Коллаж El.kz

Қазақтың кеңпейілділігін тілінен таныдым – кәріс қызы

Теңіз жағасындағы Пусаннан басталған өмір жолы оны қазақ даласына алып келді. Кан Джиён есімді кәріс қызы – бүгінде қазақстандықтарға Корея мәдениетін таныстырып жүрген жас маман. Ол он бес жыл бұрын алғаш рет «Сәлеметсіз бе?» деген қазақша сөзді естіген сәтін әлі ұмытпайды. Сол сөзден оның жүрегінде қазақ тіліне деген сүйіспеншілік оянды.

El.kz интернет порталының тілшісі Кан Джиённан қазақ тілін қалай үйренгені және екі ел арасындағы мәдени байланыс туралы сұрап білді.

Бүгінде ол Қазақстандағы Корея Республикасының Елшілігі жанындағы Корея мәдениет орталығында қызмет етеді. Өзіне Жұлдыз деп қазақша есім де қойып алған. Қазақ тілі мен мәдениетіне ғашық болған кәріс қызының туған жері – Кореяның оңтүстігіндегі теңіз жағасындағы әсем Пусан қаласы. Кан Джиён Қазақстанға алғаш рет 2010 жылдың жазында келді.

Кан Джиённың жеке мұрағатынан 

Сол кезде алғаш естіген «Сәлеметсіз бе?» деген сөз әлі есімде. Маған мүлде таныс емес тіл ерекше әсер қалдырды. Тілді білмесем де, қазақстандықтардың мейірімділігі мен жылы қабағы мені таңғалдырды, – дейді кәріс қызы.

Қазір ол Қазақстандағы Корея мәдениет орталығында білім және БАҚ бөлімінде қызмет атқарады. Оның күнделікті жұмысы корей тілі мен мәдениеті сабақтарын ұйымдастыру, мәдени және білім бағытындағы жобаларды жүзеге асырумен байланысты.

Қазақ тілі мені баурап алды

Кан Джиён қазақ тілін 2012 жылдан бастап үйрене бастаған. Екі жыл бойы Ақтөбеде оқып, тілдің қыр-сырын меңгерген.

Алғашқы сабағымда тек «сәлеметсіз бе?» мен «рахмет» деген сөздерді ғана білетінмін. Бірақ «р» дыбысын айта алмай, тұтас бір сабақ бойы тек сол дыбысты жаттағаным бар. Кейде өзімді үш жасар бала сияқты сезінетін едім. Сонда да қазақ тілінде сөйлесем, адамдармен бір қадам жақындай түскендей боламын, – деді ол күліп.

Бастапқыда тілді жүйелі түрде меңгеру қиын болғанымен, ол күн сайын қадам жасап, сөздік қорын кеңейтіп отырған.

Бір күні «алма», келесі күні «қызыл алма», артынша «бір қызыл алма» деп өз бетімше сөйлеуді үйрене бастадым. Қазақ тілін жақсы сөйлейді дегенді естіген сайын ұялып кетемін, өйткені мен әлі де үйреніп жүрмін, – дейді Кан Джиён.

Жыл сайын өзіне жаңа мақсат қойып, тіл меңгеруді жалғастырып келе жатқан ол үшін қазақ тілі тек қарым-қатынас құралы емес, екі халықтың арасындағы рухани көпірге айналған.

Кан Джиённің айтуынша, қазақ тілінің ерекшелігі сөздер мен жалғаулар арқылы мағынаның терең ашылуы. Ол қазақ тіліндегі грамматикалық байланыстарды тек ереже ретінде емес, халықтың ойлау мәдениетінің айнасы деп қабылдайды.

Кан Джиённың жеке мұрағатынан 

Маған қазақ тілінің ерекше ұнайтын тұсы – зат есімнің жалғауы арқылы оның кімге тиесілі екенін бірден білуге болатыны. Мысалы, кітап-кітабым, кітабымыз деген сияқты. Ал етістіктің соңындағы жалғаулар арқылы сөйлемнің иесін анықтау да қызық. Мысалы, барамыз, баруымыз керек деген тіркестерде «біз» деген мағына жиі кездеседі, – дейді ол.

Ол үшін дәл осы «біз» ұғымы қазақ тілін жақын әрі жылы қабылдауға әсер етеді.

Кореяда да «біз» деген сөз жиі айтылады. Мысалы, біздің үй, біздің ел деп сөйлейміз. Сол үшін қазақ тілінде сөйлеген сайын өзімді өз үйімде жүргендей сезінемін. Иә, кейде үш жасар баладай сөйлейтін шығармын, бірақ қазақша сөйлесем, қазақстандықтармен бір қадам жақындай түскендей боламын. Қазақ тілінің жылы үні мен достыққа толы интонациясы мені әрдайым баурап алады, – дейді.

Қазақстандағы жылдары оның өміріндегі ең жылы естеліктерге толы. Себебі ол мұнда тек әріптестерін емес, шынайы достар да тапқан.

Менің қазақстандық достарым көп. Мәдени орталықтағы әріптестермен де жақсы дос болып кеттім. Олардың арқасында мен қазақ халқының қонақжайлылығы мен кең пейілін таныдым. Достарым ғана емес, жалпы қазақстандықтардың барлығы өте жылы жүзді адамдар деп ойлаймын, – деді ол ризашылықпен.

Күннің суығы мен қыстың ұзақтығына алғашында үйрену қиын болғанымен, достары оған өмірдің осы жағын да үйретіпті.

Қазақстанға алғаш келгенде суыққа қатты тоңатынмын. Сол кезде маған бас киім мен жылы шұлық киюді үйретті. Содан бері бас киімсіз далаға шықпайтын адамға айналдым, – деп күледі Кан Джиён.

Оның айтуынша, дәл осы ұсақ-түйек көрінетін сәттер – адамдар арасындағы шынайы жақындықтың, мәдениеттер тоғысының белгісі.

Бешбармақ – сүйікті тағамым

Қазақстанға келгеннен кейін Кан Джиён қазақ халқының дәстүрлі тағамдарына да үйреніп алған.

Ең ұнайтыны – бешбармақ. Ет пен қамырдың үйлесімі керемет. Ал қазақстандық картоптың дәмі Кореядағыдан да ерекше екен. Бірақ қымыз бен құртқа әлі де үйрене алмай жүрмін. Тағы біраз жыл осында тұрсам, бәлкім, үйреніп кетермін, – деді ол әзілмен.

Сондай-ақ, ол қазақстандық достарының арқасында жергілікті өмір салтына тез бейімделгенін айтады.

Қазақтардың Корея мәдениетіне қызығушылығы жоғары

Корея мәдениет орталығында жұмыс істейтін Кан Джиён аталмыш орталық жайында айтып өтті. Сөзінше, Корея мәдениет орталығы – екі ел арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған мекеме.

Бұл жер тек корей мәдениетін таныстыратын орын емес, қазақ және корей мәдениеттері тоғысатын, бір-бірінен үйренетін кеңістік деп ойлаймын. Мұны біз «жұмсақ күш» – soft power деп атаймыз. Мақсатымыз – адамдардың жүрегінде Кореяға деген жақсы әсер қалыптастыру, – дейді.

Бүгінде қазақстандықтар Корея мәдениетін жақсы біледі және оған үлкен қызығушылық танытады. Бұған елде өмір сүріп жатқан корей ұлты өкілдерінің ықпалы да үлкен.

Кан Джиённың жеке мұрағатынан 

Қазақстанда тұрып жатқан корей диаспорасының арқасында көптеген адамдар Корея мәдениетімен жақсы таныс. Мысалы, иіліп сәлем беру дәстүрін, Ким, Ли, Пак сияқты корей тектерін, корей тағамдары кимчи, сам, ток сияқты ұлттық ас түрлерін жақсы біледі. Тіпті кейбіреулер корей тарихының кей тұстарынан да хабардар, – дейді ол.

Сонымен қатар қазіргі таңда корей сериалдары, фильмдері мен K-pop мәдениеті де екі ел арасындағы рухани байланысты күшейтіп отыр.

Кейде адамдар «Жумонг» сериалын көріп, тарих туралы сұрақтар қояды. Ал қазіргі Кореядағы жаңалықтарды кейбір қазақстандықтар менің өзімнен де бұрын біліп алады. Бұл маған өте қызық әрі қуанышты жағдай, – дейді Кан Джиён.

Екі ел арасындағы байланыс нығайып келеді

Кан Джиённың айтуынша, Қазақстан мен Корея арасындағы мәдени байланыстар жыл сайын нығайып келеді. Ол бұл бағытта мемлекеттік деңгейде де, жеке бастамалар арқылы да көптеген жобалар жүзеге асып жатқанын айтты.

Мен Қазақстан мен Кореяның мәдени байланысын күшейту үшін мемлекеттік мекемелерде өз үлесімді қосып жүрмін. Үлкен істер атқарып жүрген адамдар көп, бірақ менің ойымша, ең бастысы, адамдардың жүрегі мен ниеті. Егер екі ел халқы бір-бірінің мәдениетіне шынайы қызығушылық танытса, бұл – ең үлкен көпір, – дейді ол.

Джиённың пікірінше, қазақстандықтардың корей тағамдары мен сериалдарына деген қызығушылығын тіл мен мәдениетке деген тұрақты сүйіспеншілікке айналдыру – маңызды қадам.

Кореяда да Қазақстанға қызығушылық артып келеді. Көптеген блогерлер мен саяхатшылар қазақ жеріне барып, өз әсерлерімен бөлісуде. Бұл үрдіс үзілмей жалғаса берсе, мен өте қуанышты боламын, – деді.

Сонымен қатар ол Кореяда қазақ тілін оқытуға мүмкіндік беретін бағдарламалардың көбеюін қалайды.

Кан Джиённың жеке мұрағатынан 

Мысалы, Корея шетел тілдері университетінде (HUFS) арнайы бағдарлама арқылы қазақ тілін үйренуге болады. Тіл үйрену – мәдениетті түсінуге апаратын жол. Сондықтан жеке қызығушылық пен тілге деген сүйіспеншілік екі ел арасындағы достықтың дәнекері бола алады деп сенемін, – деді Кан Джиён.

Кан Джиённың арманы – екі ел арасындағы мәдени көпірді одан әрі бекіте түсу. Ол алдағы уақытта қазақ және корей жастарының ортақ жобаларын жүзеге асыруға атсалысқысы келеді.