pixabay.com

Қазақстанға сәуір-мамыр айларында тағы төрт амур жолбарысы әкелінеді

11.03.2026 17:02

Қазақстанға сәуір-мамыр айларында Ресейден тағы төрт амур жолбарысын әкелу жоспарланып отыр. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев журналистерге мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Қазақстанға бұған дейін әкелінген жолбарыстар вольерлік жағдайда өздерін жақсы сезінеді.

Өткен жылы 23 желтоқсанда жолбарыстардың жұптасуы болды. Алайда ұрықтану болған жоқ. Биыл жылдың басында бұл процесс тағы да тіркелді. Осы жолы осы жұптан төл аламыз деп үміттенеміз, – деді Ерлан Нысанбаев.

Оның айтуынша, Ресей тарапымен жасалған келісімге сәйкес, 2026 жылдың сәуір–мамыр айларында Қазақстанға тағы төрт амур жолбарысы жеткізіледі. Осылайша елде алты жолбарыс жиналып, тұран жолбарысының популяциясын қалпына келтіру жұмыстары басталады.

Айта кетейік, 2024 жылдың қыркүйегінде тұран жолбарысын қайта жерсіндіру жобасы аясында Қазақстанға Нидерландтан екі амур жолбарысы – Богдан мен Кума әкелінген болатын.

Қазіргі таңда Қазақстан Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) және БҰҰ Даму бағдарламасымен (ПРООН) бірлесіп, «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты аумағында тұран жолбарысын табиғи ортаға қайта жерсіндіру жобасын жүзеге асырып жатыр. Тұран жолбарысының ең жақын туысы – амур жолбарысы.

Жобаны іске асыру үшін Экология министрлігі 2025 жылдың басында 1 млрд теңгеден астам қаржы сұраған.