Жаңалықтар

Қазақтың әуезді үнін әлемге танытқан диктор

Қазақтың әуезді үнін әлемге танытқан диктор
Фото: Фотолар кейіпкердің жеке мұрағатынан 12.03.2023 11:57 2806

Наурыз айы берекелі ай. Көктемнің алғашқы айы бастала салысымен мереке-мейрамдарды қатарынан атап өтеміз. 1 наурыз - Алғыс айту күнін, 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесін өткіздік. Енді алдымызда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне дайындық басталды.

ҚР Президенті Қ.К. Тоқаев 2021 жылғы 14 наурызда Көрісу күнін Наурыз мерекесін тойлаудың алғашқы күні ретінде өзі бас болып құттықтап, «Баршаңызды бүгінгі Көрісу күнімен құттықтаймын! Ежелден келе жатқан ата салтымыз бойынша жастар осы күні үлкендерге сәлем беріп, батасын алады. Жұрт бір-біріне ақ тілектерін арнайды. Бұл – нағыз береке-бірлік пен ырыс-ынтымақтың мейрамы», - деген болатын. Содан бері ұлы мейрам - Наурыз - айдың 14 мен 23 аралығында елімізде жаппай 10 күн бойы аталып өте бастады.

Осы шапағаты мол мереке қарсаңында «Құрмет» орденінің иегері, ҚР мәдениет қайраткері, Ә. Байжанбаев атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақ радиосының дикторы Аманжан Еңсебайұлы Серіковпен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

- Ассалаумағалейкүм, Аманжан аға! Көрісу күні және биылғы Қазақ телевизиясының 65 жылдығы құтты болсын!

- Уағалейкүмассалам, бауырым! Бүгінгі сұхбатымыз дәстүрлі ұлттық мерекеміздің басы - Көрісу күні қарсаңында, Наурыздың алдында ұйымдастырылып отырғаны көңіліме қуаныш ұялатып отыр. Өйткені біздің ата-бабаларымыз өмірінен үлгі алатын салт-дәстүрлеріміз, әдет-ғұрыптарымыз көп қой. Соның бірі осы Көрісу, аман-есен қауышу, жүздесу күнін Қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосы жыл сайын атап өтіп, кең-байтақ даламыздың барлық түпкіріне насихаттап келеді.

- Шындығына келсек, осы Көрісу күнін кейінгі жылдары ғана жаппай естіп тойлай бастадық. Бұрын тек батыстағы жұрттың өкілдерінен ғана естіп-біліп жүрдік. Сіз бұл амалды бұрыннан білуші ме едіңіз?

- Бұл мерекені мен алғаш рет осыдан 40 жылдай бұрын Маңғыстау өңіріне Жаңаөзенде тұратын қарындасыма, құда-жекжаттарыма барған кезде естіп таң қалғанмын. Көрісу салты сол жақта жақсы сақталған екен.

Мағынасы терең, тәрбиесі мол. Ағайын-туыс, ел-жұрттың береке-білігі мен татулығын, амандығын, есендігін аңсаған. Мал-жанымыз бен туыс-өскен жеріміздің тыныштығын, бүтіндігін тілеген, соған қуана білген мейірімді, қайырымды қазақи жүректің лүпілі. Қанымызда бар, ғасырлар бойы ата-тегімізде сақталып келе жатқан осы ерекше адами қасиет ұзағынан болса екен деймін. Алдағы Наурыз мерекесімен El.kz-тің барша ниеттес оқырмандарын құттықтағым келеді.

- Рахмет, Аманжан аға. Наурыз мерекесін бала кезден тойлап өскен боларсыздар. Есіңізде ерекше сақталып қалған сәттер бар ма?

- Бала кезімізде ата-анамыз бізге «Наурыз күні көкке қарап бетіңді сипа» деуші еді, онысы «көктеммен бірге саған бақыт сыйлайды» дегені екен. Жыл құсы атанған қарлығаш келсе «шаңырағыма құт кірді, ырыс ұя сыйлады» деп мәз-мейрам болушы еді.

Қазақ даласы Наурызда ешкімге қабақ шытып ренжімейді. Қар жауса, аппақ нұр төгілді деп, оны күремейді, сыпырмайды да. Ұл-қызына ұрсып, зекімейді, тек қабағымен жасқап, еркелетіп, маңдайынан иіскеп бауырына басады. Қыз-келіншектер, әйелдер ыдыс-аяғын сылдырлатпайды, келген кісіге, үй ішіндегілерге, айналасындағыларға жүзінен мейірімін төгіп, бар тәттісін алдына тосады.

Ал төрт түлігі төлдесе, оны ешкімге сыйламайды, уызын елге таратады. Өмірге сәби келіп жатса, Алла тағала бізге жаңа ұрпақ сыйлады, өрісім кеңейді деп бағалайды. Айта берсек жанымызға нұр сыйлайтын, жүрегімізге жылулық ұялатып, көңілімізге көктем шуағындай сәуле төгетін, ізгілікке жетелейтін мұндай мысалдар көп. Тек осының бәрін көкірек көзімізбен көре біліп, жүрегіміздің төріне жібек орамалға түйіп алып, сақтай білсек екен дегім келеді.

- Жақсы, бұл тақырыпқа сұхбат барысында тағы да тоқталатын боламыз. Енді биыл құрылғанына 65 жыл толып отырған Қазақ телевизиясының мерейтойына қарай ойыссақ. Мерейтойлық көңіл күй қалай сезілуде?

- Биыл, өткен ғасырдың 50-60-70 жылы туғандардың көңілінде ұмытылмас із қалдырған Қазақ телевизиясының 65 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтіп жатыр. Рахмет айналайын!

Өзінің өткеніне ой көзімен қарайтын қазақ баласы оны ұлттық өнеріміздің тәрбие мектебі, рухани өміріміздің айнасы деп түсінуі тиіс. «Өткеніңді ұмытсаң аруақтардың азасына, бүгінгімен ғана өмір сүрсең, болашақтың табасына қаласың» деген бұрынғылардан қалған ұлағатты сөз бар. Сол айтқандай 70-тен асқан шағымда, жүріп өткен жолыма барлай қарасам, көп дүние көз алдыға келеді, еске түседі.

Ескі күндердің есте сақталған сондай естелігінің бірі, осы наурыз айының 26 күні жасы 100-ге толып, бір ғасырлық тойы аталып өтілетін Қазақстанның халық әртісі, дауылпаз дауыс иесі, ұстазым Әнуарбек Байжанбаевтың есімі ойға оралады.

Ол кісі 1958 жылы Қазақ телевизиясы ашылғанда, өзінің қарашаңырағы - радиомен екі арада төрт жылдай диктор болып, бүкіл әлемге әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовпен қатар отырып, сұхбат құрған екен. 

Содан кейін бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған, өзім қай биікке апарып отырғызсам да, аласа болып көрінетін ақсақалымыз, қашанда жылушырап қазақтың өрімдей ұл-қыздарын әдебиет пен өнер әлеміне жетелеп әкеп енгізген, үлкен жүректі қалам иесі Ғұсман Игісінов пен сол дәуірдегі ақын-жазушы ағалармен, әзіл-ысқақ әлеміндегі әпенділермен әңгімесі жарасып, кере қарыс маңдайына біткен алақандай көзімен айналасына ағалықпен қарайтын Кәкімбек Маржанов, әйгілі әнші ағаларымыз Ескендір Хасанғалиев пен Нұрғали Нүсіпжанов, белгілі өнер зерттеушісі, Сүгір атамыздың көзін көріп, батасын алған Төлеген Момбековпен қатар отырып талай күй шерткен Жаулыбай Иманәлиев, өткен жылы ғана өмірден өткен, диктор Әбдірәлі Бөлебаев замандасым осы радиодан шыққан. Өзім де бес-алты жыл бойына телеарнаның біраз хабарларын оқыдым. Сондықтан Қазақ телевизиясының 65 жылдық мерекесі бәрімізге ортақ қой, құтты болсын демекпін!

- Аманжан аға, өзіңіздің шығармашылығыңыз қалай басталды?

- Мен байтақ даламыздың бір түпкірінде жатқан бұрынғы Талдықорған, қазіргі Жетісу облысының Андреев, бүгінгі Алакөл ауданындағы Төңкеріс деген аядай ғана ауылда тұратын, қарапайым шаруаның баласы, Ұлы Отан соғысының ІІ-топтағы мүгедегі, ел ішіндегі абырой беделі де, еңсесі де биік Еңсебай Серікұлы мен бесік тербеткен берекелі отанасы атанып, бір кісіге деген ықыласы - мың кісіге шуақ болып төгіліп тұратын, ерекше мейірім иесі, асыл анам Күлғасыл Қартамысқызының құшағында тербелген Жақыпбек, Нұрзипаш, Төлеген есімді аға-әпкелерімнен кейінгі перзентімін.

Соңымнан ерген Күлтай, Бауыржан деген іні-қарындастарым бар. Қазір бәріміз осы Алматыда тұрамыз, Құдайға шүкір. Жетім өскен жалғыздың соңында татулығы мен береке-бірлігі жарасқан, үркердей ғана бір топ болып, қауым болып, ауыл болып, бір-бірімізге сүйеніш, аға-бауыр болып, өсіп-өніп отырмыз.

- Өмірлік ұстанымыңыз қандай? Өзіңіздің отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз.

- Биыл Қазақ радиосындағы арнайы байқаудан өткен соң, осы қасиетті қарашаңырақта жүргеніме жарты ғасыр уақыт болған екен. Оған дейін 1968 жылы Жыланды деген ауылда орта мектепті бітіріп, Қапалдағы ауылшаруашылығы мамандарын, мал санитарларын даярлайтын училищеде білім алдым. Сол алған білімім бойынша бір жыл Саратов қой совхозында мал дәрігері болып қызмет еттім. Одан кейін Германияда Кеңес әскерлері сапында борышымды өтеген соң, Алматы ауыр машина зауытында жұмысшы болып істедім. Ал содан кейінгі бар тіршілігім осы шаңырақтың астында өтті.

Зайыбымның есімі Айтжамал, үлкен ұлым Ғалымжан, келінімнің аты Гүлбану. Немерем Дидар мен келінім Жанелден Аниса есімді шөберем бар. Одан кейін Ернар, Мадина деген екі немерем, Айжан қызым мен күйеубалам Ришаттан Карина, Ринат деген, кіші қызым Гүлжаннан Назима, Ілияс, Рамазан есімді жиендерім бар.

- Қызмет барысында есте қаларлықтай оқиғалар болды ма?

- Қазақ радиосы - ол мен үшін үлкен өмір мектебі. Бауыржан Момышұлынан бастап, Талғат Бигелдинов, Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұршайықов, Шәмші Қалдаяқов, Әбілахат Есбаев, Нұрғиса Тілендиев, Мұқағали Мақатаев, ағайынды Абдуллиндер сияқты көптеген игі жақсыларды, даңқты батырларды, өнер саңлақтарын көрдім, лебіздерін естідім. Осының бәрі ұмытылмас оқиға, тарихи естеліктер ғой. Оның қайсы бірін айтып тауыса алар екенбіз?!

Мәселен ұзақ жылдар бойы музыка редакциясын басқарған белгілі композитор, жазушы, өнер зерттеушісі, Еңбек Ері Илия Жақановтың «Қайта оралған ән» деген повесі 60-шы жылдардың аяғында жарыққа шыққанда, сол шығарманың әсер еткені сондай, ондағы кейіпкерлердің өміріне қызығып повестің жартысын жаттап алған едім. Кейін радиода асыл ағаның жанында жүргенде екі-үш рет жиналсақ та, кітап кейіпкерлерімен кездесудің сәті түспеді, соған әлі күнге дейін өкінемін.

Радионың режиссері, дикторы, «Тамашаның» тарландары Тоқсын Құлыбековтің, Шолпан Байғабылованың айта жүрер біраз қызықтары әлі есімізде.

- Баяғыда тек Қазақ радиосы болса, қазір саны көбейді, олардың сапасына қалай қарайсыз?

- Бүгінде әуе кеңістігінде қазақ тілінде шала хабар, ана тілімізде ала шұбар, өлмеші, мазақ етер хабарлар, жаңалықтар, маңызы төмен мәні жоқ, жөні жоқ ыржаққа, күлкіге толы, арзан, жеңіл дүниелер жыл өткен сайын көбейіп барады. Оның иесі кім, эфир мәдениеті деген не, ол қайда қалды? Сөз қадірін мүлдем арзандатып алдық.

Заман ағымына төтеп беріп, бүгінгі күн талабынан шет қалмау үшін Қазақ радиосы мен «Шалқар» осы өмірге бейімделуде. Бірақ ұлт бейнесін, рухани болмысымызды сақтап отырған бірден-бір бұқаралық ақпарат орталығы қазақтың мәдениеті, өнер, ғылым-білім, әдет-ғұрып, салт-дәстүрімізді, бала тәрбиесі, дініміз бен ділімізді насихаттап, барымызды бағалап, жоғымызды түгендеп отырған Қазақ радиосы мен «Шалқар» ғана.

Оны көзі қарақты, көңілі ояу тындарманымыз жақсы біледі. Оқу-тоқу да, ұрпақ тәрбиесі де тек өзімізге байланысты. Ұлтжанды болайықшы дегім келеді.

- Қазіргі радио дикторларынан мықты деп кімдерді атай аласыз?

- Бүгінде менің білуімше Қазақ радиосында диктор деген екі-ақ штат бар. Мұхамедәлі Болатұлы екеуіміз ғана. Басқаларының бәрі тек жүргізуші.

Құдайға шүкір дейік, басқа бұқаралық хабар тарату орталықтарымен салыстырғанда, «Алтын қорға» да, Әнуар аға, Сауық жеңешем, Зәмзагүл Шарипованы, Раисия, Зияда, Ұлжан, Жанел апайларымның, Омархан, Мырзабек ағаларымның үніне құлақ түретін, соңымыздан еріп келе жатқан Жанар Оразымбетова, Гүлмира Нәлібай, Бақыт Жағыпарұлы, Гүлназ Шалабаева, Гүлбану Алпамысқызы, Талант Арынғали, Нұржамал Хасанқызы, Мөлдір Жанбаева, Гүлбағыш Бостанова, Мұхамедәлі сияқты көптеген шәкірттерім алдыңғы көштен адасып қалмауға тырысуда.

Қасымызға отырғызып алып, құлақтарына құймасақ та өзіндік бір үлгі-өнеге көрсетіп, ой бөлісіп тұрамыз. Ерекше сүйінетінім, олардың жұдырықтай жүректерінде ұлтымызға, ана тілімізге, өнерімізге, мәдениетіміз бен әдебиетімізге, салт-дәстүрімізге деген шынайы құрмет бар. Оларды бір-бірінен бөле жарғым келмейді. Ең бастысы өз ұлтымызға деген сүйіспеншілік, жанашырлық бар. Олар күн сайын бүкіл тыңдаушылармен тілдесіп, осы сезімдерімен бөлісіп отырады.

- Қоғамда болып жатқан өзгерістерді қалай қабылдайсыз. Советтік Қазақстан мен Жаңа Қазақстанның айырмашылығын сезіне алдыңыз ба?

- Біздің қазіргі қоғамда өзгеріс жоқ дегеніміз өтірік болар. Кейінгі бір-екі жыл ішінде ой жіберіп қарағанға біраз өзгеріс болып жатыр. Бірақ оған уақыт керек ағайын. Сабырын сары алтындай сақтаған халықтың ұрпағы едік қой. Аттанға обай қоса бермейік. Әлеуметтік желілерде Youtube канал, Tik-Tok дей ме, әйтеуір түймедейді-түйедей қылып көрсетуге дайын блогерлер тым көбейіп кетті. 

Елдің, тыңдаушының, қарапайым жұрттың ой-санасын бұзатын, соған жалған ақпарат арқылы қозғау салатын жандарға «Әй, қарағым, мынау не?» дейтін ешкім жоқ. Бәріміз данышпан, ақылдымыз. Бірақ істеген ісімізде, сөйлеген сөзімізде береке жоқ. Оған қарапайым қазақты айтпай-ақ қояйық, кейбір мемлекет және қоғам қайраткерлерінің сөздері, үлкен мінберден сөйлеп жүрген депутаттардың пікірі куә.

Өз ішімізде бірауыздылық, татулық, береке-бірлік болмай, бет-бетімізбен жайыла берсек, оның соңы жақсылыққа апармайды, ағайын. Ұлтын сыйлаған, заңға бағынған, тәуелсіздікті бағалай білген, Президентке сенім білдіріп, сыйлаған адам аузына келгенді айта бермесе керек. Бүйіріміз ортайса да, бүтініміз бүлінбесе екен дегім келеді.

«Ат төбеліндей» қазақ баласын жүзге, руға бөлгеніміз аз болғандай, кейінгі жылдары ішімізден ірітіп, дін арқылы бөлшектеуге көшкендерді танитын, көретін, білетін болдық қой. Абай болайық!

Біздің дана қазақта тәлім аларлық тәрбие сөзі аз емес қой. Соның бірі «жолыңды сыйлап, жамбас тартса - жөніңді біліп, ет асатуды ұмытпа» дейді. Қолымыздан келгенше сыйлап келеміз-ау, сыйлаймыз да. Бірақ кейбір ағайындар арамызға «ши» жүгіркенін қоймайды. Сыйлағанның құлымыз. Иілгенге иілеміз, шалқайғанға шалқаямыз. Осыны ұмытпасын. Тек шынайы сыйласа екен дегім келеді. Халықтар достығын жалаң сөзбен емес, әр ұлт өкілі өзінің нақты ісімен көрсетіп, дәлелдеп отырса.

- Жастарға отбасындағы ынтымақ туралы қандай өсиет айтасыз?

- Отбасы туралы балаларыма айтарым, айналайын, ер адам шаңырақтың иесі болуы керек. Батысқа қарап бас шұлғып, Еуропаға қарап есің кетіп еліктей берме. Әр ұлттың өзіндік ерекшелігі бар. Ұлттың намысын, жігерін, рухын жоғалтып алмаңдар. Құдай қосқан қосағыңды сыйла, бірақ басыңды жоғалтып алма дер едім.

Мен қоғамдық көліктермен жиі жүремін. Сонда байқағаным, екі құлағын тас қылып бекітіп алған қыз-жігіттер айналаға тіпті көз салмайды. Бейтарап, беймәлім әлемде жүргендей. Ой да, сана да жоқ, қорқынышты. Ертең солар есейгенде отбасы түгілі өз бастарын алып жүре ала ма? «Мұрнын тескен тайлақтай» көрінгеннің жетегінде жүре бере ме? «Жетекке үйренген тазы қоян алмайды» деп дана қазақ мұны баяғыда-ақ бекемдеп қойған.

Қызылды-жасылды қу дүниге әуес болмаңдар. Бәріне де қанағат керек, шексіз байлық ешқашан бақытқа жеткізбейді. Оны бүгінгі ел өмірінен өзіміз де естіп, көріп те жүрміз, содан дұрыс қорытынды жасайық.

Қыздарымызға айтарым, арзан дүниеге алданып қалмаңдаршы, қарақтарым. Оның өкініші өмір бойы өзегіңді өртеумен өтеді. Қыз баланың нағыз төркіні - тәлімді тәрбиеде. Өйткені әйелдің тағдыры бүкіл әлеммен тағдырлас. Қаракөздеріміздің бәрі инабатты да ізетті, інілерім білекті де жүректі болғанын қалар едім.

- Ұлыстың ұлы күні қарсаңында елге айтар тілегіңіз болса, жеткізейік!

- Наурыз тойы бұл ұлттық киім киіп алып, жағалай тігілген қазақи үйлерді аралап, қазы-қарта жеу, қымыз ішу, Наурыз көжеге сылқия тойып алу емес. Ол біздің қазақтың шынайы ақ көңілі, ақ пейілі, бауырмалдығы, кең пейілдігі, адалдығы, тазалығы, мейірімділігі, қайырымдылығы, жомарттығы деп түсіну керек.

Алла тағала әу баста бізге сыйға берген осындай ең асыл, өте құнды қасиеттерімізбен қайта қауышуды, өзара сыйласып, бір-бірімізді құрметтей білуді нәсіп етсін. Ел іргесі аман болып, ішімізден дау, сыртымыздан жау шықпаса екен деп тілеймін. Аман болайық! Наурыз құтты болсын!

- Мағыналы сұхбатыңыз үшін көп рахмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға