Жаңалықтар

Қазақстанның үш қаласы ауылға айналады

Қазақстанның үш қаласы ауылға айналады
Фото: ©El.kz/Бауыржан ЖУАСБАЕВ 15.09.2023 17:31 892

Ұлттық экономика министрлігі жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасына өзегрістер мен толықтырулар әзірледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Құжатта көрсетілгендей, бүгінгі таңда елдегі ірі 17 ауыл бойынша олардың ауыл мәртебесіне сәйкестігі туралы мәселе шешуді талап етеді. Мәселен, Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауылы – 54 мың адам, Түркістан облысындағы Қарабұлақ ауылы – 50 мың адам, Алматы облысындағы Ұзынағаш ауылында 47 мың адам тұрады. 

Ал, әкімшілік-аумақтық заңнаманың талаптарына сәйкес келмейтін, яғни халық саны 10 мың адамнан кем қалалардың әкімшілік мәртебесін өзгерту процесі кезең-кезеңімен  жүргізілетін болады. Мұндай қалаларға Степняк (3,8 мың адам), Темір (2,1 мың адам), Жем (1,5 мың адам) жатады.

Бұдан басқа облыстық маңызы бар қалалардың шекараларында орналасқан дербес ауылдар мен кенттерге талдау жүргізілетін болады. Бұл "Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы" заңның талаптарына қайшы келетіндіктен, мұндай ауылдар мен кенттердің мәртебесі қайта қаралады. Олар қалалардың құрамдас бөлігі, мысалы, шағын аудандар түрінде болуға тиіс, - делінген құжатта.

2023 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша орта есеппен бір ауылдық округке шамамен 3 ауыл және 3,3 мың тұрғыннан келеді. Ал, аудандық маңызы бар бір қалаға 24 мың тұрғыннан келеді. 

Құжатты ашық  талқылау мерзімі – 26 қыркүйекке дейін.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға