©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/Midjourney

Қазақстанның IT-қызметтер экспорты рекордтық деңгейге жетті

Қазақстан IT-саласында айтарлықтай серпіліс жасап, ақпараттық технологиялар қызметінің экспортын 15,7 есе арттырды. Еліміз алдағы кезеңде цифрлық даму мен жасанды интеллект бағытында жаңа мақсаттар белгілеуге ниетті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

2026 жыл Қазақстанда ресми түрде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Жақын уақытта мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор компаниялары үшін ақпараттық технологиялар саласындағы нақты индикаторлар мен міндеттер айқындалмақ. Finprom.kz мәліметінше, бұл – ел экономикасын технологиялық жаңғырту жолындағы стратегиялық қадамдардың бірі.

Алайда жаңа мақсаттарды сөз етпес бұрын, соңғы жылдардағы нақты жетістіктерге назар аударған жөн. 2023 жылдың қыркүйегінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды толыққанды IT-мемлекетке айналдыру жөнінде міндет қойып, 2027 жылға дейін IT-қызметтер экспортының көлемін 1 млрд АҚШ долларына жеткізуді тапсырған еді.

Аталған меженің мерзімінен бұрын орындалғаны 2026 жылғы Үкіметтің алғашқы отырысында белгілі болды. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің мәліметінше, Қазақстан IT-қызметтер экспортында рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп, 2021 жылмен салыстырғанда бұл көлем 15,7 есе артқан.

2025 жыл отандық IT-саласы үшін бетбұрыс кезеңі болды. Бұл жылы сектор тек қаржылық көрсеткіштерге жетіп қана қоймай, бірқатар институционалдық және инфрақұрылымдық реформаларды да аяқтады. Министрліктің деректеріне сәйкес, 2025 жылы Қазақстандағы IT-нарықтың жалпы табысы 2 трлн теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 2,1 есе өсті.

Оқи отырыңыз:

Ал алдын ала есептер бойынша, 2024 жылы көрсетілген IT-қызметтердің көлемі 25,9%-ға өсіп, 1,7 трлн теңгеден асты. Алайда бұл көлемнің небәрі 17,4%-ы ғана шетелдік тапсырыс берушілерге көрсетілген қызметтерге тиесілі болған.

Соңғы жылдағы маңызды жетістіктердің қатарында Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығының іске қосылуын, үш деректерді өңдеу орталығының ашылуын, бизнес пен ғылымға арналған екі қуатты суперкомпьютердің жұмысын, сондай-ақ AlemGPT мультиагенттік платформасының әзірленуін атап өтуге болады.

Сонымен қатар Qaz Tech порталы пайдалануға берілді. Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес, 2026 жылдан бастап мемлекеттік жүйелерді осы платформадан тыс жерде әзірлеуге тыйым салынады. Бұл – цифрлық инфрақұрылымды бірыңғай стандартқа көшіру жолындағы маңызды шешім.

Былтыр Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі де айтарлықтай нәтижелер көрсетті. Бүгінде технопарк қатысушыларының саны 1,8 мың компаниядан асты. Соңғы бес жылда Astana Hub-та тіркелген компаниялардың жиынтық табысы 864 млрд теңгеге, ал тартылған инвестициялар көлемі 600 млн АҚШ долларынан асып отыр.

Инвестициялық динамика да оң үрдісті аңғартады. 2025 жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында ақпарат және байланыс саласына салынған негізгі капиталға инвестициялар көлемі 342,8 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31,1%-ға артқан. Ал ең жоғары инвестициялық көрсеткіш 2023 жылы тіркелген – 438,4 млрд теңге. Бұл Ресейден көптеген компаниялардың Қазақстанға қоныс аударуымен тікелей байланысты.

IT-саланың әлеуметтік әсері де айқын сезілуде. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша ақпарат және байланыс саласында жұмыс істейтіндердің саны 200,5 мың адамға жеткен. Ал бес жыл бұрын бұл көрсеткіш небәрі 160 мың адам шамасында болған.

Мамандар санының жылдам өсуіне ең алдымен жалақының айтарлықтай артуы ықпал етті. 2019 жылдан бері IT-мамандардың орташа еңбекақысы үш еседен астам өсіп, 833,1 мың теңгеге жетті. Қазіргі таңда IT-саласындағы табыс деңгейі экономикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі саналады (қаржы және сақтандыру секторынан кейін).

Сонымен бірге IT-қызметкерлер жалақысының ел бойынша орташа көрсеткіштен алшақтығы да ұлғайған. Мәселен, 2019 жылы IT-мамандардың орташа айлығы жалпы экономикадағы орташа жалақыдан 1,4 есе жоғары болса, 2025 жылдың үшінші тоқсанында бұл айырмашылық екі есеге жуықтады.

Дегенмен қол жеткізілген жетістіктерге қарамастан, Қазақстанда IT-саланың дамуына кедергі келтіріп отырған түйткілдер әлі де бар. Соның бірі – елді мекендерді жоғары жылдамдықты интернетпен толық қамту мәселесі. Үкіметтің қаңтар айындағы отырысында айтылғандай, бүгінде шамамен 2,5 млн азамат тек талшықты-оптикалық байланыс арқылы ғана қолжетімді болатын сапалы интернетке мұқтаж. Осыған байланысты биыл 3 мың ауылға оптикалық желі тарту жобасы жоспарланған.

Бұдан бөлек, бастапқы даму сатысындағы IT-стартаптарды қаржыландырудағы қиындықтар, құжат рәсімдеудегі бюрократиялық кедергілер, сондай-ақ ескірген инфрақұрылымның цифрландыруға дайын болмауы сияқты жүйелі мәселелер де бар. Жаңа технологиялар әлі күнге дейін ескі жабдықтар мен бағдарламалар қолданылып отырған ортаға енгізілуде, бұл өз кезегінде даму қарқынын баяулатады.

Осы түйткілдерді жүйелі түрде шешу Қазақстанның IT және жасанды интеллект саласындағы әлеуетін толық іске асыруына мүмкіндік бермек.