Жаңалықтар

Қазіргі оқушылар тәуелсіз және өте қабілетті – Насымжан Оспанова

Қазіргі оқушылар тәуелсіз және өте қабілетті – Насымжан Оспанова
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 16.06.2023 18:37 2301

Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспановамен балалардың құқықтарының сақталуы, жасөспірімдер арасындағы буллиннг, суицид туралы аз-кем әңгімелескен едік.

El.kz: Насымжан Жамбекқызы, қазір балалардың арасында құқық бұзушылық көбейіп кетті. Бұған не себеп деп ойлайсыз?

Насымжан Жамбекқызы: Халықаралық сарапшыларының бағалауы бойынша 2040 жылға қарай әлемде 10-19 жас аралығындағы 1 млрд 230 млн жасөспірім болады деп болжам жасалып отыр. Қазіргі оқушылар тәуелсіз және өте қабілетті. Олар технологияны және жаһандық, мәдениетаралық қарым-қатынасты жақсы біледі. Сонымен қатар зерттеулер олардың алдыңғы буынмен салыстырғанда стерсске төзімсіз екенін көрсетті. Мысалы, Маккензи денсаулық институтының 2022 жылғы зерттеуі жаңа ұрпақтың аға буынға қарағанда өмірге, эмоционалды және әлеуметтік әл-ауқаттың төмен деңгейіне теріс көзқарастары бар деген қорытындыға келген. Сонымен қатар олар алдыңғы буынмен салыстырғанда қазіргі жасөспірімдердің мінез-құлық және психологиялық мәселелер бойынша көмек сұрауының төмен екенін айтады. Еуропалық Кеңестің сарапшылары баланың мінез-құлқына оның психикалық және физикалық денсаулығы, эмоционалдық қауіпсіздігі, мақсат қою және мақсаттарға сәтті жету мүмкіндігі әсер ететінін айтады. 2021 жылы Давостағы Дүниежүзілік экономикалық форумның басшысы Клаус Шваб экономикалық жүйені «қайта іске қосу» қажеттігін айтып: «біз тек материалдық құндылықтарға негізделген әлемнен адамдардың әл-ауқатына көбірек көңіл бөлетін әлемге көшуіміз керек» деді.

El.kz: Балалардың құқығын қорғау бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Елімізді балалар үшін қауіпсіз елге қалай айналдырамыз?

Насымжан Жамбекқызы: Бүгінде еліміз балалар ортасының қауіпсіздігі мен жайлылық деңгейін көтеретін және халықаралық деңгейде Қазақстанның имиджін арттыратын жобалармен жұмыс істеуде. Біз стратегиялық мақсат қойдық. Қазіргі алға қойып отырған мақсатымыз – жоғары зияткерлік деңгейі, ақпараттық ұтқырлығы мен шығармашылығы бар бәсекеге қабілетті тұлғаны қалыптастыру. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша балалардың әл-ауқатының ұлттық мониторингтік тетігі қабылданды. Ол азаматтық қоғаммен бірлесіп айқындалған ең өзекті 56 индикатордан тұрады. Қазақстан балаларының әл-ауқат индексін енгізу балалар мен ата-аналардың пікірін ескере отырып, өңірлер бөлінісінде балалардың жағдайын жақсартуға бағытталған түрлі салалардағы шараларды тиімді іске асырудың тежеуші факторларын уақытылы анықтауға мүмкіндік береді. Балаларға арналған мемлекеттік шығындардың тиімділігін бағалай отырып, әлеуметтік салаға жұмсалатын шығындар көлемінде балалар бюджетін есептеу әдістемесі бойынша жұмыс басталды. Елімізде мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған жаңа тұжырымдама қабылданды. Тұжырымдамада әр баланың қабілеттерін дамыту, сондай-ақ инфрақұрылымдық шешімдер, тәрбиелік және білім беру арқылы олардың әл-ауқатын қамтамасыз ету мәселелері көтеріледі. Бүгінгі таңда балалардың психологиялық әл-ауқатын қалыптастыру мәселесі –  цифрлық дәуірге көшу тұрғысынан өзекті мәселелердің бірі.

El.kz: Мектептегі жасөспірімдердің проблемаларын шешу үшін психолог қандай болуы керек? Қазіргі мектептегі психологтардың мектептегі проблемаларды шешуге шамасы жете ме?

Насымжан Жамбекқызы: Пәндік білімді ғана игерген маман емес, шығармашылық міндеттерді шешетін және жасөспірімдер мен білім алып жатқан жастардың әлеуметтік маңызды іс-әрекетінің жан-жақтылығын түсінетін оқу жұмысын ұйымдастырушы жаңа педагог-кәсіпқой қажет. «Өзгерістер агенті» ретінде жаңа педагог-психологтың алдында қазіргі әлемдік қоғамдастықтағы күрделі проблемалар – балалар суицидтері, отбасылық қолайсыздықтар, тұрмыстық зорлық-зомбылық, әлеуметтік желілердің теріс әсері, лудомания, интернетке тәуелділік, кибербуллинг және басқа да көптеген проблемалар тұр.

El.kz: Елімізде мектептерде психологтар саны жеткілікті деп ойлайсыз ба?

Насымжан Жамбекқызы: Бүгінде елімізде 7 мыңнан астам педагог-психолог, 4 мыңнан астам әлеуметтік педагог, 183 мыңнан астам сынып жетекшілері, 3 мыңнан астам тәлімгер, 25 мың мектеп әкімшілігінің мүшелері жұмыс істейді. Бірақ бұл жеткіліксіз. Білім беру ұйымдарында 340 мыңнан астам педагог жұмыс істейді. Олардың қызметі қазіргі баланың жеке басының психологиясын білуге негізделуі керек. Ал баланың жас ерекшеліктері туралы қарапайым педагогикалық білім ғана жеткіліксіз болады.

El.kz: Жаңа өзіңіз мектептегі жасөспірімдерге қатысты бірнеше проблеманы атадыңыз. Осы проблемалармен күресте министрлік қандай шаралар қабылдап жатыр?

Насымжан Жамбекқызы: Біріншіден, министрлік білім беру ұйымдарының психологиялық қызметтерінің және баланы қорқытудың алдын алу қызметінің қағидаларын бекітті. Аталған қағидаларда қорқытудың алдын алу шеңберінде білім беру процесіне қатысушылардың құқықтары мен міндеттері, қорқытудың құрбандарына психологиялық көмек көрсету шаралары және жұмыс әдістері айқындалған. Екіншіден, республикалық деңгейде 2020-2023 жылдарға арналған бала құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасындағы суицид мәселелерін шешу жөніндегі жол картасы іске асырылып жатыр. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандарды зорлық-зомбылық пен қатыгездіктен, кәмелетке толмағандар арасындағы қоғамға жат әрекеттерден қорғау мәселелерін қосу бөлігіндегі функциялары кеңейтілді. Педагог-психологтардың лауазымдық жалақысы В3 санатынан В2 санатына ауыстыру арқылы арттырылды. Педагог-психологтардың, психологтардың білім беру ұйымдарындағы психологиялық климаттың мәдениеті мен сапасын арттыру, оқыту мен әлеуметтенуде қиындықтарға тап болған білім алушыларға педагогикалық сүйемелдеуді қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Тәрбиеленушілерге, оқушылардың ата-аналарына, педагогикалық ұжымға нақты психологиялық мәселелерді шешуде көмек көрсету бағытында біліктіліктерін арттырды. Білім алушылар мен тәрбиеленушілер арасында киберкультура мен кибергигиенаны қалыптастыру, буллингтің алдын алуды жүргізу жұмыстары жүзеге асып жатыр. Сондай-ақ білім беру процесі кезеңінде оқушылардың өмірін, денсаулығын және құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Білім беру ұйымдарында білім алушыларды тәрбиелеудің тұжырымдамалық негіздерінің жобасы әзірленді. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жанынан балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау және тәрбиелеу мәселелері бойынша Өңірлерді әдістемелік сүйемелдеуді жүзеге асыратын психология, тәрбие және тұлғаны дамыту орталығы құрылды. 7 өңірде мектептегі психологиялы көмек қызметін үйлестіретін орталықтар құрылды. Қостанай, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстары, Алматы, Астана қалаларында бар. Орталықтардың мамандары өңірлерде көшпелі оқыту семинарлары мен супервизияларын өткізеді. Еуразия ұлттық университетінің жанынан психологиялық қызмет зертханасы құрылды. Қоғамды ақпараттандыру және балалардың құқықтарын бұзудың кез келген көріністеріне төзімсіздікті қалыптастыру мақсатында сабақтан тыс қызмет шеңберінде түрлі республикалық акциялар өткізіледі. Мәселен, қазір мектептерде «Ризашылық – мейірімділік бұлағы», «Отбасы сағаты», «Отбасы – бақыт мекені» апталығы, «Бақытты бала – бақытты ана – бақытты отбасы – бақытты ел» өңірлік жол карталары іске асырылып жатыр. «Жастар мен балалар арасында интернетке тәуелділіктің алдын алу, азаматтардың цифрлық беделін қорғау жөніндегі іс-шаралар кешені» және «Жастар арасында аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу және іске асыру»  әлеуметтік жобалары іске асырылды. БАҚ пен әлеуметтік желілерге мониторинг және бұғаттау жүзеге асырылады. Балалар құқықтарын таптайтын материалдар бұғатталып жатыр. Біз осы бағытта жұмысты жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Бізге кәсіби даму ортасын құру маңызды.

Үшіншіден, балалар арасында суицид фактілері мен әрекеттерін болдырмау бойынша шаралар әзірлеу бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы жұмыс істейді. 20 облыстық психикалық денсаулық орталығы, 82 бастапқы МСАК психикалық денсаулық орталығы және аудандық ауруханаларда 201 психикалық денсаулық кабинеті жұмыс істейді. 166 жастар денсаулық орталығы құрылды. Суицидтік мінез-құлық кезінде психикалық денсаулық саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсету бойынша әрбір медицина қызметкерінің іс-қимыл алгоритмі анықталды. Білім беру ұйымдарында психологиялық қызмет жұмыс істейді. «Педагог-психолог», «Психолог» мамандықтары бойынша дайындықты 61 ЖОО жүзеге асырады.

El.kz: Жасөспірімдер арасында суицид көбейіп кетті. Осы суицидке қатысты нақты қандай істер атқарылып жатыр?

Насымжан Жамбекқызы: Министрлік балаларды зорлық-зомбылықтан, суицидтің алдын алудан қорғау және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған кең ауқымды кешенді жоспарын әзірледі. Кешенді жоспарды іске асыруда 15 орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың күш-жігерін біріктіру жоспарлануда. Жоспар жобасы келесі іс-шараларды қамтыды. Құқықтық реттеу және әдістемелік қамтамасыз ету есебінен баланы кешенді қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Әлеуметтік және құқық қорғау саласының мемлекеттік органдарының ведомствоаралық өзара іс-қимыл шараларын күшейту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Тұжырымдамаларды бекіту шеңберінде тәрбие жұмысы мен қосымша білім беруді дамыту, сондай-ақ ата-аналар академиясы шеңберінде балалар-ата-аналар қатынастарын арттыру бойынша жұмыстар қолға алынып жатыр. Білім беру жүйесінде әлеуметтік-психологиялық-педагогикалық қызметті дамыту, штат санын, жалақыны ұлғайту, сондай-ақ оларды жоғары оқу орындарында даярлау бойынша модель әзірлеу есебінен психологтардың жұмысы қайта қаралып жатыр. Суицидке әрекет жасаған және тәуелділігі бар балалар бақылауда болады. Оның ішінде, нашақорлық, маскүнемдік, лудомания зорлық-зомбылық құрбандарының балалары үшін оңалту орталықтарының желісін құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Балаларға қатысты қылмыстарды жариялау кезінде деструктивті ақпаратты бұғаттау және журналистік этиканы арттыру қолға алынып жатыр. Балаларда медиа сауаттылықты қалыптастыру, сондай-ақ интернет кеңістігінде ата-аналық бақылау жүйесін дамыту қажет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға