Жаңалықтар

Қазақстанның Тұрақты өкілі ДСҰ бас директорына сенім грамоталарын тапсырды

Қазақстанның Тұрақты өкілі ДСҰ бас директорына сенім грамоталарын тапсырды
Фото: gov.kz 25.10.2022 14:24 1473

Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Жанар Айтжан ДСҰ бас директоры Нгози Оконджо-Ивеалаға сенім грамоталарын табыс етті, деп хабарлайды El.kz.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, кездесу барысында Н. Оконджо-Ивеала Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ДСҰ жанынан Қазақстанның Тұрақты өкілдігін ашу туралы шешім қабылдағаны үшін алғыс білдірді. Бас директордың пікірінше, бұл еліміздің 2022 жылғы маусымда Қазақстанның төрағалығымен сәтті аяқталған ДСҰ-ның 12-ші министрлік конференциясы барысында қол жеткізілген уағдаластықтар имплементациясына елеулі үлес қосуға ықпал етеді.

Өз кезегінде Қазақстанның Тұрақты өкілі 2015 жылы ДСҰ-ға кірген сәттен бастап, Қазақстан көпжақты сауда жүйесін белсенді түрде қолдайтынын атап өтті. Бұған дейін Қазақстан ДСҰ-ның Сауда және қоршаған орта жөніндегі комитетінің жұмысына төрағалық еткен, 2018 жылдан бастап еліміз ДСҰ-ның Қызметтер саудасы жөніндегі арнайы сессиясын басқарып келеді. Қазақстанның, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің Ұйымға кіруіне жәрдем көрсететіні және теңізге шыға алмайтын дамушы елдердің мүдделерін білдіретіні атап өтілді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға