Жаңалықтар

Қазақтың ырым-тыйымдары туралы не білеміз?

Қазақтың ырым-тыйымдары туралы не білеміз?
Фото: © El.kz 26.09.2024 17:50 670

Қазақ халқының ғасырлар бойы жинақталған мәдениеті мен рухани құндылықтары оның күнделікті өмірінде көрініс табады. Бұл бай мұраның маңызды бөлігі ретінде «ырымдар мен тыйымдар» ерекше орын алады. Ырымдар мен тыйымдар ата-бабамыздың өмірлік тәжірибелеріне, табиғатпен тығыз байланыстағы тіршілігіне және қоғамдағы адамгершілік қағидаларына негізделген. Бұл дәстүрлер ұлттың өмір сүру қағидалары мен дүниетанымының көрінісі болып отыр.

Бүгінгі мақалада El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі қазақ халқының бірқатар ырымы мен тыйымын тізіп шықты.

Ырым және тыйым: мағынасы мен мәні

Ырым – халықтың наным-сенімдері мен өмірлік тәжірибелеріне негізделген, белгілі бір іс-әрекеттердің болашақтағы оқиғаларға әсер ететіндігіне сенетін ұғым. Ырымдар халықтың өмірінің әр саласында көрініс табады. Бұл сенімдер өмірлік жағдайларға, әлеуметтік оқиғаларға және табиғат құбылыстарына байланысты пайда болған. Қазақ халқы ырым арқылы жақсылық тілеу, болашаққа сенім арту және жамандықтан сақтану әрекеттерін жасаған.

Ал тыйым – адамдарға қоғамның моральдық, этикалық және әлеуметтік нормаларын бұзбауға, өмірдегі кейбір теріс қылықтардан сақтануға бағытталған қағидалар. Тыйымдар қоғамдағы тәртіпті сақтау, табиғат пен адам арасындағы үйлесімділікті қорғау және жеке адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жасалады.

Тыйымдар адамның моральдық қасиеттерін дамытуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға, адамдар арасындағы қарым-қатынастарды реттеуге бағытталған. Олар жеке адамның мінез-құлқын жақсартып, адамдар арасындағы сыйластық пен құрметті арттыру үшін қызмет етті.

Ырымдардың тарихи және рухани негізі

Қазақ халқы адамның дүниеге келуінен бастап, өмірден өткенге дейінгі барлық маңызды кезеңдерін ырымдар арқылы ерекше атап өткен. Бұл ырымдар адамның әрбір өмір кезеңінің маңыздылығын түсіндіріп, оны рухани және моральдық тұрғыдан қолдау мақсатында қалыптасқан.

Қазақ халқының ырымдары оның рухани дүниесінің ажырамас бөлігі болған. Көне дәуірлерде көшпенділер табиғатпен тығыз байланыста өмір сүріп, айналадағы құбылыстарды түсінуге, түсіндіріп беруге тырысты. Осылайша, табиғаттағы әрбір құбылысқа мән беріп, ырым арқылы түрлі нанымдар мен сенімдер қалыптасқан. Ырымдар табиғаттың киесін түсінуден туған. Адамдар күн күркірегенде, жел соққанда, жаңбыр жауғанда қорқыныш пен таңданыс сезініп, оны белгі ретінде қабылдаған.

Бұған қоса, ырымдар қазақтардың діни сенімдерімен де тығыз байланысты. Ислам дінімен қатар, халықтың ескі нанымдары да сақталған. Бұл халықтың ырымдары мен дәстүрлеріне еніп, күнделікті өмірде қолданыс тапты.

Қазақтың ырымдары мен тыйымдары

  1. «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды». Қыз ұзату дәстүрінде қызға берілетін кәде мен ырыс өте маңызды. Ырымы жасалмаған ұзату сәтсіз болады деп есептеледі, ал мұндай үйде ана мен ата қадірі жоғалады деген түсінік бар.
  2. «Шашу шашу» дәстүрі. Келін түскенде, қыз ұзатылғанда немесе қуанышты сәттерде ауыл әйелдері шашу шашып, балаларға үлестіреді. Бұл – ырысты болсын, құт келсін деген ізгі тілектің белгісі.
  3. Ата-ананы құрметтеу. Қазақта ата-ананың абыройын түсірмеу, оларды сыйлау – бала үшін ең үлкен парыз. Егер бала ата-анасына тіл тигізсе, оның ауыр жазасы бар деп саналады. Мұндайда «қара тас жалап, тілің тасқа тисін» дегені ата-анасына қарсы сөз айтпасын дегені.
  4. Қыз ұзатылғаннан кейін төркініне жыл толмай бармауы. Қыз ұзатылған соң жаңа отбасына бейімделуі үшін бір жылға дейін төркініне бармайды. Бұл уақытта ол өз отауын орнықтырып, жанұясына бауыр басады.
  5. Келіннің ат тергемеуі. Келіннің ата-енесі мен қайын жұртының атын атамауы – құрмет пен ізеттіліктің белгісі. Олар қосымша аттар беріп, бұл арқылы қайын жұртына деген сый-құрметін көрсетеді.
  6. Қонақтың құты. Алыстан келген қонақты құрметтеу, сыйлы орынға отырғызу, қонақасы беру – қазақ халқының қанына сіңген әдет. «Қонақпен бірге құт келеді» деген түсінік бойынша, қонақты жақсылап күткен үйге ырыс қонады.
  7. Тұсаукесер тойы. Бала алғаш рет қаз тұрғаннан кейін, тұсауы кесіліп, салтанатты түрде «Тұсаукесер тойы» өткізіледі. Бұл баланың өмірі жеңіл болсын, жолы ашық болсын деген ниеттен туындаған дәстүр.
  8. Екі қолды артқа ұстап жүрмеу. Екі қолды артқа ұстап жүру – тұтқынға түскен адамның кейпін еске түсіреді. Ал бүйірді таяну – көбіне қайғыдан күйзелген жандардың әрекеті. Мұндай қылықтар жамандық шақырушы деп саналады.
  9. Айт күні ренжуге болмайды. Айт мерекесінде барлық реніштерді ұмытып, мейірімді болып жүру керек. Айт күні ренжіген адам келесі айтқа дейін сол күйінде қалады деп ырымдайды.
  10. Араздасқандарды татуластыру. Қайтымы жоқ ренішке ұшыраған адамдарды дастархан басында татуластырып, дәм беру арқылы жақындастырады. Бұл – «таспен ұрғанды аспен ұр» деген халық даналығынан шыққан.
  11. Бас киімнің қадірі. Бас киімді кез келген жерге тастауға болмайды. Оны биікке іліп, қадірлеу керек. Бас киімді дұрыс ұстамау адамның басына ауыртпалық әкеледі деп саналады.
  12. Балаға ат қоюда сақ болу. Баланың атын қоюда ерекше мән беріледі. Кейбір есімдер ауыр деп саналса, оларды қысқартылып немесе жеңілдетілген нұсқалармен атайды. Мұның мақсаты – баланың өмірі жеңіл болсын деген ниеттен туған.
  13. Бос бесікті тербетпеу. Бос бесікті тербету – баласыз қалған ананың қайғысын еске салады деп саналады. Бұл жамандықтың белгісі деп есептеліп, мұндай әрекеттерден аулақ болуға кеңес береді.
  14. Балаларға құр қол шықпауы. Үйге келген кішкентай балаға дәм ұсынып, қуанышпен шығарып салу керек. Егер сәби ренжіп кетсе, сол үйден бақ та, береке де кетеді деп жориды.
  15. Әйелдің түнде суға бармауы. Кезінде әйелдер түнде суға бармауға тырысқан. Өйткені олар судағы жануарларды жын-шайтан деп шошынады деп саналады.
  16. Босағаны кермеу. Есік босағасын екі қолмен керу, табалдырықты басу – ауыр күндерде жасалатын әрекеттер деп саналады. Сондықтан мұндай қылықтардан аулақ болу керек.
  17. Көне жұрт пен оттың орнын баспау. Қазақ ескі жұрт пен оттың орнын баспайды. Бұл – пәле-жаладан сақтану, ауру-сырқауға шалдықпау үшін жасалатын сақтық шарасы.
  18. Көз тиюден сақтану. Қазақта көз тию, сұқ өту, тіл батудан қорқу кең тараған. Сұқ көзді адамнан сақтанып, көз тимесін деп «көзің тасқа» деп қайырым айтады.
  19. Қасиетті құстарды атпау. Аққу, сары ала қаз, бұлбұл және жалғыз жүрген құстарды атпау керек. Бұл құстар киелі саналады, оларды атқан адам пәлеге ұрынады деп қорқады.
  20. Ас ішіп отырған адамның қолын алмау. Тамақ үстінде сәлемдесуге келген адамның қолын алу әдепсіздік деп есептеледі. Себебі, жуған қолдың тазалығы астан артық саналады.
  21. Оң қолмен ас ішу. Қазақтар үшін оң қолмен ас ішу, оң қолмен амандасу – құт пен береке шақыру белгісі. Бұл «ісіміз оң болсын, ырысымыз артсын» деген ізгі ниетті білдіреді.
  22. Қазанды есік жаққа қисайтып қоймау. Қазанның құлауы – береке мен несібенің төгілуіне, ризығының азаюына әкеледі деп жорылады. Қазан шайқалса, ырыс шамданады деген түсінік бар, сондықтан оны дұрыс орнатып, сақтықпен пайдаланған жөн.
  23. Ыстық асты үрлемеу. Ыстық тағамды үрлеу дұрыс емес деп саналады. Мұндай әрекет тағамның құтын қашырады, асқазанға ауыр тиеді деген түсінік бар.
  24. Еттің көбігін алу. Асқан еттің көбігін алу – тазалық пен денсаулыққа байланысты жасалатын салт. Көбігі алынбаған етті жеу ауру шақырады деп есептеледі.
  25. Нанды теріс қаратып қоймау. Нанды жерге төңкеріп қоюға болмайды. Бұл берекенің кетуіне әкеледі деп ұйғарылады.
  26. Нанды баспау. Нан қазақ үшін ең қасиетті тағам. Нанды басу, оны лақтыру – үлкен күнә. Мұндай адам қарғысқа ұшырайды, өзегін өксік басады деп саналады.
  27. Түнде сыпырынды төкпеу. Қазақ халқы түнде үй сыпырмайды және сыпырындыны төкпейді. Себебі, сыпырындының маңайына жын-шайтан жиналады деп қорқады. Сондықтан үйді тек күндіз сыпыру керек деп ырымдайды.
  28. Алғашқы аң олжасын сыйламау. Алғашқы аңшылық олжасын біреуге сыйлауға болмайды, бұл сәтсіздікке әкеледі деп саналады. Әр нәрсенің бастамасы өзіңде болсын деген ойдан туындаған бұл ырым адамды жауапкершілікке шақырады.
  29. Бала бас ұстамайды. Егер бала басын ұстаса, әкесі өліп қалады деп сеніп, тыйым салған. Бұл наным әке амандығын тілеуден туындаған.
  30. Сәби екі аяғының астынан қараса, қонақ келеді. Бала тоңқайып, аяқтарының арасынан қараса, күтпеген қонақ немесе жолаушы келеді деп жорамалдайды.
  31. Қыз балаға жілік ұстатпайды. Егер қыз балаға жілік ұстатса, ол тұрмысқа шықпай, ұзақ уақыт оң жақта отырып қалады деп сенген.
  32. Сәби шалқасынан алаңсыз ұйықтаса, белгілі азамат болып өседі. Ал егер бүк түсіп жатса, уайымшыл, жігерсіз болады деп сенген.
  33. Етпетінен жатып ұйықтаған бала ойшыл болады. Ал аяқ-қолын еркін созып ұйықтаса, болашақ батыр, кемеңгерліктің белгісі деп ырымдаған.
  34. Белгілі тұлғалардың сарқытын жегізу. Батыр, ақын, шебер, палуан секілді атақты адамдардың сарқытын жегізсе немесе олар сәбидің аузына түкірсе, сол қасиет балаға дариды деп сенген.
  35. Құлақ шуылдау. Құлағы шуылдаған адам қасындағыдан «қай құлағым шуылдады?» деп сұрайды. Егер ол дұрыс тапса, «біреу мені мақтап жатыр екен» деп, таппаса, «жамандап жатыр екен» деп жорамалдайды.
  36. Тамақ үстіне келген адамды үй иесі жақсы қабылдайды. Дастархан жайылып жатқанда келген адамға «мақтап жүреді екенсің» деп ризашылық білдірсе, ал дастархан жиналып жатқанда келгенге «жамандап жүреді екенсің» деп ескерту жасайды.
  37. Қайғылы хабарды атпен шауып келіп жеткізеді. Бұрындары қайғылы хабарды немесе жаназаға шақырғанда тек атпен шауып келіп, ауылдың шеткі үйіне хабарлаған. Ол үйдің иесі қалған жұртқа хабар таратады.
  38. Әңгіме айтып отырғанда сәби түшкіріп қалса, шындық айтылып жатыр деген сенім бар.
  39. Екіқабат әйелге өткір зат ұстатпайды. Пышақ, ара, қайшы ұстатса, мерзімінен бұрын босанады деген наным бар.
  40. Ине-жіп ұстатпайды. Екіқабат әйелге ине-жіп ұстатса, баласы кіндігіне оралып қалады деп сенеді.
  41. Жұлдыз ағып түскенде «менің жұлдызым жоғары» деп ырымдайды.
  42. «Көзің тиеді» деп түкіру. Адамға немесе малға біреу сұқтана қараса, сол адамның көзі тиіп кетпесін деп түкіртіп алады.
  43. Балықтың құйрығын ұстау – сәтсіздікке әкеледі. Балықтың құйрығын ұстаған адам ауға балық түспейді деп сенген.
  44. Ойынға ашуланған адамның басы таз болады.
  45. Мал үшем не төртем туса, біреуін бауыздап, босағаға көмеді. Бұл салт қалған малдың аман болуы үшін жасалады.
  46. Үйде қыз туа берсе, келесі баланы ұл болсын деп ұлдың атын қояды.
  47. Ауыздық шықса, жүгеннің ауыздығымен емдейді.
  48. Қайтыс болған адамның киімдері мен заттарын бөліп алады. Бұл ырым сол адамның жақсы қасиеттері ұрпақтарына жұғысты болсын деген ниеттен туындайды.
  49. Бас киім бөтен адамға берілмейді. «Адам басы кемиді» деп сеніп, бас киімді айырбастамайды.
  50. Садақаға киім бергенде түймесін қиып алады.
  51. Баланың мойны тез бекісін деп шілдеханасында қойдың мойын омыртқасын асып, кептіреді.
  52. Жаңа үйдің босағасын майлайды. Несібесі көп, дастарханы мол болсын деген ниетпен жасалады.
  53. Жиенді ұрса, қолы қалтырайды деп сенген.
  54. Қазақ бас санамайды. «Басымыз көбеймейді» деп ырымдайды.
  55. Алыс жолға шыққан адам қарашаңырақтан дәм татып аттанады.
  56. Жек көрген адамның артынан топырақ шашады. Қазақ жек көрген немесе көрмеймін деген адамның артынан бір уыс топырақ шашып, одан аулақ болуға тырысады.
  57. Үй өртенсе, оның арты жақсылыққа бастайды деп сенген.
  58. Жаңа ай көргенде бата жасайды. «Жаңа айда жарылқа, ескі айда есірке» деп тілек тілейді.
  59. Шала туылған баланы тымаққа салады. Неше күні кем болса, сонша күн керегенің басына іліп қояды.
  60. Қалы бар баланы Қалдыбай, Қалдыгүл деп атайды. Қалы үлкейіп кетпесін деп ырымдайды.
  61. Жаңа үйленген жастарды арша түтінімен ыстайды. Пәле-жаладан аулақ болсын деп ырым жасалады.
  62. Өліктің денесі оралған кілемді түнде жұлдызға қаратып жаю. Мұндай кілемді тек түнде жайып барып пайдаланады.
  63. Шашалған адамға «мал қап» дейді.
  64. Ет турағанда бір кесек ет қалып қойса, тураушы өтірік айтатының бар екен деп сенген.
  65. Қайтыс болды деген адам тірі болып шықса, «көп жасайды екен» деп ырымдайды.

Ырымдар мен тыйымдардың тәрбиелік және әлеуметтік маңызы

Қазақ ырымдары мен тыйымдарының басты мақсаты – қоғамдағы тәртіпті сақтау және жеке адамның рухани дамуын қамтамасыз ету. Олардың тәрбиелік мәні өте зор, өйткені ырымдар мен тыйымдар арқылы ұрпақтан-ұрпаққа өмір сүру қағидалары беріліп, адамның тұлғалық қасиеттері қалыптасады.

  1. Қоғамдық тәртіпті нығайту. Ырымдар мен тыйымдар қоғамда тәртіпті сақтау мен өзара сыйластықты қамтамасыз ету мақсатында қолданылды.
  2. Әдептілік пен адамгершілікке үйрету. Әдептілік қағидалары үлкендерге құрмет көрсетуді, адамдар арасындағы қарым-қатынасты реттеуді насихаттады.
  3. Табиғат пен қоршаған ортаны қорғау. Көптеген тыйымдар табиғатты қорғауға бағытталған. Бұл тыйымдар арқылы қазақ халқы табиғатқа ерекше құрметпен қараған.

Түйін: Қазақ халқының ырымдары мен тыйымдары – ұлттық мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Олар қазақтардың өмір сүру салты мен дүниетанымының негізінде қалыптасқан құндылықтар жүйесін бейнелейді. Ырымдар мен тыйымдар халықтың ғасырлар бойы жинаған тәжірибесі мен даналығын көрсетеді. Бүгінгі күні де бұл дәстүрлер өз маңызын жоғалтпай, ұрпақтар сабақтастығының кепілі болып есептеледі. Осы құндылықтарды сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – қазақ халқының рухани байлығы мен мәдениетін қорғаудың маңызды жолы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға