«ҚазАвтоЖол»: еліміздің 11 өңірінде ескерту жарияланды
2025 жылдың 4 қарашасында Қазақстанның бірнеше облысында ауа райының нашарлауы күтіледі. Осыған байланысты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жүргізушілерге жолда аса мұқият болуды ескертеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Синоптиктердің болжамынша, Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Ұлытау облыстарының кей аумақтарында қар аралас жауын жауып, жолдарда көктайғақ пайда болуы мүмкін.
Жүргізушілерге жылдамдық режимін төмендетіп, көлік арасындағы арақашықтықты сақтау және көріну деңгейінің төмендеуін ескеру ұсынылады, - делінген ескерту хабарламасында.
Сонымен қатар жүргізушілер мен жолаушыларға жолдағы ахуал туралы қосымша ақпаратты тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 байланыс орталығынан алуға болады.
Бұған дейін компания мамандары ауа температурасының төмендеуіне байланысты көктайғақтың жиілегенін және кейбір көліктердің жол жиегіне шығып кету деректері тіркелгенін хабарлаған болатын.

