Қазақы ортада түлеген корей қызы
EL.KZ Информационно-познавательный портал
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданында туып-өскен Ирина Цой – бүгінде 37 жылдық еңбек өтілі бар жоғары санатты ұстаз. Корей ұлтының өкілі бола тұра, қазақы ортада өсіп, мемлекеттік тілді еркін меңгерген педагог елдегі этносаралық татулық пен ұлттық бірліктің жарқын үлгісіне айналған, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Цой Ирина Иосифовна – Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында дүниеге келген тәжірибелі ұстаз. Ол 1967 жылы 14 қазанда Сыр өңірінде туып, бүгінде ұрпақ тәрбиесіне саналы ғұмырын арнап келе жатқан білікті педагог. Ұлты корей болғанымен, қазақы ортада өсіп-жетілген Ирина Иосифовна үшін ұстаздық – жүрек қалауы. Оның айтуынша, бұл мамандықты таңдауға әкесі Иосиф Ивановичтің ықпалы зор болған. Ол – кезінде №31 орта мектепте әскери жетекші қызметін атқарған. Ал анасы Юлия Николаевна Жюкина инженер-құрылысшы болып еңбек еткен.
Ирина Цой 1984 жылы №31 мектепті аяқтап, кейін Полтава сауда училищесінде оқып, азық-түлік тауарларының бақылаушы-кассирі мамандығын алған. Дегенмен, мамандық жолы мүлде басқа арнаға бұрылды – оны бала тәрбиесі мен білім беру саласы баурап әкетті.

Кәсіби жолын балабақшада тәрбиешінің көмекшісі ретінде бастаған ол мектепте химия зертханашысы болып жұмыс істеген. 1987 жылы Қызылорда қаласындағы №23 мектеп жанындағы педагогикалық курсты тәмамдап, мектепке дейінгі тәрбиеші мамандығын иеленді.
1994 жылдан бастап білім саласындағы қызметін аға тәлімгер ретінде жалғастырған. Ал 1995 жылдан бері бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етеді. Балалардың жан дүниесін түсініп, оларды білімге баулу – ұстаз үшін кәсіби міндет қана емес, өмірлік ұстанымға айналған.
Білімін жетілдіру мақсатында 1999 жылы М. Мәметова атындағы Қызылорда гуманитарлық колледжіне түсіп, 2004 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Педагогика және психология» факультетін бітірген. Бүгінде оның еңбек өтілі – 37 жыл. Жоғары санатты мұғалім. Көпжылдық тәжірибесі мен білім беру саласындағы жаңашылдығы үшін түрлі марапаттарға ие болған.
Цой Ирина Иосифовна – ұстаздықпен қатар қоғамдық шараларға да белсенді қатысады. Ол корей этносының мәдениетін насихаттап қана қоймай, этносаралық келісімді нығайту бағытында атқарылып жатқан бастамаларға да үнемі қолдау білдіреді.
Мәселен, ол Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жобасы аясындағы іс-шараларға белсене атсалысып келеді. Қазақ тілінде еркін сөйлейтін педагог өзге ұлттар арасындағы достықтың, мемлекеттік тілге деген құрметтің үлгісін көрсетіп жүр.
Қазақы ортада бойжетіп, қазақ азаматымен шаңырақ көтерген Ирина Иосифовна – бүгінде үш баланың анасы. Бір қыз және егіз ұл тәрбиелеп отыр. Қызмет пен отбасын тең ұстай білген ол – жас буынға үлгі болар жан.
Ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып жүрген жоғары санатты ұстаз Цой Ирина Иосифовна – еліміздегі этностар арасындағы татулық пен бірлікті нығайту жолында да еңбек етіп келе жатқан білім саласының үздігі. Мемлекеттік тіл мен ұлттық құндылықтарды құрметтеп, жас ұрпаққа сапалы білім беріп жүрген педагог – көпке үлгі.
Гүлнұр Бақытқызы

