Жаңалықтар

Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары бекітілді

Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары бекітілді
Фото: Ақорда 07.08.2024 16:36 573

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын бекітті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Құжатта 2023 жылы мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына жолдауында орнықты, сапалы және инклюзивті өсу траекториясына шығу мақсатында экономикалық дамудың жаңа парадигмасын іске асыру қажеттігін белгілеп бергені атап өтілген.

«Орташа табыс тұзағынан» құтылу және Қазақстанның табысы жоғары елдер қатарына орнығуы үшін берік институционалдық және әлеуметтік- экономикалық негіздерді қалыптастыру – орта мерзімді кезеңге арналған дамудың негізгі мақсаттары. Жаһандық экономикалық, климаттық және технологиялық мегатрендтердің артып келе жатқан қысымы, сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық салада жинақталған теңгерімсіздіктердің қауіпті деңгейі жағдайларында қойылған міндетке қол жеткізу міндеттерге басымдық беруді және елді дамытудың жаңартылған орта мерзімді жоспарын қалыптастыруды талап етеді, – делінген құжат мәтінінде.

Қазақстан Республикасының 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары шеңберінде экономикалық қайта құрулардың негізінде жатқан бес бірізді қағидат айқындалды:

  • Жаһандық бәсекеге қабілеттілікті арттыру және тауарлар мен қызметтердің сапасын жақсарту үшін бәсекелестікті ырықтандыру әрі ынталандыру;
  • Кәсіпкерлікті қорғау және дамыту, сондай-ақ экономиканың өсуі үшін оны жеткілікті инвестициялармен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін инвесторлар үшін түсінікті, болжамды және тартымды экономикалық саясат;
  • Сапалы білім беруді қамтамасыз етуге және кәсіпкерлік пен шығармашылық бастаманы қолдауға баса назар аудара отырып, қазақстандықтардың әлеуетін ашу;
  • Инновациялық белсенділікті кеңейту, салалар мен кәсіпорындарды жаңғырту және цифрландыру арқылы экономиканың өнімділігі мен күрделілігін арттыруға баса назар аудару;
  • Өңірлердің дамуында аса үлкен алшақтыққа жол бермеу және өңірлердің өз әлеуетін әрі үлкен экономикалық дербестігін іске асыруы үшін жағдай жасау.

Осы жарлық қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға