Жаңалықтар

Қазақстанның жаңа картасы дайындалды

Қазақстанның жаңа картасы дайындалды
Фото: © СЦК 19.05.2023 16:09 6855

Жаңа картаның жұмысымен Орталық коммуникациялар қызметінің отырысында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов таныстырды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысының бастамасымен өткен жылы елімізде үш жаңа Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары құрылды. Осыған байланысты Үкіметтің бастамасымен Қазақстанның жаңа картасын жасау шарасы қолға алынды. Нәтижесінде Қазақстанның 6 облысының тематикалық жаңа картасы жасалды. Онда үш жаңа облыс енгізілді және Алматы, Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстарының шекаралары өзгертілді, - деді цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов.

Жаңа карталарды дайындау барысы бірнеше кезеңнен тұрды. Ол туралы ҚР ЦИАӨМ Геодезия және картография комитетінің төраға орынбасары Мирас Әшімов түсіндіріп берді.

Алғашқы кезеңде картаның сипаты, оны пайдалану мақсаты айқындалады. Карталарға талдау жасалып, кезекшілік карталардан тиісті мәліметтер алынып, жинақтау жұмыстары жүргізіледі. Келесі кезең – редакциялық дайындық жұмыстары. Бұл кезеңде картаның орналасу макеті дайындалады және Қазақстан Республикасының мемлекеттік каталогы географиялық атауларының сәйкестігіне байланысты салыстырмалы жұмыстар жүргізіледі.

Сондай-ақ әкімшілік аумақтың бірліктерінің шекаралары картаға белгіленіп, оны жергілікті атқарушы органдарға келісуге жіберіледі. Дайын карта редакциялық бақылаудан өтіп, сараптамаға жіберіледі. Сараптамадан өткен карталар баспада дайындалады, - деді ол.

Дайын карталар мүдделі мемлекеттік органдарға таратылды. Карталар тек мемлекеттік органдарға емес, жеке және заңды тұлғаларға да мемлекеттік қызмет арқылы ақылы негізде қолжетімді.

Жыл басынан бері жаңа картаға мемлекеттік органдармен 50-ге жуық, жеке және заңды тұлғалармен 200-ден астам өтінім берілген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға