Жаңалықтар

Қазақстанның барлық мектептерінде ата-аналар жиналысы өтеді

Қазақстанның барлық мектептерінде ата-аналар жиналысы өтеді
Фото: Оқу-ағарту министрлігі 23.09.2024 18:13 478

23-27 қыркүйек аралығында еліміздің барлық мектептерінде балалардың қауіпсіздігіне арналған ата-аналар жиналысы өтеді. Жиналыста ата-аналардың бала өміріндегі, сондай-ақ онлайн кеңістіктегі қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілігі туралы сөз қозғалады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Ата-аналарға қауіп-қатерлерді дер кезінде қалай анықтау және оларды болдырмау үшін қандай шаралар қолдану керектігі туралы қадамдық ұсынымдар беріледі. Олардың ішінде - баланың мінез-құлқын бақылау, әлеуметтік желілердегі белсенділік мониторингі, мектеп ортасындағы құрдастарымен қарым-қатынасы кіреді. Бұдан бөлек, мамандар баламен тұрақты қарым-қатынас жасаудың, ашық диалог үшін сенімді орта құрудың және ата-аналардың баласының өміріне ұдайы қатысуының маңыздылығына назар аударды.

Бала қауіпсіздігі ата-ана, педагог, әрбір ересек адам үшін басымдыққа ие болуы тиіс. Баламен ашық диалог құру, оның өміріне ұдайы қатысып отыру, цифрлық құрылғыларды бақылау және баламен қауіпсіздік тақырыбында әңгімелесу - бұл проблемалардың алдын алуға көмектесетін негізгі қадамдар. Ата-аналардың міндеті тек баланың жүріс-тұрысын бақылап қана қоймай, сонымен қатар өз баласымен оны әрқашан тыңдауға және көмектесуге дайын екенін білдіретін сенімді қарым-қатынас қалыптастыру. Бала біздің болашағымыз, олардың саламаттылығын сақтау тікелей бізге байланысты, - деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.🔒

Естеріңізге сала кетейік, биылғы оқу жылынан бастап білім беру ұйымдарында апта сайын сынып сағаттары аясында «Қауіпсіздік сабақтары» өтуде, сабақ кезінде интернеттегі тәуекелден қорғану, өзін-өзі сақтау дағдыларын дамыту және түрлі қауіп-қатерлер жағдайында дұрыс әрекет ету тақырыптары қамтылуда. Сондай-ақ балалар мен ата-аналар және педагогтер үшін психологиялық, құқықтық және әдістемелік кеңес алуға болатын психологиялық қолдау орталықтары ашылды.

Ал балаларға жасалған қатыгездікке куә болсаңыз, тәулік бойы қызмет ететін «111» нөміріне хабарласуға болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға