Оқу-ағарту министрлігі

Қазақстанның 200 мың педагогі ChatGPT Edu жобасына қосылады

11.03.2026 12:43

Оқу-ағарту министрлігі ChatGPT Edu пилоттық жобасын іске қосуға дайындалып жатыр. Жоспар бойынша, 2026 жылы бұл бастама 200 мың педагогті қамтиды. Негізгі мақсат - мұғалімдердің күнделікті жұмыс жүктемесін жеңілдетіп, жасанды интеллект құралдарын тиімді қолдануды үйрету.

Қазір білім беру саласын цифрландыру бағытында жүйелі жұмыс жүріп жатыр. QazTech платформасы негізінде Ұлттық білім беру дерекқоры жаңартылуда. Ол алдағы уақытта электрондық күнделіктерге арналған бірыңғай базаға айналып, оқушылардың цифрлық бейінін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге барлық қызметтерді біріктіретін Ұлттық білім беру платформасын құру жоспарланған. Бұл білім саласындағы әртүрлі жүйелер мен мемлекеттік қызметтерді бір ортаға жинап, деректер мен жасанды интеллектке сүйенген жаңа басқару тәсілдеріне көшуге жол ашады.

Меморандумға сәйкес, министрлікке ChatGPT Edu бойынша 100 мың лицензия бөлінген. Оның ішінде 5 мыңы мектепке дейінгі ұйымдарға, 85 мыңы мектептерге, 10 мыңы колледждерге қарастырылған. Жылдың екінші жартысында лицензиялар қайта бөлініп, тағы 100 мың мұғалімге ұсынылады. Нәтижесінде 2026 жылы 200 мың педагог жасанды интеллект құралдарын тәжірибеде қолдану дағдыларын меңгереді.

Жоба аясында әр мұғалімге жеке «ақылды көмекші» ұсынылады. ChatGPT Edu бірнеше минут ішінде сабақ жоспарын әзірлеуге, тапсырма мен тест құрастыруға, оқу материалдарын оқушылардың деңгейіне қарай бейімдеуге және оларды қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде дайындауға мүмкіндік береді. Сабақ барысында күрделі тақырыптарды қарапайым тілмен түсіндіруге, өмірлік мысалдар келтіруге, сабақты пікірталас, бірлескен жоба немесе зерттеу форматына бейімдеуге көмектеседі.

Сонымен қатар жүйе бағалау өлшемдерін жасауға, оқушылардың жұмыстарын алдын ала талдауға және әрқайсысына жеке кері байланыс дайындауға қолдау көрсетеді. Бұл ретте қорытынды бағаны әрдайым мұғалімнің өзі қояды. Жалпы, жоба педагогтердің кәсіби дамуына серпін беріп, оқу процесіне заманауи цифрлық және жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңінен енгізуді көздейді.