«Қазақстанның білім жүйесіне не жетпейді?» деген сұраққа жауап іздедік - Күләш Шәмшидинова
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Қазақстанның білім беру кеңістігінде түбегейлі өзгеріс жасаған жобалардың бірі — Назарбаев Зияткерлік мектептері. Бұл жүйе бүгінде халықаралық деңгейде мойындалған білім брендіне айналды. Бұрынғы Білім және ғылым министрі, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы болған Күләш Шәмшидинова бұл реформаның сәтті болу себебін түсіндірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
- Реформа туралы айтып жатырмыз ғой, білім саласына енгізілген ең бір сәтті реформалардың бірі беп – Назарбаев зияткерлік мектептерінің ашылуы деуге болатын шығар және сіз оның басы-қасында өзіңіз болдыңыз. Басқардыңыз. Реформаны сәтті жүзеге асыруға не себеп болды, кімдер кеңес айтты?
- Үлкен жүйеге реформа жасау өте ауыр. Себебі, бұл жерде адамға қатысты, балаға қатысты дүние болады. Сондықтан кез келген дүниені жасағанда ойлана отырып жасайсыз. Назарбаев зияткерлік мектептерінде біз «Қазақстанның білім жүйесіне не жетпейді?» деген сұраққа жауап іздедік. Дүниежүзілік үздік білім жүйелерінде не жақсылық бар екенін қарадық. Әрине, біреуден бірдеңені көшіріп алуға болмайды. Әр мемлекеттің өзінің тілі бар, діні мен дәстүрі бар.
Осыған байланысты біз бірінші кезекте «Балалар алған білімін қалай пайдалануы керек? Ол үшін не істеу керек?». Яғни, бәрін мұғалімнен бастадық. Мұғалімдерді қайта оқыттық. НЗМ химия, биология, физика бағытындағы мектептер ғой. Сондықтан баланы конкурста іріктеу кезінде біз «кейін оқу бағдарламасын меңгере ала ма, жоқ па» деп ойладық. Іріктеу кезінде осы сұраққа жауап алдық. Екінші мәселе, бала бұл мектепке келгенде адалдыққа сеніп келуі керек. Бұл мектептің адал қабылдайтынына сеніп келу керек. Сондықтан да конкурстық іріктеудің бүкіл процесін реттедік. Яғни, ешкімнің қатысы болмайды. Тек баланың таланты мен талабы жеңеді. Міне, осылай адалдықпен келу керек. Содан кейін келген баланы мектептегі мұғалім мейіріммен қарсы алады.
Бала мектепке келгенде «Мұғалім маған жақсылық тілеп тұр» деп сеніп келуі керек. «Мұғалім маған көмектеседі, мұғалім менімен бірге. Мен оқи алсам да, оқи алмасам да менімен бірге» деген сеніммен келуі керек. Кез келген дүниенің басында адами қарым-қатынас тұрады. Сондықтан 2009 жылы ең алғаш ашылған мектепте жиналысқа келгенде мұғалімдердің қабағы түйіліп отыратын. Сол кезде «Сіздердің қабақтарыңыздан бастықтарыңыз мен қорқам, балалар қалай оқиды?» деп сұрайтынмын. Мейірімділік деген барлығын жасауға мүмкіндік беру деген сөз емес, талап та қоя білу керек. Одан кейін НЗМ-де біз білім береміз, бірақ баланың қаншалықты жақсы білім алғанын сырттан бағалау жүйесі қарасын. Біз емтихан алмаймыз. Емтиханды кембридждік бағалау жүйесі арқылы алады. Сонда ғана белгілі бір жетістікке жетуге болады.
Мысалы, НЗМ-де мұғалімдер бағасын қояды, біз мониторингке өткіземіз. Мониторинг пен мұғалімдердің қойған бағасын салыстырамыз. Егер екі баға сәйкес келсе, бұл – ең мықты мұғалім. Кейде баға жоғары болуы мүмкін, кейде төмен болуы мүмкін. Сол кезде мұғалім өзі де қатесін түсінеді. Келесі – бағалау жүйесі. Бағалау жүйесінде біз мұғалімдерге «Сіз бағаны балаларды бір-бірімен салыстырып қоймаңыз» деп айтамыз. Сіз бағаны баланың жетістігімен салыстырып қойыңыз. Яғни, баға әділетті болуы керек және түсінікті болуы керек. Біз критериалды бағалау жүйесіне көшкен кезде біздің сапамыз күрт түсіп кетті.
Бірақ біз қамқоршылық кеңесіне айттық. Біз бір жылдың ішінде жөндейміз, қазір шыдау керек. Біртіндеп бағалар да жөнделді. Себебі, мұғалім баланы бағалаған кезде баланы басқамен салыстырып қарамайды. Бала стандартқа байланысты білім бағдарламасын қаншалықты меңгерді, қаншалықты меңгерген жоқ. Меңгермеген дүниесін үйрету үшін не істеу керек деген сұраққа жауап алдық. Яғни, менің айтқым келгені кез келген жүйе жұмыс істеуі үшін адамгершілік, адалдық керек. Содан кейін жауапкершілік керек. Мұғалімдер тарапынан, оқушылар мен ата-аналар тарапынан. Қалай біз критериалды бағалау жүйесіне көштік, ата-аналар тарапынан балалардың бағасына байланысты сұрақтар күрт азайды деуге болады.

