады. Кейін олар жұмыстан кетіп, қызметін ауыстырғанда пилоттық жобаға деген көзқарас мүлдем өзгереді (нашарлайды). Ең сорақысы – жиналған ақпарат та одан алған тәжірибе де айдалада қалады.Үшіншіден, өңірлерде пилоттық жобалардың оң тәжірибесі республика деңгейінде таралмай жатыр. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында пилоттық жоба аясында ауылдық елді мекендерге телемедициналық қызмет көрсетілген. Нәтижесінде телемедицинаның өте тиімді екені дәлелденді. Ал денсаулық сақтау министрлігі бұл туралы айтпай үнсіз отыр. Оны кеңінен тарату жөнінде жоспары жоқ. Қысқасы – идея туды, өңірде жақсы нәтиже берді, кейін министрлікке оралғанда қайтадан «өлді»!, - деді мәжілісмен.

Ол Ауыл шаруашылығы министрлігінің осыдан 10 жыл бұрын іске асырған модельдік фермалар бойынша пилоттық жобасы туралы сөз қозғады.

Министрлік бюджеттің милиардттаған ақшасына құрал жабдық сатып алып, өздерінің «ауыз жаласқан» шаруашылықтарына тегін таратып берді де қойды. Нәтиже жоқ. Төртіншіден, пилоттық жобалар заңсыз әрекет істеудің «заңды» жолына айналды. Өнеркәсіп министрлігіндегі бір қызық жағдайға тоқталсақ. Өзіңізге мәлім, биыл  мемлекеттік сатып алу заңына «EPC контракт» ұғымы енгізілді. Ал Астана қаласында, Солтүстік Қазақстан мен Жамбыл облыстарында заң шықпай жатып «EPC контракт» форматымен құрылыс жүргізілген. Ондағы пилоттық жобалардың мақсаты мемлекеттік сатып алу конкурсы мен бюджеттік процедураларды жеңілдету болатын. Демек, бұл жаңа тәсіл пилоттық жоба аясында 1, ары кеткенде 2 нысан салу арқылы тексерілуі керек еді. Олар болса, керісінше, құны 13,4 млрд теңгелік бақандай 7 әлеуметтік нысан салған! Яғни коррупциялық элемент болмады деп айту қиын, - деді депутат.

Депутат ақша игерудің өздеріне ыңғайлы, тіпті коррупцияның құралына айналдырған дей келе, бірнеше  ұсынысын жеткізді.

  1. Пилоттық жобалардың форматын және оған қойылатын талаптарды түбегейлі өзгерту керек. Олар апробациядан өтіп жатқан салаға қатысы бар басқа да салаларды толығымен қамтып, кешенді түрде жүргізілуі тиіс. Әр пилоттық жобаның әсерін тек қысқа мерзімде емес, ұзақ уақыт бойы зерттеп, бақылау қажет. Онымен қоса пилоттық жобалардың нақты жетекшілері болғаны абзал. Олар жобаны басынан аяғына дейін орындап, нәтижесі үшін дербес жауапкершілік алғаны жөн.
  2. Пилоттық жобалар шенеуніктердің ойына келген жерінде емес, Қазақстанның бір ғана аймағында жүзеге асырылуы керек және ол Астана қаласының маңында болғаны жөн деп есептейміз. Өйткені, мемлекеттік органдарға пилоттық жобаны басынан аяғына дейін бақылап, оны іске асыру барысында тиісті қолдау көрсетіп отыру үшін ыңғайлы болуы керек. Мысалы, іргемізде жатқан «Қосшы» қаласы бұл критерийлерге толығымен сай келіп тұр. Бұл елді мекеннің қалаға да ауылға да қатысты пилоттық жобаларды іске асыруға мүмкіндігі бар.

Жапония өзінің интенсивті даму кезеңінде пилоттық жобаларға бір ғана аймақты белгілеген. Соның арқасында барлық жаңа идеяларды кешенді әрі тұрақты түрде тексерген. Мұндай тәжірибе көптеген мемлекеттерде бар. Солардың жолымен жүруіміз қажет.

  1. Пилоттық жобалар министрлер мен әкімдердің бұйрығымен емес, одан да жоғары деңгейде – яғни Үкіметтің қаулысымен бекітілуі тиіс. Мұны заңмен бекіту қажет болса, тиісті қолдау көрсетуге дайын екенімізді хабарлаймыз.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға