Жаңалықтар

Қазақстанның бағыты айқындалды ма: елімізде концерті өтпей қалған ресейлік артистер кімдер?

Қазақстанның бағыты айқындалды ма: елімізде концерті өтпей қалған ресейлік артистер кімдер?
Фото: instagram.com/gagara1987 25.09.2023 16:17 1408

Ресей билігі Украинаға соғыс ашқалы танымал тұлғаларына да шектеулер көбейді. Бұрынғыдай емес, қазір ресейлік өнер иелері де жер-жерде концерт беруден қалды. Сондықтан негізінен ТМД елдерін жағалап жүр, Қазақстанға келуді де жиілетті.

Бірақ соңғы кездері Украинадағы соғысты қолдайтын әртістерге елімізде де есік жабылғаны байқалуда. Жақында ғана Донецкке барып өнер көрсеткен «Камызяки» тобының концерттері өтпейтін болды. Сонымен қатар Ресец президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтің әйелі Татьяна Навканың концертіне билеттер сатылу да тоқтатылды. Осы орайда El.kz ақпараттык агенттігі елімізде ресейлік қандай жұлдыздардың концерті өтпей қалғанын еске түсіріп өтуді жөн көрді.

Полина Гагарина

Ақпан айының орта тұсында «Евровидение» байқауында екінші орын алған Полина Гагарина Қазақстанда концерт беретіні белгілі болды. Әнші қазақстандық жанкүйерлерін Алматыдағы «Алматы Арена» кешенінде жинамақ болған. Алайда жергілікті халық Ресей билігінің әрекетін қолдап түрлі концерттерге қатысып жүрген Гагарина елімізге келмесін деп жариялады.

«Жара» фестивалі

Естеріңізде болса, наурызда Алматыда Егер Крид, Ани Лорак, Сергей Лазерев секілді әншілердің қатысуымен «Жара» фестивалі өтуі тиіс болатын. Алайда қазақстандықтар бұл концертке қарсы шығып, ұйымдастырушылар көп ұзамай-ақ аталған іс-шараның кейінге қалдырылғанын мәлімдеді.

Лариса Долина

Долина да концертін ақпанда өткізуді жоспарлаған. Ал Қарағандыдағы циркте «Лучшая» деген кешін көпшілік назарына ұсынбақ болатын. Алайда Владимир Путиннің бастамасын қолдайтын концерттерге тұрақты түрде қатысатын Лариса Долинаның жеке концертін елімізде өткізу қисынсыз деп, ұйымдастырушылар да бас тартты.

Григорий Лепс

Ресей әскерін қолдап, тіпті Украинада танк жойған адамға қомақты қаражат беретінін айтып мақтанған Лепстің шілдеде Қонаев қаласында кеші өтуі тиіс еді. Дегенмен жергілікті тұрғындар ресейлік әртістің келуіне қарсылығын білдіріп, ұйымдастырушылар келісімшартты бұзғанын және билеттер толық қайтарылғанын мәлімдеді.

«Камызяки»

Қандасымыз Азамат Мұсағалиев бастаған «Камызяки» тобы Алматы мен Астанада бірнеше концерт өткізуі керек болған. Дегенмен олардың Донецкіге барып, ресейлік әскердің алдында концерт қойғаны қазақстандықтардың ашуын туғызды, тиісінше концерттеріне тыйым салуды талап етті.

«Камызяки» ұжымы әртістерінің көпшілік алдында жасаған әрекеттеріне жұртшылықтың қарсылығын ескере отырып, ұйымдастырушылар тобы «Камызяки» командасының Қазақстандағы жеке концерттерін толығымен тоқтату туралы шешім қабылдады, – делінген ұйымдастырушылар таратқан мәліметте.

«Камызяки» ұжымы Алматыда 5 қазанда, Астанада 7 және 8 қазанда концерт өткізуі керек болған.

«Непара» тобы

Ресейдің Украинаға шабуылын ашық түрде қолдайтын «Непара» Қазақстанда концерт береміз деген. Олардың кеші 27 қазанда өтуі тиіс еді. Алайда концертке билеттер сатылымнан алынып, ресейлік топ елімізге келмейтін болды.

Татьяна Навканың шоуы

Алматыдағы ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Татьяна Навканың шоуына билеттер сатылымы тоқтатылды.

«Алматы Арена» кешенінің концерт бөлімінің әкімшілігі таратқан ақпарат бойынша, ұйымдастырушылар концертті өткізбеу туралы шешім қабылдаған.

«Шахерезаданың махаббат тарихы» шоуы желтоқсанның соңына жоспарланған болатын.

Татьяна Навка – ресейлік мәнерлеп сырғанаушы. Роман Костомаровпен жұптасып 2006 жылғы Олимпиада ойындарында, 2004 және 2005 жылдардағы әлем чемпионаттарында жеңімпаз атанған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға