Жаңалықтар

Қазақстанның министрлер кабинетінде 100-ден астам адам бар – фейк

Бұл туралы Stopfake.kz мәлім етті
Қазақстанның министрлер кабинетінде 100-ден астам адам бар – фейк
Фото: lada.kz 31.01.2023 09:00 1151

Қазнетте екі суреттен жасалған коллаж тарады. Олардың бірінде жүзден астам адамнан тұратын Қазақстанның Министрлер кабинеті көрсетілген-мыс. Екіншісінде – Швейцарияның Министрлер кабинеті, оның жеті-ақ өкілі бар екен. Stopfake.kz сайты тараған коллажға талдау жасап көрді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Анықталғандай, бірінші сурет Ақорданың ресми сайтынан алынған.

«Ол 2020 жылғы қаңтарда Мемлекет басшысының Президенттік жастар кадр резервінің мүшелерімен кездесуі барысында түсірілген. Шараға резервке алынған 300-ге жуық адам қатысты.
Олардың ҚР Министрлер кабинетінің мүшелері еместігі белгілі. Іс жүзінде ел Үкіметінің құрамына 23 адам кіреді», - деп жазады Stopfake.kz.
Екінші сурет те ашық дереккөздерден алынған. Онда 2014 жылғы Швейцарияның федералды кеңесі бейнеленген.

«Швейцарияның Федералды кеңесіне жеті адам мүше болады, олар жеті министрліктің басшысы болып табылады. Олардың арасынан жыл сайын Президент тағайындалады. Сайланған Кеңес мүшесі бұл лауазымды қайта сайлау құқығынсыз бір жыл атқарады. Оны Парламенттің екі палатасының 246 депутаты сайлайды.
Швейцарияның мемлекеттік басқару жүйесі қазақстандық жүйеден айтарлықтай ерекшеленетіні анық. Яғни, екі елдегі Үкімет мүшелерінің санын салыстыру мағынасыз және дұрыс емес. Сонымен қатар таратылған суреттер пайдаланушыларды шатастырады. Бірінші суретте ҚР Министрлер кабинеті емес, ал екіншісі тоғыз жыл бұрын түсірілген», - деп түйіндейді фактчекингпен айналысатын сайт.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға