«Qazcontent» Astana Media Week алаңында цифрлық медианың болашағын талқылады
Астанада өтіп жатқан «Astana Media Week 2025» форумы аясында «Қазмедиа» орталығында «Qazcontent» АҚ бастамасымен «Журналистика тоғысында: жасанды интеллекті бар цифрлық медианың пайда болуы» атты панельдік сессия ұйымдастырылды. Модератор ретінде «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Айна Задабек сөз сөйлеп, қазіргі медианың технологиялық трансформациясын айқындап берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Айна Задабектің айтуынша, жасанды интеллект ақпаратты өндіру мен таратудың жаңа стандарттарын қалыптастырып жатыр.
Жасанды интеллект – журналистің орнын басатын құрал емес. Керісінше, ол шығармашылықты дамытып, сапалы сараптамалық контент жасауға мүмкіндік береді, – деді ол.
Сессия «ЖИ және Қазақстандағы медиатрансформация» атты арнайы бейне-презентациямен ашылды. Онда нейрожелілер мен контентті автоматтандыру жүйелерінің қазақстандық медиа кеңістігіне қалай еніп жатқандығы көрсетілді.
Пікірталасқа медиа саласының жетекші өкілдері қатысты. Атап айтқанда, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат комитетінің төрағасы Әлішер Мұқажан, Түркияның Anadolu Ajansı агенттігінің стратегиялық коммуникациялар және сыртқы байланыстар менеджері Билгехан Өзтүрік, «Atameken Business» медиахолдингінің бас директоры Қанат Сахариянов, NUR.KZ IT-компаниясының бас директоры Қуат Бахридинов сөз сөйледі.
Талқылау барысында спикерлер жасанды интеллекттің журналистикадағы рөлі, редакциялық процестерді автоматтандыру, деректерді визуализациялау, фактчекинг пен аналитиканың сапасын арттыру мәселелерін ортаға салды. Сонымен қатар этика, ақпаратқа деген қоғамдық сенім, адам факторының маңыздылығы сынды тақырыптар назарға алынды.
Панельдік отырыс ашық пікір алмасу форматында өтіп, медиа сарапшыларды, мемлекеттік құрылым өкілдерін, журналистер мен IT мамандарды бір алаңда тоғыстырды.
Еске сала кетейік, «Astana Media Week-2025» форумы 5-7 қарашаға дейін жалғасады.

