Жаңалықтар

Қазақстанға санкция салына ма? Сыртқы істер министрлігі жауап берді

Қазақстанға санкция салына ма? Сыртқы істер министрлігі жауап берді
Фото: © ОКҚ 20.07.2023 15:00 835

Қазақстанға санкция салынады деген қауіп жоқ. Бұл туралы сыртқы істер министрінің орынбасары Алмас Айдаров айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингтің сұрақ-жауап бөлімінде журналистер АҚШ Қырғызстанға санкция салғалы жатқанын еске салып, Қазақстан да осындай проблемаға тап болмай ма деп сұрады.

Алмас Айдарұлы Ресейге қарсы алғаш рет санкция салынғаннан бері Қазақстан бұл процесті белсенді бақылап отырғанын мәлімдеді.

Біз санкциядан жалтару үшін арнайы әрекетке бармайтынымызды үнемі айтып жүреміз. Бірақ Ресеймен дәстүрлі экономикалық байланысымызды жалғастырып келеміз. Біз ештеңе жасырмаймыз. Сол себепті қазір соңғы санкциялар пакетінде біздің компанияларға, Қазақстанға қатысты қауіп көріп тұрған жоқпыз, - деді ол.

Сондай-ақ Алмас Айдаров Сыртқы істер министрлігі Қазақстанға қатысты санкция енгізуге ешқандай алғышарт көріп тұрмағанын айтты.

Соңғы пакетте мұндай жоқ. Біз Қазақстан тәуекел аймағына кірмеуі үшін алдын алу жұмыстар жүргіздік. Біз барынша ашықпыз және ынтымақтасуға дайынбыз, - деді сыртқы істер министрінің орынбасары.

Сонымен қатар ол өткен жылдан бастап Қазақстан Ресейге әскери мақсаттағы тауарларды жеткізуге мүлде тыйым салғаны жайлы айтты. Ал қос мақсаттағы тауарлар бойынша сертификаттау енгізілген, яғни тауарды шығару үшін арнайы лицензия қажет. Электронды шот-фактуралар арқылы Қазақстан аумағы арқылы немесе Қазақстаннан жеткізілетін барлық санкциялық тауар қадағаланады.

Егер біз осындай тәуекелдерді байқасақ, ешқандай тарихы жоқ, бір күндік компаниялар анықталып жатады. Оларды тоқтату үшін шаралар қабылдаймыз. Сонымен қатар Мемлекеттік кірістер комитетінің барлық жүйесінде тәуекелдерді басқару жүйесі енгізілген. Ол жаңа санкциялық талаптарға байланысты жаңа білімдермен толығады. Жүйе бір күндік компаниялар мен фирмаларды анықтайды, оларды тоқтату жұмысы жүргізіледі, - деді Алмас Айдарұлы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға