Жаңалықтар

Қазақстанның машина жасау саласындағы инвестициялық әлеуеті талқыланды

Қазақстанның машина жасау саласындағы инвестициялық әлеуеті талқыланды
Фото: gov.kz 12.05.2023 06:27 1098

Жиында еліміздегі машина жасау саласын дамытудың өзекті мәселелері мен ықтимал шешімдер сөз болды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Астанада 10-12 мамырында өткен Қазақстан машина жасаушыларының XI форумы аясында Сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаровтың қатысуымен «Қазақстанның инвестициялық әлеуеті» тақырыбында панельдік сессия өтті. Сессияда Қазақстанның машина жасау саласындағы инвестициялық әлеуеті, сондай-ақ өнімдерді оқшаулау процесінде компаниялар тап болатын өзекті мәселелер талқыланды.

Алмас Айдаров құттықтау сөзінде Қазақстан үкіметінің елімізге инвестиция тарту бойынша қабылдап жатқан шаралары туралы, сондай-ақ машина жасау саласындағы шетелдік инвесторлардың табысты тәжірибесі туралы айтты.

Бүгінгі таңда Қазақстанда General Electric, Alstom, General Motors, Daewoo Bus Global Corporation, Hyundai Motor Company және т.б. сияқты машина жасау саласындағы әлемдік көшбасшылар табысты жұмыс істеуде. Kia, Hyundai, Renault, Chevrolet, Jac сияқты автомобильдердің маркалары шығарылады. Бұл компаниялардың табысты қызметі Қазақстанда саланы дамыту үшін барлық қажетті жағдайлар жасалып жатқанының айқын дәлелі болып табылады, - деді ол.

Дегенмен, министрдің орынбасарының айтуынша, бұл импортты алмастыру саясатын сәтті жүзеге асыру үшін әлі жеткіліксіз. Мәселен, өткен жылы Қазақстанға тауар импорты шамамен 50 миллиард долларды құрады, оның 40 пайыздан астамы машина жасау өнімдерінің үлесіне тиді.

Бұл отандық өндіріс пен инвестиция тарту үшін пайдаланылмаған орасан зор әлеуетті білдіретін жоғары технологиялық және жаппай өндірістегі бірқатар машина жасау салаларының болмауына байланысты қалыптасқан.

Қазіргі геосаяси жағдайды ескере отырып, бірқатар шетелдік компаниялар аймақтағы өз стратегиясы мен қызметін қайта қарауда, бұл бізге Қазақстанда жаңа өндірістерді дамытуға белгілі мүмкіндіктер береді. Біз шетелдік бизнесті, оның ішінде машина жасау саласын көшіру үшін қажетті жағдай жасауға дайынбыз. Қазақстан шетелдік инвестицияларды тарту және шетелдік компаниялардың Қазақстан Республикасына келуіне барынша қолайлы жағдай жасау жұмыстарына үлкен мән береді, - деп түйіндеді сөзін Алмас Айдаров.

«KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Руслан Ибраимов ұлттық компанияның қызметі, Қазақстан ұсынып отырған инвестициялық мүмкіндіктер, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтты.

Елдің стратегиялық орналасуы, ірі көршілес нарықтарға қолжетімділігі, қолайлы бизнес-ортаның, қолжетімді және білікті жұмыс күшінің, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың кешенді шараларының арқасында Қазақстан шетелдік инвесторлардың назарын арттыруды жалғастыруда, - деді Руслан Ибраимов.

Сондай-ақ MAKFED (Түркия Республикасы Машина жасау федерациясы) бас хатшысы Зухту Бакир, «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС бас директорының орынбасары Ербол Әбдіразақов, Weir Minerals бас директоры Ғалымжан Нұрланов, Wabtec корпорациясының Ресей/ТМД, Еуропа, Таяу Шығыс және Солтүстік Африка бойынша аға вице-президенті Гокхан Байхан сөз сөйледі. Модератор Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Аян Еренов болды.

Жалпы, панельдік сессия пікір алмасудың жемісті алаңына айналды, еліміздегі машина жасау саласын дамытудың өзекті мәселелері мен ықтимал шешімдер талқыланды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға